Баспасөз хатшылары республикалық медиафорумда бас қосты
<p><strong>Астанада Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларына арналған «Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы өтті. Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан 70-тен астам баспасөз хатшысы мен PR саласының мамандары қатысты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған Форумның ашылуында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық әрі тиімді коммуникацияның маңызын атап өтті.

Дархан Жазықбай Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталып, халықпен ашық әрі сенімді диалог тиімді мемлекеттік басқарудың басты қағидаты екенін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің нәтижелілігі қабылданған шешімдермен қатар, қоғаммен өзара іс-қимыл сапасына да байланысты екенін жеткізді.

Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Ал Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров ақпараттың ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік саясатты халыққа түсінікті жеткізу және кәсіби медиакоммуникацияны дамыту мәселелеріне тоқталды.

Президент БАҚ қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады
Форум барысында медиа саласының сарапшылары мен заңгерлер жасанды интеллект дәуірінде ақпарат көздерімен жұмыс істеу, құқықтық жауапкершілік, медиасауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік тақырыптарында шеберлік сабақтарын өткізді. Жиында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Ақпараттық-үйлестіру орталығының басшысы Руслан Бекарсланов жалған ақпаратпен күрестің заманауи тәсілдері туралы баяндама жасап, дезинформацияға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.

Форум аясында жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, құқықтық және медиасауаттылықты арттыру, сондай-ақ жалған ақпаратқа қарсы күрес бағыттары кеңінен сөз болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы алдағы уақытта мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтері арасындағы тәжірибе алмасуға және жаңа коммуникациялық тәсілдерді дамытуға арналған дәстүрлі кәсіби алаң ретінде жалғасын табады.
Еске сала кетейік, елімізде 28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні аталып өтіледі. Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы БАҚ саласының қызметкерлерін құттықтады.