Ауа райы
4 мин оқу 30

Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды: +41°C-қа дейін аптап ыстық күтіледі

<p>&laquo;Қазгидромет&raquo;&nbsp;27 маусым күні еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту болатындығын жариялады<strong>.</strong> Синоптиктер Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қазақстанның барлық 17 облысында қауіпті ауа райы құбылыстары күтілетінін хабарлады, деп жазады&nbsp;<a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a></p>

Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды: +41°C-қа дейін аптап ыстық күтіледі

Астанада күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-шығыстан соғатын жел күндіз оңтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 15–18 м/с жетеді.

Алматыда күндіз аптап ыстық болып, ауа температурасы 35–36°C дейін көтеріледі. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады. Іле Алатауының (Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктері) аумағында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді.

Облыстар бойынша ауа райы

Алматы облысында тау бөктері мен таулы аймақтарда қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай күтіледі. Жел шығыстан соғып, кейін оңтүстік-батысқа ауысады, екпіні 15–20 м/с. Күндіз 35–39°C аптап ыстық болады. Облыс бойынша жоғары өрт қаупі сақталады, солтүстігінде төтенше өрт қаупі жарияланған. Қонаев қаласында ауа температурасы 37–39°C дейін көтеріледі.

Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде және орталығында жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ пен дауыл (шквал) күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады. Ақтауда таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады.

Атырау облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр мен найзағай күтіледі, оңтүстігінде аздаған жаңбыр жауады. Желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді. Солтүстік пен шығыста жоғары өрт қаупі сақталады. Атырау қаласында түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Қызылорда облысының батысы мен орталығында таңертең және күндіз жаңбыр, найзағай болады. Желдің екпіні 15–20 м/с. Күндіз ауа температурасы 40°C дейін көтеріледі. Оңтүстігінде төтенше, орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында төтенше өрт қаупі жарияланған.

Павлодар облысында күндіз 35–36°C аптап ыстық күтіледі. Батысында, оңтүстік-шығысында және орталығында жоғары, ал солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Павлодар қаласында ауа температурасы 35°C болады.

Батыс Қазақстан облысында түнде жаңбыр, найзағай, солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр жауады. Күндіз облыстың солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с. Орал қаласында да жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ пен дауыл болады.

Шымкентте күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15–20 м/с.

Түркістан облысында түнде таулы аудандарда, күндіз облыстың солтүстігінде, батысында және тау бөктерінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с. Күндіз 40–41°C аптап ыстық болады. Батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Түркістан қаласында да қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай және 40–41°C ыстық күтіледі.

Ақмола облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Желдің екпіні 15–20 м/с. Батысы мен оңтүстігінде жоғары, шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Көкшетауда жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең тұман түседі. Жел кей жерлерде 25 м/с дейін күшейеді. Петропавлда күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады.

Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында және таулы аймақтарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Алакөл маңында желдің екпіні 15–20 м/с. Күндіз ауа температурасы 35–37°C болады. Облыс бойынша төтенше, ал оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Талдықорғанда да 35–37°C ыстық күтіледі.

Ақтөбе облысында түнде жаңбыр, найзағай, батысы мен солтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болады. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында осы құбылыстар жалғасады. Желдің екпіні 15–20 м/с. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Ақтөбеде түнде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні 15 м/с. Оңтүстігінде ауа температурасы 37°C дейін көтеріледі. Облыстың көп бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағанды қаласында жоғары өрт қаупі жарияланған.

Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында күндіз аздаған жаңбыр, найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15 м/с. Облыс бойынша жоғары, ал оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысында түнде шығысында жаңбыр, найзағай, күндіз солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ болады. Солтүстігінде түнде тұман түседі. Желдің екпіні 15–20 м/с. Өрт қаупі жоғары, кей өңірлерде төтенше деңгейде сақталады. Өскеменде төтенше өрт қаупі сақталады.

Абай облысының солтүстігі мен орталығында күндіз аздаған жаңбыр, найзағай болады. Желдің екпіні 15–20 м/с. Ауа температурасы 35–37°C дейін көтеріледі. Өрт қаупі жоғары, кей аудандарда төтенше деңгейде сақталады. Семейде жоғары өрт қаупі жарияланған.

Жамбыл облысында түнде батысында, солтүстігінде және таулы аудандарда, күндіз оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы өңірлерде қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні 23 м/с дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 38°C болады. Солтүстігі мен шығысында жоғары, солтүстігі мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Таразда күндіз жаңбыр мен найзағай болады.

Қостанай облысында түнде батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, күндіз жаңбыр, найзағай, батысы мен солтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Кей жерлерде тұман түседі. Желдің екпіні 23 м/с дейін күшейеді. Облыстың оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Қостанай қаласында жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ пен дауыл болады.

Бұған дейін синоптиктер Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр, найзағай және +41°C-қа дейін жететін аптап ыстық күтілетінін хабарлаған.

Бөлісу:
Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды: +41°C-қа дейін аптап ыстық күтіледі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар