Билік пен қоғам дәнекері
<p style="text-align: left;">Кеше Астанада Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларына арналған «Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы өтті.</p>
Іс-шараға орталық және өңірлік мемлекеттік органдардан 70-тен астам баспасөз хатшысы мен PR саласының мамандары қатысты. Іс-шараның ашылуында агенттік төрағасы Дархан Жазықбай медиафорумның мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық әрі тиімді коммуникацияны нығайтудағы маңызы жайында айтып, еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістерге тоқталды.
– Конституциялық реформалар, саяси және институционалдық жаңғыру үдерістері, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» жақында қабылданған заң мемлекеттік басқарудың жаңа сапасын айқындап, ашықтыққа, есептілікке, кәсібилікке және адамға бағдарлануға негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызы ерекше. Халықпен ашық әрі сенімді диалог жасау – тиімді мемлекеттік басқарудың басты шарттарының бірі, – деді агенттік төрағасы.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің тиімділігі қабылданған шешімдердің нәтижесімен ғана емес, қоғаммен өзара іс-қимылдың сапасымен де бағаланатынын айтып, ашықтық, есептілік және кері байланыс мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс екенін жеткізді.
Іс-шарада Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов баспасөз хатшыларының қоғам мен билік арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз етудегі маңызды рөлі туралы айтты.
Президент жанындағы «ОКҚ» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Асқар Омаров форум қатысушыларына ақпараттың ашықтығы мен жеделдігін арттыру, мемлекеттік саясатты халыққа түсінікті жеткізу мен кәсіби медиакоммуникацияны дамыту мәселелерінің өзектілігі жайында баяндады.
Форумда отандық медиа саласының сарапшылары мен заңгерлер жасанды интеллект дәуірінде ақпарат көздерімен тиімді жұмыс істеу, ақпарат тарату барысында құқықтық жауапкершілік пен медиасауаттылық тақырыбында шеберлік сабақтарын өткізді.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық-үйлестіру орталығының басшысы Руслан Бекарсланов жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдері жөнінде сөз сөйлеп, дезинформациямен күрестегі өзекті мәселелерді талқыланды.
«Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтері арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасу мен жаңа коммуникациялық тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік беретін дәстүрлі алаң ретінде жалғасын таппақ.