Жазғы демалыс жарасымы
<p style="text-align: left;">Өңірде Президент тапсырмасымен ашылған алты бірдей «Келешек мектебі» жұмыс істейді. Жаздың жайдары күні Тобыл қаласындағы Заречный мектебінде өткен «Keleshek Camp Fest – 2026» фестивалінде аталған білім ордаларының үздік шәкірттері бас қосты. Балалар спорт түрлерінен сайысқа түсіп, ойын түрін­­­де өткен танымдық, шығармашылық байқауларда бақ сынасты.</p>

Балалардың жазғы демалысының қызық-қуанышын еселей түскен мазмұнды іс-шараға 5-6 сынып оқушылары қатысты. Ұйымдастырушылар кілең оқуда озат, белсенді, шығармашыл балаларды іріктеп алған.
Фестивальдың ашылу рәсімінен кейін «Keleshek sport cup», «Keleshek team quest» атты спорт жарыстары басталды. Ұйымдастырушылар мұндай ойын жарыстары балаларды көпшілік ортаға тез бейімделуге, ұшқыр ойлауға, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауға, бірлесіп жұмыс істей білуге дағдыландырады дейді.
Қызықты да тартысты өткен спорт жарыстары аяқталған соң, алпыс бала алты топқа бөлініп, оқушылардың таным өрісін кеңейтетін «Keleshek show time» атты шығармашылық байқауға қатысты.
«Жалпы, бұл іс-шара жазғы лагерь жұмысы аясында ұйымдастырылып отыр. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге, бос уақыттарын пайдалы әрі қызықты дүниелерге жұмсауға ерекше көңіл бөлеміз. Сондықтан лагерь бағдарламасына квестер, танымдық сабақтар, экскурсиялар, шығармашылық, спорттық жобалар енгізілген.
«Келешек мектептері» – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық жоба. №1 Заречный жалпы білім беретін мектебі – осы жоба аясында 2024 жылдың қараша айында ашылған облыстағы алғашқы келешек мектебі. Бұл мектептердің басты ерекшелігі – заманауи материалдық-техникалық құралдармен толық жарақтандырылған. Мұнда смарт-кабинеттер, роботтехника сыныптары, физика, химия, нанотехнология зертханалары, ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар және басқа да инновациялық білім кеңістіктері бар. Алдағы уақытта мұндай фестивальдарды тұрақты түрде өткізіп, «Келешек мектептері» арасындағы байланысты одан әрі нығайтуды жоспарлап отырмыз», дейді №1 Заречный жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерасыл Қазыбаев.
Қостанай облысы