Жауынгер кейпіндегі журналистер
<p style="text-align: left;">Журналистер қауымы үшін маусым соңы қарбалас. Бұқаралық ақпарат құралдары қыз­меткерлері күні қарсаңында тілшілермен тікелей байланыстағы мекемелер алғыс айтып, түрлі іс-шара өткізіп жатады. Сөйтіп, алтын арқалаған жур­на­­листер жылына бір марқайып қалатыны бар. Кеше қаламды қаруға айырбас­тап, Ұлттық ұлан Шығыс өңірлік қолбасшылығы сапында бір күн әскери қыз­мет­те болдық.</p>

Жиырмадан астам БАҚ өкілдері жайғасқан автобус түске қарай қала сыртындағы атыс алаңына қарай жетіп тоқтады. Әдетте, сұхбат алуға асығатын әріптестер бұл жолы қолдарына микрофон емес, қару ұстады, әскери форма киіп, командирдің бұйрығымен сап түзеді. Жарыс ережесі түсіндірілген соң, үш командаға бөліндік. Қолбасшыларымызды сайладық. Содан кейін ғана құп алып, жарыс алаңына бет түзегенбіз.
Әуелі оқ пен оттың ортасында қалған «жаралы жауынгерді» қауіпсіз жерге алып шығу керек болды. Бұл жерде шапшаңдық керек. Әр команда өзара келісіп, ең жүйрік екеуді «майдан» алаңына жіберді. Жарыс шарты бойынша қаруластарын зембілге салып, бәрінен бұрын келгеніне ұпай қосылады. Тапсырманың қай-қайсысын да шапшаң орындағандар ұпайдың жоғарғысын алып отырады. Ширақ қимылдарына қарап, журналистерден жап-жақсы жауынгер де шығатындай көрінді. Бұл сайыстан соң қолы епті жауынгер журналистер АК-74 автоматын шашып, қайта жинады. Күнде қару құрап жүрмесе де, норманы орындап жатқандар да болды.
«Спорттық дайындығымыз болғанымен, әскери өмірдегі жүгіріс бөлек екен. Десе де, барымызды салып жатырмыз. Осындай сайысты ұйымдастырып жатқан Ұлттық ұлан ұжымына, Журналистер одағына рахмет айтамыз», дейді әріптесіміз Әділхан Есімханов.
Жарысты Ұлттық ұлан Шығыс өңірлік қолбасшылығы мен Журналистер одағының Шығыстағы филиалы ұйымдастырса, демеушілік көрсетіп отырған «KAZ Minerals» компаниясы.
Қару жинау жарысынан соң, нысанаға оқ аттық. Мергендік сыналар сәтті қыздар жағы да қалыс қалмады. Көздеген жерге дөп тиіп жатты. Одан кейінгі сайыс тіпті қыза түсті. Бес метр жердегі нысанаға сапер күрегін лақтырып, қадау керек екен. Сәтті аяқтағандар уралап, шуласып жатса, мүлт кеткендері қап десті. Алдағы жарыста теңесерміз деп жұбатты өздерін. Келесісі бұдан да қиын еді. Төрт қабатты үйден арқанмен жедел түсу керек. Бір қарағанда, аласа болып көрінгенімен, биігінен төмен секіру үшін жүректің түктілігі, білектің мықтылығы болуы шарт. Ұрыста тұрыс жоқ деп, журналистер оған да бел шеше кірісті. Оларға қарап, әскерилер де таңданған.
«Біздің журналистер жазудың ғана емес, жауынгерліктің де шебері екен. Соны көріп қуанып тұрмын. Қай жарыста да ұйымдасып, ұжымдасып жеңіске ұмтылды. Мұндай жарысты жыл сайын ұйымдастырамыз», деді Ұлттық ұлан Шығыс өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы Бағдат Амангелді.
«Бір күн әскер сапында» жарысының қорытындысы бойынша үздіктері арнайы аталымдарға ие болып, демеуші тарап бағалы сыйлықтарын табыстады. Ал жүлделі үшінші орынды «Қыран» командасы еншіледі. Екінші орынға «Орда» командасы табан тіреді. Бірінші орынды «Арлан» алды. Бұл сайыстан ешкім сыйлықсыз кетпеді.
Шығыс Қазақстан облысы