Қазақтың мерген қыздары
<p style="text-align: left;">Екінші дүниежүзілік соғыста әйелдер де ерлігімен көзге түсті. КСРО бойынша соғысқа 800 мыңға жуық қыз-келіншек алынса, соның 8 мыңға жуығы қан майданға қазақ даласынан аттанды. Тарихшы Бақтылы Боранбаеваның айтуынша, бір ғана Орал өңірінен соғысқа 1 200 қыз-келіншек алыныпты. Сол қыздардың арасында құралайды көзге атқан мергендер де болды.</p>

Әскери тарихшы Жұмабай Доспанов құрастырған алты томдық «Қазақстанның майдангер әйелдері» тарихи-деректі кітабының ІІ томында қазақтың төрт мерген қызының есім-сойы аталады. Олар – Әлия Молдағұлова, Әлима Ғабдушева, Мүслима Қожахметова, Мәлика Тоқтамысова. Төртеуінің ішіндегі елге танымалы – Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова.

Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған Әлия жастайынан жетім қалады. Сосын туыстарын паналап, алдымен Алматыда, сосын Мәскеу мен Ленинградта тұрады. 1942 жылы Әлия Рыбинск әуе техникумына оқуға түседі. Алайда сол жылы өз еркімен соғысқа сұранып, техникумды аяқтай алмайды. 1942 жылғы наурызда КСРО Қорғаныс халық комиссариатының бұйрығымен Мәскеу түбіндегі Вешняки мекенінен Орталық мерген қыздардың мектебі құрылады. Кейін мектеп Подольск қаласына көшіріледі. Әлия алғашқылардың бірі болып осы мектепте оқып, мерген куәлігін алады. Сөйтіп 1943 жылғы шілдеде 2-Прибалтика майданына аттанып, 22-армия құрамындағы 54-жеке атқыштар бригадасы құрамында шайқасады. Баспасөз беттерінде Әлияның жаудың 78 сарбазы мен офицерін мерт қылғаны жазылып жүр.
1944 жылғы қаңтарда 54-атқыштар бригадасы Новосокольники қаласындағы жау қорғанысын талқандайды. Мергендер тобы қорғаныс шебін бұзып, бригаданың алға жылжуына жәрдем береді. Осы шайқаста Әлия жан аямай күресіп, ерлікпен қаза табады. 1944 жылғы маусымда ефрейтор Молдағұловаға Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.
Әлия секілді аты шықпаса да, соғыста мергендігімен танылған үш қазақ қызы бар. Олар – Әлима Ғабдушева, Мәлика Тоқтамысова, Мүслима Қожахметова. Үшеуі де – Орал өңірінің тумасы. Үшеуі де 1924 жылы туған. Үшеуі де 1943 жылы Оралдағы әскери комиссариаты арқылы әскерге алынған. Тарихшы Бақтылы Боранбаева үш қыздың да Подольск мергендер мектебінде оқығанын айтады. Тіпті Мүслима сонда Әлиямен танысқан екен. «Мүслима Қожахметова өзінің естелігінде Подольск мергендер мектебіне оқуға қабылданғанда Әлияны көргенін жазады. Әлияның оқуды бітіріп, майданға кеткелі жатқан кезі екен. «Дәлізде тұрған маған келіп: «Қазақ қызысың ба? Қайдан келдің?» – деп сұрады. Мен Оралдан екенімді айттым. Сонда Әлия: «Ендеше жерлесім екенсің», – деп, маған амандық тіледі. Әлияны алғашқы да соңғы көргенім осы болды. Одан кейін Әлияның майданда қаза тапқанын естідік. Сол кезде біз «Әлия үшін жаудан кек аламыз» деп ант еттік», деп жазады естелігінде. Әлима мен Мәлика апайлардың да өз қолымен жазған қысқа естеліктері бар. Алайда оларда Әлияны көргенін жазбаған. Соған қарағанда Әлиямен таныс болған Мүслима апай ғана» дейді Бақтылы Боранбаева.
Архив құжаттарында Мүслима Қожахметованың есімі Мария Галиева деп жазылған. 1943 жылы мергендер мектебін бітірген соң, майданға аттанған. 29-гвардиялық атқыштар дивизиясының жеке гвардиялық атқыштар оқу батальонының мергені, гвардия ефрейторы Қожахметова Зимари деревнясын алу кезінде 2 немісті жер жастандырып, 1944 жылғы мамырда «Жауынгерлік еңбегі үшін» медаліне ие болған. Ал 1944 жылғы 13–26 қараша аралығында 379-атқыштар дивизиясының 1253-атқыштар полкінің мергені Қожахметова ауа райының қолайсыздығына қарамастан тағы да 2 фашистің көзін жойған. Осы қайсарлығы үшін 1944 жылғы желтоқсанда Мүслимаға «Ерлігі үшін» медалі берілген. Сондай-ақ бұл кезде оның шені гвардия ефрейторынан гвардия сержантына жоғарылағанын байқаймыз. 1945 жылғы мамырда мерген қызға ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені берілген. Марапаттау қағазында 3-Екпінді Армия құрамындағы армиялық мергендер ротасының жауынгері Мүслима Қожахметованың майдан даласында винтовкасымен 14 неміс солдаты мен офицерін жойғанын айта келіп, Одер өзені бойындағы жау қорғанысын бұзу кезінде табандылық танытқаны үшін 1945 жылғы мамырда ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне ие болғаны көрсетілген.

Ефрейтор Әлима Ғабдушева да соғыста мергендігімен көзге түсті. Әлима 1943 жылы мергендер мектебін бітіріп, майданға алынған. Соғыста 1-Балтық майданындағы 43-армияның 145-атқыштар дивизиясы 403-атқыштар полкінде мерген болған. Майданға қосыла салысымен 1944 жылғы сәуірде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Марапаттау қағазында бұл медальдың Әлимаға бірнеше күндік мергендік жорық барысында 5 фашисті жойғаны үшін берілгені жазылған. Ал осы жылдың тамыз айында Қызыл жұлдыз орденін кеудесіне таққан. «...Шайқастарға қатыса отырып, жолдас Ғабдушева өзін батыл да ержүрек жауынгер ретінде көрсетті. Онкиты мекені үшін болған ұрыста, қарсыластың қарсы шабуылы кезінде өзінің мерген винтовкасымен 3 гитлершіні жойып, сол арқылы біздің жаяу әскердің алға жылжуына ықпал етті. Қорғаныста болған кезде оның есебінде жойылған 18 фашист бар» делінген марапаттау қағазында. Сондай-ақ 1985 жылғы сәуірде Әлимаға II дәрежелі Отан соғысы ордені де берілген болатын.
Майданда ерлік көрсеткен тағы бір мерген қыз – Мәлика Тоқтамысова. Ефрейтор Тоқтамысова майданда 145-атқыштар дивизиясының 599-атқыштар полкінің мергені болған. Мәликаның майдандағы өжеттігі лайықты бағаланып, 1944 жылғы мамырда «Ерлігі үшін» медалін алған. Марапаттау қағазында бұл медальдың Мәлика Ғұмарқызына «1944 жылғы 10 сәуір мен 5 мамыр аралығында көріну мүмкіндігі өте шектеулі және атуға қолайсыз күрделі жағдайларға қарамастан, 5 неміс солдаты мен офицерін жойғаны үшін» берілгені жазылған. Бақтылы Боранбаеваның жазуынша, осы жылдың маусым айында Беларусь жеріндегі шайқаста қаза тауып, денесі Витебск облысының Городок ауданында жерленген. Оралдан майданға аттанған арулар арасында Мәликаға ғана елге аман оралу нәсіп болмады.
Кейінгі жылдары қазақтың тағы бір мерген қызы Баян Байғожинаның есімі жиі аталып жүр. Баян қазіргі Абай облысының Абай ауданында өмірге келген екен. Соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанып, Беларусь, Литва, Польша және Германияны азат ету жолындағы шайқастарға қатысыпты. Бір өзі жаудың 15 солдаты мен офицерін жер жастандырып, 1945 жылы Гинденбург қаласын азат ету кезінде ерлікпен қаза тауыпты. Соғыстағы ерлігі үшін Баян мерген «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталыпты. Алайда «Правда» газетінің 1945 жылғы №57 санындағы П.Кузнецовтың «Девушка из Чингиз-тау» мақаласынан басқа, Баянның жоғарыдағы марапаттарын дәлелдейтін нақты құжаттар табылмай тұр. Майдандағы әйелдер тақырыбын індете зерттеген Дина Игсатова кезінде Баян жайында: «…Қазақстанның көптеген қыздары арнайы курстардан өтіп, майданда мерген атанды. Солардың қатарында Абай ауданындағы Архат ауылының тумасы, ефрейтор Баян Байғожина бар. Баян 1923 жылы дүниеге келген, ұлы Абайдың ұрпақтарынан тарайтын әулеттен шыққан», деп жазған екен. Баянның соғыстағы ерліктері әлі де зерттеуді қажет етеді.
Соғыс кезінде 10 мыңнан астам кеңестік кәсіби мерген жан аямай шайқасты. Соның 2 мыңнан астамы жоғары марапат алып, 250-ге жуығы Кеңес Одағының батыры атанды. Осы 10 мың мергеннің 2 мыңға жуығы мерген қыздар еді. Деректерде олардың 12 мыңнан астам фашистің көзін жойғаны айтылады. Мерген қыздардың 87-сі Кеңес Одағының батыры атағын алды. Осы санаулы ғана батыр қыздың ішінде қазақтың қаһарманы Әлия Молдағұлованың болуы, жоғарыда аты аталған басқа да мерген қыздардың майданда ерлік көрсетуі – біз үшін мақтаныш.