Қазақ тілін қалай оқытып жүрміз?
<p style="text-align: left;">Қазір оқушылар жазғы демалыста. Бірақ мұғалімдер мен педагогика саласының ға­лым­дарына жаңа оқу жылындағы өзгерістер маза бермесі анық. Соның бірі – <br />күн тәртібінен түспей келе жатқан оқулықтардағы олқылықтар мәселесі. Өт­кенде Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева мектеп оқулықтарын тал­дау нәтижесінде 700-ден аса ескерту мен қате анықталғандығын айтып өткен еді. Өткір тұрған түйт­кілдің айналасында оқулықтардың мазмұнына қатысты да сын көп. Қоғам­да қызу талқыланғаны – қазақ тілінің оқытылуы, оқулықтың мазмұны, әдіс­темесі.</p>

Оқыту мәселесінің олқылығы
Бұл тақырып неге өзекті? Бұған жауапты өмірдің өзінен іздеп көрелік. Өткенде жұмыс барысымен әлдебір балабақшаға кіріп, кіреберістегі қызметкерге аман-саулықтан соң, үйреншікті әдетпен қазақша сұрақ қойсақ, түк түсінбеген күйі аянышты кейіппен жымиды. Сөйтті де сұқ саусағын көтерер-көтермес көрсете қалып, ішке жүгіріп кетті. Бір тәрбиешіні сүйреп келіпті. Ол алдындағы балаларды тастап, қазақша түсінбейтін қызметкерге аудармашы қызметін атқаруға келіп тұр. «Сәлеметсіз бе? Маған айта беріңіз. Бұл кісі қазақша онша түсінбейтін еді», деп қояды тағы. Балаларды қараусыз қалдырмауын айтып, ресепшн қызметкерімен өзі түсінетін тілде әрі қарай сөйлесіп кеттік. Осында туған, өскен, мектеп бітірген, университет тауысқан. Бірақ сонша жылда мемлекеттік тілді толық меңгере алмаған. Шын мәнінде, көбіне таныс жағдай. Ширек ғасыр тұрған өз Отанының тілін білмеу – өкінішті-ақ.
Осыған қоса өзге тілді отандастарымыз ғана емес, айналамыздағы қазақтілді адамдардың әлеуметтік желілерге, түрлі парақшаларға, sms хаттарға жазған мәтіндерінде өріп жүрген қателерді көреміз. Бұған қарап бұл дүниенің екінші қыры барын байқаймыз. Күрделірек жайт. 11 жыл мектепте, одан тағы кемі 2 жыл жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылады. 13 жыл бойы оқытылған тілді тым болмаса ауызекі тілде сөйлесе алатындай деңгейде үйрене алмау деген оқыту мәселесінің олқылығын көрсетеді.
Ғылыми жүйе жоқ
Өткен жылдың соңында бір топ депутат Үкімет басшысы Олжас Бектеновке дәл осы қазақ тілін оқыту мәселесіне байланысты сауал жолдаған еді. Депутаттар Р.Рүстемов, Н.Байқадамов, А.Нухұлы, А.Есбай, Қ.Тастекеев бірлесе әзірлеген сол сауалда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды», деген сөзі әлі де өзекті екені, қазір қолданылып жүрген бағдарламада баланың ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту дұрыс ескерілмегені көтерілген.
Сондай-ақ депутаттар сауалында: «Грамматикалық заңдылықтарды тереңдете оқытпайды, баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ. Қазақ тілі оқулықтарында да белгілі ғылыми жүйе жоқ. Мысалы, 5-сыныптың оқушысы өзінің жас ерекшелігіне қарай тіл мәдениетін, әдеби тіл нормасын сақтап, ауызша сөйлей алуы, ойын қағазға жаза білуі керек. Демек, мектепте тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» секілді салалары оқушылардың жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай, жүйесін бұзбай оқытылуы керек», делінген.
Мәжілісмендер мәлімдегендей, қазақ мектебінде қазақ тілін оқытуға қажетті сағат саны жеткілікті екеніне қарамастан, оқушыға лингвистикалық білімді жас ерекшелігімен спиралдық әдіс арқылы оқыту жүзеге аспай тұр. Осының салдарынан оқушыда коммуникативтік дағды дұрыс қалыптаспайды, грамматикалық білім толық берілмейді. Бұлай оқытудағы кемшілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды. Қазақ тілі мен әдебиетін ең көп оқытатын орта – мектеп. Алайда оның білім стандарты қажетті деңгейде жасалмай, соның негізінде бағдарламасы да кемшін әзірленген. Қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның кемшілігін жөндеп, қазақ тілі пәнін оқытудың мақсат-міндетін қайта өзектендіру аса маңызды. Сондай-ақ қазақ тілі пәнін орта мектепте оқыту мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесіне кіретінін, оның мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың басты негізі екенін қаперде ұстау қажет.
Мемлекеттік тіл және Тұжырымдама
Жоғарыдағы депутаттардың сауалына Үкімет басшысы О.Бектеновтің атынан берілген жауапта үлгілік оқу бағдарламалары сауаттылықты, сыни ойлауды, шығармашылық, зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталғаны, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай ұсынылған тақырыптар «Ғарышты игеру», «Экотуризм», «Қызыл кітап», «Энергия ресурстары», «Театр», «Заң» секілді тақырыптар олардың сөздік қорын байытып, ойды еркін жеткізуіне, болашақ мамандықты дұрыс таңдауына көмектесетіні жазылған.
«Грамматика 5 норманы қамтиды – орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық, пунктуациялық. Бағдарлама қазақ тілін меңгеруде шиыршық қағидатын, коммуникативтік бағыттылықты, жас ерекшелігіне сай тілдік білімді, функционалдық сауаттылықты, пәнаралық сабақтастықты қамтамасыз етеді. Оқулықтардың құрылымы да оқушылардың жас ерекшелігі мен тілдік деңгейін ескеріп, тіл туралы білімді қарапайымнан күрделіге қарай сатылы ұсынуға негізделіп, тілді жүйелі түрде меңгертуді көздейді. Кейінгі жылдары елімізде қазақ тілін оқыту тәжірибесі жаңарып, әдістемелік тұрғыда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Ең алдымен, қазақ тілін деңгейлеп оқыту тәжірибесі (A1, A2, B1, B2, C1) қолданысқа енді. Бұл жүйе оқушылардың тілдік қабілетіне қарай білім беруге мүмкіндік береді», делінген жауап хатта.
Үкімет басшысы жауап бергендей, орта білім мазмұнын жетілдіру мақсатында Оқу-ағарту министрлігімен стандартқа, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына қазақ тілін оқытуды күшейтуге бағытталған талаптар мен нормалар енгізілді. Олардың ішінде «Тіл және әдебиет» білім саласының мазмұны, оқудан күтілетін нәтижелері, тілге ерте жастан бойлау, өзге тілде оқытатын сыныптарда кез келген оқу пәндерін қазақ тілінде оқыту қарастырылды.
«Сонымен қатар білім стандарттарында, бағдарламалар мен Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында (бұдан әрі – Тұжырымдама) қазақ тілін үйретудің ғылыми және практикалық қағидаттары қамтылған. Тұжырымдамада барлық білім ұйымында қазақ тілін үйретудің ортақ, ғылыми-әдістемелік жүйесін қалыптастыру, оны цифрландыру, контент үлесін арттыру, тілдік жоспарлау, барлық салада қолданылуын қамтамасыз ету, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға оқыту әдістерін жетілдіру, мамандар даярлау, т.б. қарастырылған. Сондай-ақ тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, оның мәртебесін одан әрі арттыруға бағытталған 70 іс-шара бар. Тілдің қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуына байланысты іс-шаралар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ ұлттық компаниялармен бірлесіп іске асырылып жатыр. Жалпы, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту білім стандарттары, бағдарламалар мен Тұжырымдаманың аясында жүргізіледі» делінген.
Бағдарламаның сапасы қандай?
Депутаттардың «Қазақ тілі оқулықтарында да белгілі ғылыми жүйе жоқ» деп сынағанын жоғарыда жаздық. Осыған орай біз ғалымның пікірін тыңдап көрдік. Дәл осы тақырыпқа тереңдеп жүрген педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Шынар Қапантайқызы: «2017 жылдан бері қазақ тілі сабақтарында көліктер, ағаштар, ғарыш, су, қоршаған орта, энергия, т.б. туралы ақпараттық мәтіндер мазмұны ғана оқытылып келеді», дейді.
Ғалымның ойынша, сауатсыздықтың ең басты себебінің бірі – қолданыстағы Жаңартылған бағдарламада оқу мақсаттарының қате берілуі. Мектеп мұғалімдерінің «оқушы қате сөйлеп тұрса да, жазған эссесінде қате тұнып тұрса да назар аудармаймыз, айтатын ойы болса жеткілікті» деген нұсқау бойынша жұмыс істеп келе жатқаны осының салдары болып отыр. Оқушы 11 жыл уақытын, энергиясын жұмсағандықтан, өміріне пайдалы білім алуға тиіс. Ата-ана мен оқушының қазақ тілін оқудан күтетін нәтижесі – тіл байлығын арттыру, сөз өнерін меңгеру, тілді сауатты қолданудың нәтижесінде өз өмірін жақсарту мүмкіндігіне қол жеткізу. Ондай мүмкіндікке оқушы мәтін тілінде кездесетін әрбір тілдік бірліктің мағынасы мен құрылымын қызығушылықпен зерттеп, танып, біртіндеп өз сөздік қорына енгізіп отыру арқылы қол жеткізе алады.
«Қазақ тілі пәнінің білім мазмұнын тіл жүйесі бойынша құру қажеттігін ғалымдар да, мұғалімдер де дабыл қағып айтып жатыр. Математикада формулалар, тарих сабағында оқиғалар мен даталар оқылатыны сияқты қазақ тілі сабағында тіл заңдылықтары оқытылуы қажет. Бірақ олар ережені түсінбей, жаттау түрінде емес, әрбір тілдік бірлікті ұлт дүниетанымының рухани коды ретінде танытып, оқушының тілдік санасына әсер ету жолымен оқытылуы керек. Оқушының тілдік санасының оянуы сөз өнері шеберлерінің үздік үлгілерін көрсететін, қазақ тілінің әсемдігін сезіндіруге қызмет ететін мәтіндердің тілін тану арқылы жүзеге асады. Біз бірнеше ғалым мен әдіскер-мұғалім А.Байтұрсынұлы ұстанымдарына сүйеніп, тіл жүйесі туралы білімді толық қамтитын бағдарлама ұсындық. Ол бағдарламамыз екі рет сараптамадан өтіп, оң қорытынды алды, бірнеше мектепте апробациядан өтті, қоғамдық талқылауда да жоғары бағаға ие болды. Алайда қазір сол бағдарламамыз тоқтатылып, оның орнына сараптауда жарамсыз деп танылған бұрынғы Жаңартылған бағдарламаның сәл өзгертілген нұсқасы қайта ұсынылып отыр», дейді профессор Ш.Қапантайқызы.
Оқу тәжірибесін күшейту қажет
Шын мәнінде, қандай реформа болсын, оның бағын ашатын – маман. Сол себепті Астана қаласындағы Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Данияр Ихсанның пікіріне құлақ түрдік. Оның ойынша, мәселе мұғалімдердің кәсіби деңгейінде емес, көбіне пәнді оқытудың жалпы бағдарламалық-әдістемелік жүйесіне байланысты болса керек. Кейінгі жылдары коммуникативтік дағдыларды дамытуға басымдық беріліп, кей жағдайда грамматикалық білімнің жүйелі берілуі мен тілдік нормаларды терең меңгерту (төртінші оқу мақсаты) екінші қатарға ысырылып қалады.
«Мен – әрине, сарапшы емес, мұғаліммін. Оқу мақсаттары мен бағалау жүйесіне, оқулықтардың сапасына қатысты мәселелерді жиі байқаймыз. Дегенмен, қазіргі білім жүйесінде мұғалімнің шығармашылық еркіндігі де маңызды рөл атқаратынын ұмытпаған жөн. Сондықтан «Қазақ тілін» оқытудың тиімділігін арттыруға оқу бағдарламасын жетілдірумен қатар, мұғалімдердің озық тәжірибесін кеңінен таратып, оқу тәжірибесін күшейту қажет. Меніңше, ұзақ жыл қазақ тілін оқыса да, еркін меңгере алмаудың басты себебі басқа мәселеде сияқты. Сондықтан мәселені тек білім бағдарламасынан немесе оқыту әдістемесінен көру дұрыс емес. Әрине, оқу бағдарламасы мен әдістеменің де ықпалы бар», дейді мұғалім.
Д.Ихсанның ойынша, сауатсыз жазу, қарапайым орфографиялық ережелерді білмеу – бөлек мәселе. Бұл көбіне кітап оқу мәдениетінің төмендігі, әлеуметтік желідегі бейресми жазу дағдысының басым болуы, жазу тәжірибесінің жоқтығына тікелей байланысты.