Руханият
4 мин оқу 0

Ананың аманаты

<p style="text-align: left;">Қайбір күні автобуста келе жатқанда құлағыма таныс бір әуен келді. Бір жерден естіген секілдімін. Біртүрлі белгілі әуен, жан дүниемді шымырлатып барады. &laquo;Әлди де әлди, Толғанай, Әлдидің мұңлы болғаны-ай&raquo; деген жеріне келгенде ғана есіме түсті. Тоқса&shy;ныншы жылдары телеарнадан, радио&shy;дан жиі қойылатын, ел арасына кең таралған, тіпті аңызға да айнал&shy;ған Әбиірбек Тінәлінің &laquo;Толғанай&raquo; толғауы.</p>

Ананың аманаты

Ол кезде бастауышта оқи­т­ын баламын. Әжем осы толғауды тым жақсы көретін. Радиодан орындала қалса істеп отырған жұмысын тас­­тай салып, радионың дауысын көте­рің­кіреп, орамалының шетін түрің­кіреп, құлақ түретін. Сондай мұңды, сондай зарлы ән еді.

«...Жан еді анаң ақылды,

Толғатып жатып шақырды.

Жеткізді әрең үздігіп,

Аманат сөзін ақырғы:

Тәңірім жете қолдамай,

Өмірім келте болғаны-ай,

Қыз еді көптен күткенім,

Атағын оны Толғанай...»

Әннің осындай мұңлы тұста­ры­на келгенде Толғанайдың тағ­ды­рына алаңдап, көпшілікке білдірмей көз жасын сығып алатын. Бала болғасын ба, ол кезде ештеңе­нің байыбына бара қоймадық. Кейін арман қуып Алматыға келгенде Бағдат жездемнің үйі­нен «Ән әлемінің Әбиірбегі» деген кітапты тауып алдым. «Толғанай» толғауы, сон­дай-ақ «Желтоқсан желі», «Фариза қыз» әндері­мен таныл­ған композитор Әбиірбек Тінәлі туралы кітап екен. «Толғанай­дың» тарихын осы кітаптан оқып-
білдім.

Әбиірбек әншінің мектепте бірге оқы­ған Қизат деген досы болыпты. Жаз бойы гастрольдетіп, Таразға келген сәтінде Әбиір­бек досының жұбайы Рымкештің қайтыс болғанын естиді. Хабарды жеткізуші оған Рым­кештің «баладан кеткенін» айтады. Басын­да ештеңе түсінбей, абдырап қалған сазгер кейін оқиғаның қалай өрбігенін біледі.

Қизат пен Рымкештің екі ұлы бар болатын. Алайда Рымкеш екі ұлдан кейін қызды болғысы келе­ді. «Жанымда жүрер қол­қана­­тым болса» деп армандайды. Алайда ден­сау­лығына байла­ныс­ты дәрігерлер оған үшін­ші пер­зентін көтеруге де, босануға рұқсат етпейді. Соған қарамастан Рым­кеш тәуекелге бел буады. Алла­ның қалауымен бала көтеріп, ай-күні жақындағанда Тараз­дағы перзентханаға жатады. Дәрігерлер Рымкешті кесарь тілігі арқылы босандырады. Сәби аман-есен өмірге келеді. Тіпті дәрігерлер анасының сәбиін қасына жатқызып, сүйінші де сұрайды. Алайда баласының бетіне бір қарап жымиған күйі Рымкеш тіл тартпай ке­теді. Шырылдаған сәбиін құшақтап, Қизат қала береді. Рым­кештің өзі де дәрігер еді. Ол бұл тәуекел­дің түбі немен аяқталарын жақсы білді. Алайда қыз әкелсем деген арманы оның өмірінен де биік тұрады. Арманы орындалып, қызын бір көреді де, бақиға аттанып кете барады.

Бірде Рымкештің абысыны үй жинастырып жүргенде бөлменің бір бұрышынан екі чемодан тауып алады. Екеуіне де қызына арнап түрлі әдемі көйлектерді жинап қойыпты. Бірінің бетінде хат бар екен. Хатта: «Сендерге аманат өтінішім бар. Егер қызды болып, өзім өмірден өтіп кетсем, атын Тол­ғанай қойыңдар», деп жазып кетіпті.

Осы оқиғаны естіген соң Әбиір­бек әбден күйзеледі. Біресе жарынан айырылған досы Қизатты, біресе туа салып анасынан ажыраған Тол­ға­найдың тағдырын ойлайды. Көз алдына сәбиін құшақтаған Қи­зат­тың «Әлди де әлди, Толғанай» деген зарлы үні келеді. Бірте-бірте сол үн мұңлы әуенге айналады. Осы­лайша, өмірге «Толғанай» әні келе­ді. Әннің сөзін белгілі ақын Әбді­рахман Асылбековке жаздырады. Әбдірахман да Әбиірбектің әңгі­месін естіген соң қатты әсерле­неді. Бір-ақ күнде ән сөзін жазып, сазгердің қолына ұстатады. Сөйтіп, Әбиірбек досы Қизатқа көңіл айтып, Жамбыл телеарнасы арқылы «Толғанай» әнін тұңғыш рет орындайды.

«...Өлсем де енді өкінбен,

Өлімге бастан бекінгем.

Арман сол кетіп барамын,

Қызымды көрмей жетілген.

Өзіңе қызым аманат,

Жүрмесін жылап, аналап.

Көзіне шұқып, жетім деп,

Түртпесін біреу табалап...»

Сол күннен бастап «Толғанай» аңызы ауыздан-ауызға тарап, әннің атағы аспандайды. «Толғанай» бір ғана шаңырақтың қай­ғысы болмайды. Талай адамды тол­ғандырады, талай адамның сай-сүйегін сырқыратады. Оқуды бітіріп, қызметке енді араласа бастағанда әйгілі әннің авторлары Әбиірбек Тінәлімен де, Әбдірах­ман Асылбековпен де жүздестім. Екеуінен де әннің кейіпкері Толға­най туралы сұрадым. Кітапта жа­зылған деректен артық ештеңе айтпады. Телефон нөмірін, мекенжа­йын да бере қоймады.

Арада ұзақ уақыт өткен. Бір күні Әбиір­бек аға өзі хабарласты, Толғанайдың телефон нөмірін та­уып берді. Бірақ ол кезде хабарласуға батпадым. Кейін қойын дәптерімді ақтарып отырсам, Толғанайдың нөмірі шыға келді. Хабарластым, тұтқаны белгілі әннің кейіпкері Толғанайдың өзі көтерді. Бір үйдің отанасы болыпты, бала-шағасы да бар екен. Бұрынғы ескі жараны қайта қозғағысы келмеді. Мен де артық сұрақ қоймадым. Толғанайдың тірі екенін біліп, үбірлі-шүбірлі болып, көппен бірге жасап жатқанына қуандым. Марқұм әжем естісе, ол да қуанар еді...

Бөлісу:
Ананың аманаты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар