Олимпиадаға қатысқан әр спортшыға 10 мың доллар берілуі мүмкін
<p>Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) спортшыларды қолдауға бағытталған жаңа бағдарламаны іске қосты. Енді Олимпиада ойындарына қатысқан әрбір спортшы алғаш рет 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі арнайы грант алуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Жаңа бастама Швейцарияның Лозанна қаласында өткен ХОК-тың 146-сессиясында таныстырылды. Бағдарлама аясындағы алғашқы гранттар 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының қатысушыларына беріледі.
«Fit for the Future Olympian Grant» деп аталатын жоба спортшылардың кәсіби мансабын дамытуға және спорттан кеткеннен кейінгі өмірге бейімделуіне қолдау көрсетуді көздейді.
ХОК мәліметінше, әр олимпиадалық цикл барысында шамамен 14 мың спортшы осы грантқа үміткер бола алады. Қаражат ұлттық олимпиадалық комитеттер арқылы бөлінеді. Егер спортшы грант алуға өтініш бермесе, бөлінген қаржы қорда қалып, болашақ олимпиадашыларды қолдауға бағытталады.
Бағдарлама Олимпиада қозғалысына қатысушы ұйымдарға көрсетілетін қазіргі қаржылық қолдау көлемін қысқартпайды. Сондай-ақ грант Олимпиада ойындарына арнайы аккредитациямен қатысқан барлық спортшыларға қолжетімді болады.
Тұғырдан секірушілер келесі олимпиадаға дайындықты бастады. Мүмкіндік қандай?
Алайда бұл мүмкіндік жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушыларына берілмейді. Сонымен қатар үміткерлер допингке қарсы талаптарды, Олимпиадалық хартияны және ХОК-тың этикалық нормаларын бұзбауға тиіс.
ХОК Спортшылар комиссиясының төрағасы Пау Газольдің айтуынша, грант белгілі бір елдің спортшыларына немесе жүлдегерлерге ғана арналмаған. Оның мақсаты – Олимпиадаға жету жолында жылдар бойы еңбек еткен әрбір спортшының қажырлы еңбегін мойындау.
Спортқа бөлінетін миллиардтар: Бюджет қаржысының тиімділігі туралы сарапшылар не дейді?
Қазіргі таңда ХОК грантқа өтініш қабылдау және төлем жүргізу тәртібін әзірлеп жатыр. Алғашқы өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың соңында басталып, төлемдер 2027 жылы жүзеге асырылады деп жоспарланған.