АҚШ-та қаза тапқан Қазақстан азаматының мәйіті елге жеткізілді
<p><strong>Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ аумағында қаза тапқан Әсет Құралбайдың мәйітін елге қайтару ісін ұйымдастырды. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></strong></p>

Ерлан Жетібаевтың айтуынша, Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы марқұмның туыстарына консулдық-құқықтық қолдау көрсеткен. Сонымен қатар дипломаттар қажетті құжаттарды рәсімдеу және мәйітті елге жеткізу (репатриациялау) мәселелеріне жәрдемдескен.
16 маусымда АҚШ-тың құзырлы органдары бұған дейін табылған мәйіттің жеке басын анықтады. Оның Қазақстан азаматы Әсет Құралбай екені белгілі болды. АҚШ қызметтері мәйітті 15 маусымда тапқанымен, сол кезде оның кім екені ресми түрде расталмаған еді.
Еске сала кетейік, 24 жастағы Әсет Құралбай Иллинойс штатының Форд-Хайтс елді мекенінде тұрған. Ол соңғы рет 2 маусым күні байланысқа шығып, 7 маусымнан бастап телефоны өшірілген. Оның үйінде құжаттары мен банк карталары қалған. 10 маусымда полиция жас жігіттің автокөлігін тапты. Кейін құқық қорғау органдары оның мәйітін анықтады.