Әрі тәжірибеден өтеді, әрі жалақы алады
<p style="text-align: left;">Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы маман­дық­тарының беде­лін арттыру мен техникалық кадрларды даярлау мәсе­лесіне ерекше назар аударып келеді. Прези­дент­тің айтуынша, ел эко­номикасының тұрақты дамуы білікті жұмысшы мамандарға тікелей байланысты.</p>

Осы орайда елордадағы «Астана Тазалық» кәсіпорны болашақ мамандарды өндірістік ортада даярлаудың тиімді үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген колледж студенттері тәжірибе жинап қана қоймай, ай сайын шамамен 150 мың теңге көлемінде жалақы алады.
Қала көшелерінің тазалығы мен коммуналдық техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін «Астана Тазалық» мекемесінің өндірістік базасында қызу жұмыс бір сәтте толастамайды. Бір бокста қар тазалайтын техника жөнделсе, енді бірінде көшелерге су шашатын машиналардың агрегаттары қалпына келтіріледі. Осы жұмыстардың арасында колледж студенттері де тәжірибелі мамандармен бірге еңбек етіп жүр. Кәсіпорын шебері Нұржан Нұрсейітовтің айтуынша, студенттер мұнда жай бақылаушы емес, нақты өндірістік үдеріске қатысушылар ретінде тәжірибе жинақтайды.
– Біз колледжбен меморандум жасадық. Әдетте өндірістік тәжірибе көп жерде ақысыз өтеді. Ал бізде студенттерге ай сайын шамамен 150 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Олар күніне төрт сағат жұмыс істейді, сол еңбегі үшін ақы алады. Бұл жастардың мамандыққа деген қызығушылығын, жауапкершілігін арттырады, – дейді шебер.
Шебердің сөзінше, студенттер техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарының барлық негізгі кезеңдерімен танысады. Олар аға мамандардың бақылауымен стартер жөндеу, радиаторларды қалпына келтіру, май ауыстыру, түрлі техникалық ақауларды анықтау жұмыстарын атқарады.
– Студенттерді бірден күрделі жөндеу жұмыстарына жібермейміз. Қауіпсіздік талаптары бірінші орында. Алғашында бақылап, үйренеді. Кейін тәжірибе жинақтағаннан кейін қарапайым жұмыстарды өздері орындай бастайды. Қазір олардың көбі техника құрылымдарын жақсы меңгеріп келеді, – дейді Н.Нұрсейітов.
Мекемеде тәжірибеден өтіп жатқан Астана қаласындағы кәсіптік-техникалық колледждің 3-курс студенті Әлібек Еркенов бұл өндірістік курстың өз мамандығы бойынша үлкен мүмкіндік екенін айтады.
– Түрлі техникамен жұмыс істеуді үйрендік. Щеткаларды, пышақтарды ауыстыруды, басқа да техникалық жұмыстарды меңгеріп жатырмыз. Көп жерде студенттер тегін тәжірибеден өтеді, ал біз жұмыс істеп қана қоймай, еңбекақы алып жүрміз, – дейді ол. – Мұндағы тәжірибе бұрынғы өндірістік тәжірибелерден әлдеқайда ауқымды. Техникалар көп, жұмыс көлемі де үлкен. Шеберлер әр нәрсені егжей-тегжей түсіндіріп, іс жүзінде көрсетеді. Қазір көшелерге су шашатын техниканың тарату жүйесін жөндеуге қатысып жатырмыз. Осындай жұмыстар арқылы нақты тәжірибе жинақтаймыз.
Бүгінде кәсіпорында алты студент өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Олар үш айлық өндірістік, дипломалды тәжірибе бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Тәжірибе аяқталғаннан кейін студенттер диплом алып, еңбек нарығына дайын маман ретінде шығуды жоспарлап отыр.
Мұндай тәжірибелік бағдарламаларды ұйымдастыруға кәсіпорынның техникалық әлеуеті мүмкіндік береді. Мекеменің техниканы пайдалану департаментінің директоры Тимур Ахметовтің айтуынша, кәсіпорын қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақ мамандарды даярлауға да ерекше көңіл бөліп отыр.
– Қазірде кәсіпорын балансында 438 арнайы техника бар. Оның ішінде тракторлар, автогрейдерлер, самосвалдар, жол сыпыратын, шаңсорғыш техникалар жұмыс істейді. Техникалық паркті 2021 жылдан бері кезең-кезеңімен жаңартып келеміз. Ауқымды өндірістік база студенттердің тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Кадр даярлау – маңызды бағыттардың бірі. Өндірістік тәжірибе кезінде студенттер нақты жұмыс үдерісін көреді, техникалармен жұмыс істеуді үйренеді. Ертең олар еңбек нарығына шыққанда дайын маман ретінде қалыптасады, – деді Т.Ахметов.
Бүгінде жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Астана Тазалық» кәсіпорнының тәжірибесі студенттерге теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастырып қана қоймай, еңбек жолын ерте бастауға мүмкіндік беретін тиімді жоба ретінде бағаланып отыр.