Қазақстанда ломбардтардың табысы рекордтық деңгейге жетті
<p><strong>2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы ломбардтардың жиынтық таза табысы 54,7 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге өскен, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Ең жоғары табысқа «М-Ломбард» қол жеткізген. Компания қаңтар-наурыз айларында 12,9 млрд теңге пайда тапқан. Екінші орында «МК-Ломбард» (10,5 млрд теңге), үшінші орында «МК-Золото Ломбард» (9,7 млрд теңге) тұр.
Жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған 466 ломбардтың 337-сі пайдаға кенелген. Ал шығынмен жұмыс істеген ұйымдар саны 109-дан 85-ке дейін азайған.
Ломбардтардың несие портфелі де айтарлықтай ұлғайған. 2026 жылдың наурыз айының соңында негізгі қарыз көлемі 481,3 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 63 пайызға өскен.
Сонымен қатар төлемі 90 күннен астам кешіктірілген несиелердің (NPL 90+) үлесі төмендеген. Егер 2025 жылдың наурызында бұл көрсеткіш 2,3 пайыз болса, 2026 жылы 2,1 пайызды құрады. Бұл проблемалық несиелердің үлесі азайғанын көрсетеді.
Дегенмен сарапшылар нарықтың қарқынды өсуімен бірге тәуекелдер де сақталып отырғанын айтады. Кейбір ломбардтарда мерзімі өткен несиелердің үлесі айтарлықтай жоғары болып отыр. Сондықтан алдағы кезеңде сектордың тұрақты дамуы несие сапасын сақтауға, проблемалық берешекті бақылауда ұстауға байланысты болмақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде лицензиясы жоқ ломбардпен 93 миллион теңге табыс тапқан кәсіпкер ұсталған еді.