Сенсация: Эквадор Германияны жеңіп, плей-оффқа шықты
<p>Әлем чемпионатының Е тобындағы соңғы турда Эквадор құрамасы сенсация жасады. Команда Германияны 2:1 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне шықты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы «Метлайф» стадионында өткен кездесудің 2-минутында Германия есеп ашты. Лерой Сане қарсылас қақпасын дәл көздеп, командасын алға шығарды. Алайда Эквадор 9-минутта таразы басын теңестірді. Нилсон Ангуло айып алаңы сыртынан дәл соққы жасап, есепті 1:1-ге жеткізді.
Ойынның тағдыры 77-минутта шешілді. Бұрыштамадан асырылған пастан кейін Кевин Родригес допты Гонсало Платаның алдына салып берді. Мүмкіндікті мүлт жібермеген шабуылшы жақын қашықтықтан Мануэль Нойердің қақпасын дәл көздеді.
Осылайша, матч 2:1 есебімен Эквадордың пайдасына аяқталды.
Германия жеңілгеніне қарамастан алты ұпаймен топ жеңімпазы атанып, 1/16 финалға бірінші орынмен жолдама алды. Ал Эквадор үшінші орын алған үздік 8 құрамның қатарына еніп, келесі кезеңге жолдама алды.
Айта кетейік, бұған дейін Германия құрамасы Кот-д'Ивуар командасын 2:1 есебімен жеңген еді.