Көші-қон жұмыс күшін реттейді
<p style="text-align: left;">Талдықорған қала­­сын­да көші-қон ал­дындағы дайын­дық орталығы жұмы­сын бастады. Халық­аралық ынты­мақ­тастық аясы­нда жүзеге асқан бас­тама азаматтардың құқықтық сауатын арт­тыруға көмек­теседі. Бұдан бөлек, қауіпсіз әрі заң­ды ең­бек көші-қоны мә­дениетін қалып­тас­тыруға бағыт­талған.</p>

Жаһандану дәуірінде еңбек көші-қоны әлем елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Бүгінде жақсы табыс тауып, жаңа мүмкіндік іздеген азаматтардың шетелде еңбек етуге деген қызығушылығы артып келеді. Алайда өзге елге жұмыс іздеп бару тек мүмкіндік қана емес, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Құқықтық сауатсыздық, заңсыз делдалдардың арбауына түсу, еңбек құқықтарының бұзылуы сияқты мәселелер көптеген азаматтың тағдырын тәлкекке салады. Осындай жағдайда халыққа нақты бағыт-бағдар беретін орталық ауадай қажет.
Салтанатты іс-шараға Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Сарангоо Раднаарагчаа, Швейцария елшілігінің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Помпилио Джорджио, Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы миссиясының басшысы Серхан Актопрак, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мәртебелі меймандарды Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қабылдап, өңірдегі көші-қон саясаты мен халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыс жөнінде кеңінен ақпарат берді.
«Бүгінде азаматтардың еңбек көші-қонына қатысты жан-жақты әрі сенімді ақпарат алуы өте маңызды. Өйткені дұрыс шешім қабылдау олардың болашақ тағдырына тікелей әсер етеді. Тұрғындар құқықтарының қорғалуы, қауіпсіз еңбек етуі, заңсыз көші-қон тәуекелдерінен сақтануы – басты орында. Сондықтан халықаралық ұйымдармен бірлесіп ашылған бұл орталық халыққа нақты көмек көрсететін маңызды алаң болады деп сенеміз. Жалпы, өңірде жұмыспен қамту, жастарды қолдау, еңбек нарығын дамыту бағытындағы жұмыс тұрақты түрде жалғасып келеді», деді М.Көлбаев.
Жаңа орталық Талдықорған қаласындағы Еңбек мобильділігі орталығының базасында жұмыс істейді. Мұнда азаматтарға шетелде жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек келісімшарттарын рәсімдеу, еңбек құқықтары мен міндеттері, қаржылық сауаттылық, жаңа ортаға бейімделу мәселелері жөнінде кеңестер беріледі. Сонымен қатар заңсыз көші-қонның қауіптері мен жалған жұмыс ұсыныстарынан сақтану жолдары түсіндіріледі.
Мамандардың айтуынша, еңбек мигранттарының басым бөлігі құқықтық ақпараттың жетіспеушілігінен қиындықтарға тап болады. Кей жағдайда адамдар заңсыз делдалдардың қызметіне жүгініп, қаржылық шығынға ұшырайды. Сондай-ақ еңбек құқықтарының бұзылуына жол береді. Сондықтан алдын ала дайындық пен дұрыс ақпараттың маңызы ерекше. Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің қолдауымен, Халықаралық көші-қон ұйымының бастамасымен ашылған орталықтың басты мақсаты да – осындай тәуекелдердің алдын алу. Оны Швейцария елшілігінің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Помпилио Джорджио жан-жақты түсіндіріп берді.
«Қазірде еңбек көші-қоны әлемдік деңгейдегі маңызды құбылысқа айналды. Азаматтардың өз құқықтарын біліп, заңды әрі қауіпсіз жолмен жұмысқа орналасуы өте маңызды. Мұндай орталықтар халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастырады, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді түсіндіреді, көші-қон саласындағы түрлі қауіптердің алдын алады. Әсіресе жастар үшін оның маңызы зор. Өйткені олар өз болашағына қатысты шешім қабылдар алдында кәсіби кеңес алу мүмкіндігіне ие болады», деді Помпилио Джорджио.
Өзге де халықаралық ұйым өкілдері де қауіпсіз көші-қон мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Олар азаматтарға алдын ала сапалы ақпарат беру адам құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Өйткені шетелге жұмыс істеуге барған азаматтардың әлеуметтік қорғалуы мен қауіпсіздігі көбіне олардың ақпараттық дайындығына байланысты.
Бүгінде мемлекет тарапынан халықты жұмыспен қамту, еңбек мобильділігін арттыру, адамкапиталын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бір көрінісі ретінде ашылған көші-қон орталығы алдағы уақытта мыңдаған азаматқа пайдалы кеңес беріп, олардың қауіпсіз әрі саналы таңдау жасауына ықпал етеді. Бұл бастама өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, құқықтық мәдениетін көтеруге жол ашады.
Жалпы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өзгеріс көп. Жаңа өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңарып, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүріп жатыр. Дегенмен еңбек нарығындағы өзгерістер көші-қон үдерістеріне де ықпал етпей қоймайды. Әсіресе жастар арасында шетелде еңбек етуге қызығушылық артып келеді. Сондықтан олардың заңды жолмен жұмысқа орналасуы маңызды. Бұл ретте жаңа орталық азаматтардың өз болашағына сеніммен қадам басуына мүмкіндік береді.
Жетісу облысы