Әлем чемпионаты: Бүгін қай командалар ойнайды?
<p>Әлем чемпионатының плей-офф кезеңі аясында бүгін жанкүйерлерді тартысты екі матч күтіп тұр. 1/16 финалда Бразилия Жапониямен, Германия Парагваймен кездеседі, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></p>

Бразилия мен Жапония арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін кездесуге италиялық төреші Маурицио Мариани төрелік етеді.
Айта кетейік, С тобындағы Бразилия құрамасы топтық кезеңді жеті ұпаймен бірінші орында аяқтады. Карло Анчелотти шәкірттері алғашқы ойында Мароккомен 1:1 есебімен тең түскенімен, кейін Гаити мен Шотландияны 3:0 есебімен жеңді.
Команданың көшбасшысы Винисиус Жуниор үш матчтың барлығында гол соғып, топтық кезеңның барлық ойынында үздік атанған алғашқы ойыншы болды.
Ал Жапония құрамасы Нидерландпен (2:2) және Швециямен (1:1) тең түсіп, Тунисті 4:0 есебімен жеңді. Былтыр қазан айында өткен жолдастық кездесуде жапондықтар Бразилияны тарихында алғаш рет 3:2 есебімен жеңген болатын. Сондықтан бұл матч екі команда үшін де оңайға түспесі анық.
Канада құрамасы ОАР қақпасына соңғы минутта гол соғып, чемпионаттың 1/8 финалына шықты
Сондай-ақ 30 маусымға қараған түні сағат 01:30-да Германия құрамасы Парагваймен ойнайды.
Немістер Е тобында алты ұпаймен бірінші орын алып, Кюрасаоны 7:1, Кот-д'Ивуарды 2:1 есебімен жеңді. Ал Парагвай Түркияны ұтып (1:0), Австралиямен тең ойнап (0:0), АҚШ-тан жеңілгеніне (1:4) қарамастан үздік үшінші орын иегерлерінің қатарында плей-оффқа жолдама алды.