Алма-Арасанда екі көлік соқтығысып, бірнеше адам зардап шекті
<p>Алматыдағы Алма-Арасан шатқалында Toyota RAV4 және Hyundai Accent көліктері бетпе-бет соқтығысты. Жол апаты салдарынан бірнеше адам түрлі деңгейде жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota RAV4 көлігін тізгіндеген бойжеткен оңтүстік бағытқа қарай, ал Hyundai Accent оған қарсы (солтүстік бағытта) келе жатқан. Кенеттен Hyundai жүргізушісі белгісіз себептермен қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Toyota көлігіне бетпе-бет соғылған.
Қатты соққының салдарынан Toyota RAV4 жол шетіне ығысып қалған. Ал Hyundai Accent аударылып кетіп, жолдан шығып, ағаш пен газ құбырының тірегіне соқтығысқан.
Апаттан Toyota жүргізушісі мен екі көліктің ішінде болған жолаушылар зардап шекті.
Оқиға орнында Hyundai көлігін нақты кім басқарғаныны әзірге белгісіз. Куәгерлер мен көлік ішіндегі азаматтардың сөзіне қарағанда, олар жауапкершіліктен қашып, рөлде басқа адам отырғанын айтып, бір-біріне қарама-қайшы жауап берген.
Жүргізушінің кім екенін нақтылау және саусақ іздерін алу үшін полиция оқиға орнына арнайы криминалистерді шақыртқан. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы тергеліп жатыр.
Еске сала кетейік, кеше Жетісу облысындағы тас жолда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам қаза тапты.