Бурабайдағы көлге шомылған бірнеше адам тері ауруына шалдықты
<p class="isSelectedEnd">Ақмола облысындағы Үлкен Шабақты көлінде демалғаннан кейін бірнеше адамның терісінде бөртпе мен күлдіреген көпіршіктер пайда болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Threads желісінде жазба жариялаған Ангелина Кирилловскаяның айтуынша, демалыстан кейін оның кішкентай ұлының денесін күлдіреген жаралар басып, дәрігерлер оған буллезді дерматит диагнозын қойған. Қазір бала дерматологтың бақылауында ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Әйелдің сөзінше, осыған ұқсас белгілер анасы, әкесі және әжесінде де байқалған. Ол анасының тек Үлкен Шабақты көліне шомылғанын, ал Бурабай көліне мүлде түспегенін атап өтті.
«Мәселенің нақты себебі су деп кесіп айта алмаймын. Бірақ демалыстан кейін бірден бірнеше адамның бойынан бірдей белгілер байқалуы ойландырмай қоймайды», деп жазды ол.
Жазба авторы бұл арқылы дау тудырғысы келмейтінін, тек демалушыларды сақтандырып, курорттық аймақтағы көлдерге барғаннан кейін осындай жағдайға тап болған адамдар бар-жоғын білгісі келетінін жеткізді.
Сонымен қатар ол «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы танымал демалыс орындарының санитарлық жағдайы қалай бақыланатыны жөнінде мәселе көтерді.
Ал Ақмола облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының мәліметінше, шомылуға рұқсат етілген су айдындарында су сапасы тұрақты түрде тексеріліп отырады.
Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылдың мамыр айында көл суларынан санитарлық-химиялық, бактериологиялық және паразитологиялық зерттеулер үшін сынамалар алынған. Тексеру нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық анықталмаған, барлық көрсеткіштер белгіленген талаптарға сәйкес келген.