Қорғаныс министрлігі Ербаян Мұхтардың қазасына қатысты пікір білдірді
<p>Қорғаныс министрлігі Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшісі Ербаян Мұхтарға қатысты қайғылы оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев қайғылы оқиғаға қатысты Ұлттық ұлан тергеу жүргізіп жатқанын айтты.
«Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерделеніп жатыр. Аталған дерек бойынша Ұлттық ұлан тергеу жүргізіп жатыр. Өз тарапымыздан құзыретіміз шеңберінде қажетті көмектің барлығын көрсетіп отырмыз», деді ол.
Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында кома жағдайында ауруханаға түскен еді. Күні кеше сарбаздың соңғы сапарға аттанғанын адвокат Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Ұлттық ұланның әскери бөліміндегілер оның дәретханада құлап жарақат алғанын мәлімдеген еді. Алайда сарбаздың ата-анасы ұлдарының соққыға жығылғанын айтып, оның өмірі үшін күресті.
Ербаянды емдеуге еліміздің еріктілері 230 миллион теңгеге жуық қаржы жинап берді. Ол 2025 жылдың қаңтар мен қараша айларында Түркияда ем қабылдады.
Мамыр айында Ербаянның жағдайы күрт нашарлап, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жедел жатқызылған болатын. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Денсаулық сақтау министрлігі сарбаз өлімінің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдарынан болғанын жеткізді.