Аккумулятор өндірісіне арналған жоба
<p style="text-align: left;">Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев әлемдегі ең ірі аккумулятор өндірушілердің бірі – CATL компаниясының делегациясымен кездесті.</p>

Келіссөз барысында минералдық шикізатты терең өңдеу, аккумуляторлық батареялар шығару, энергия жинақтау жүйелерін өндіру мен пайдаланылған батареяларды қайта өңдеу бағытындағы бірлескен жоба талқыланды. Үкімет жоғары технологиялық өндірістерді дамыту мен терең өңдеуге негізделген өнеркәсіпті қалыптастыруға басымдық беріп келеді. Осы бағыттағы маңызды кездесулердің бірі әлемдік аккумулятор өндірісінің көшбасшысы саналатын «CATL» компаниясының басшылығымен өтті.
Кездесу барысында елімізде шикізатты өңдеуден бастап аккумуляторлар мен энергия жинақтау жүйелерін өндіруге, кейін пайдаланылған батареяларды қайта өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру мәселесі кеңінен қаралды. Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын өндірістерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, әлемдік деңгейдегі технологиялық компаниялармен ұзақмерзімді әріптестік орнату өнеркәсіпті жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға әрі өңдеу секторын дамытуға тың серпін береді.
Келіссөзде минералдық шикізатты терең өңдеу әлеуетін тиімді пайдалану, аккумулятор өндірісіне қажетті компоненттерді игеру, энергия сақтау жүйелерін шығару мен пайдаланылған аккумуляторларды қайта өңдеу бағытындағы инвестициялық жобалардың мүмкіндіктері сараланды. Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге әрі бірлескен жобаларды іске асыру бағытындағы өзара мүдделілігін растады. Бұл бастамалар елімізде жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға, қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға әрі өңдеу өнеркәсібінің жаңа буынын қалыптастыруға жол ашады.