Сенсация: Оңтүстік Африка Республикасы алғаш рет плей-офф кезеңіне жолдама алды
<p>Әлем чемпионатының А тобындағы соңғы тур матчында Оңтүстік Африка Республикасы Оңтүстік Кореяны 1:0 есебімен жеңіп, тарихында алғаш рет плей-оффқа шықты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Мексиканың Гуадалупе қаласында өткен кездесудің тағдырын 63-минутта соғылған жалғыз гол шешті.
Ойын алдында Оңтүстік Корея құрамасы фаворит саналған болатын. Сон Хын Мин бастаған команда алғашқы екі турдан кейін 3 ұпай жинаса, ОАР құрамасының еншісінде 1 ғана ұпай болған еді.
Кездесудің алғашқы бөлігінде Оңтүстік Корея допты көбірек бақылауда ұстағанымен, қауіпті сәттерді негізінен африкалық футболшылар ұйымдастырды.
Екінші таймда ОАР шабуылды үдете түсті. Матч тағдырын 63-минутта Тапело Масеко шешті. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Цепо Моремидің сол қапталдан берген пасын Масеко дәл соққымен аяқтап, командасын алға шығарды.
Қалған уақытта Оңтүстік Корея есепті теңестіруге тырысқанымен, қарсылас қорғанысының сырын аша алмады. Нәтижесінде матч 1:0 есебімен аяқталды.
Осылайша ОАР құрамасы 4 ұпай жинап, өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Топтағы екінші матчта Мексика Чехияны 3:0 есебімен жеңгеннен кейін африкалық ұжым турнирдің келесі кезеңіне өтті.
Ал үш ұпаймен қалған Оңтүстік Корея құрамасы топта үшінші орынға тұрақтады. Енді азиялық команда плей-оффқа шығу үшін үшінші орын алған үздік сегіз құраманың қатарына енуі қажет.
Еске сала кетейік, әлем чемпионатының 1/16 финалдық матчтары 28 маусым мен 3 шілде аралығында өтеді. Ал 1/8 финал ойындары 4-7 шілде аралығында жоспарланған.