Тарихты цифрлы платформамен оқытады
<p style="text-align: left;">«AI-Sana» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарының студенттері жасанды интеллект негіздерін оқитыны белгілі. Осының нәтижесінде олар түрлі инновциялық идеяларды өмірге әкеліп жүргені байқалады. Соның бір белгісі болар, ізденушілер әзірлеген кезекті өнім тарих пәнін жеңіл оқуға жағдай жасамақ.</p>

«TarikhMap» деп айдар тағылған инновациялық платформа тарих сабақтарында интерактивті цифрлық карталар мен жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдануға бағытталған. Мұндай инновациялық әзірлемені Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің PhD, аға оқытушы Айжан Қоңырованың жетекшілігімен студенттер тобы жасаған. Олар осы талпынысы арқылы тарих пәнін оқытуды цифрландыру, білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мен педагогтердің уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасауды көздейді. Мақсат іске асып та үлгерген.
Бүгінде университет студенттері педагогикалық практика барысында аталған цифрлық жүйені белсенді пайдаланып, жаңа тақырыптарды түсіндіруде, мемлекеттердің аумақтық өзгерістерін таныстыруда, тарихи оқиғалардың өткен орындарын интерактивті форматта көрсетуде қолданып келеді. Бұл өз кезегінде оқушылардың көрнекі қабылдауын күшейтіп, ақпаратты есте сақтау қабілетін арттыруға ықпал етеді.
Цифрлық карталардың мүмкіндіктері оқу бағдарламасы материалдарын бекітуге, үй тапсырмаларын тексеруге, жоғары сынып оқушыларын ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) даярлауға тиімді болып отыр.
Аталған платформа «Startup-Tomiris» байқауында үздіктер қатарынан көрініп, 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай грантқа ие болды. Қазір платформа Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бірқатар мектептердің оқу үдерісіне кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.