Заң мен Тәртіп
4 мин оқу 90

Рақымшылық – түзелуге берілген мүмкіндік

<p style="text-align: left;">Әлем елдерінде адасқанның айыбын кешіріп, оң жолға салуды құқықтық гуманизм санайды. Қазақстан да ізгілік қағидатынан айнымай, тәуелсіздік алғалы 14 мәрте рақымшылық жариялады. Биыл да жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай 15 мыңнан аса сотталғанға амнистия жасалады. Олардың қатарында 2 902 әйел бар.</p>

Рақымшылық – түзелуге берілген мүмкіндік

Рақымшылық бір жағынан заң үстемдігіне сүйенсе, екінші жағынан қоғамның адамгершілік деңгейін айқындайды. Әсіресе әйелдерге қатысты амнистия мәселесі қозғалғанда, әңгіме әлеуметтік әділет, отбасының тағдыры, болашақ ұрпақ ауанында өрбиді. Сондықтан бұл бағыт ізгілік саясатының ең сезімтал тұсы ретінде бағаланады.

Өткен жылы Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа бастамашы болған Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің ай­туынша, тағдырдың тәлкегімен темір торға қамалған жанның бәрі мем­лекеттің мейірімінен үмітті. Десек те ауыр қылмыс жаса­ғандар мен рецидивистер (қайта қылмыс жасағандар) амнистияға ілікпеуі қажет.

– Әрине, заң бәріне ортақ, қылмыс жасаған адам жауапкершіліктен қаш­пауға тиіс. Бірақ өмір кез келген теория­дан әлдеқайда күрделі. Кейде адамдар қылмысты білместіктен, аңдаусыз немесе түрлі жағдайлардың ықпалымен жасайды. Кейде алданады, кейде өмірлік қиындыққа тап болады, кейде бір сәттік қателікке бой алдырады. Сондықтан мемлекет адамға түзелуге мүмкіндік беретін тетіктерді сақтауы қажет. Әлем елдерінің тәжірибесінде әйелдерге, жүкті келіншектерге, кәмелетке толмаған балалары бар аналарға, қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға қатысты ізгілендіру тетіктері кеңінен қолданылып жүр. Өткен жылғы рақымшылық ең алдымен әйелдерге қатысты ұсынысымнан басталды. Мақсатым – ана мен баланы бір-бірінен айырмау. Өйткені әйел түрмеге қамалған кезде, шын мәнінде, екі тағдыр жазаланады. Қазақта өте терең мағыналы сөз бар: «Әкесі жоқ бала – жартылай жетім, анасы жоқ бала – толық жетім». Анадан айырылу – балаға ең ауыр психологиялық соққылардың бірі. Яғни маған бұл шешім қылмысты ақтау емес, баланы қорғау мәселесі. Бастаманың арқасында былтыр жалпы 3,3 мың әйел отбасына оралды, – деді депутат.

Қандай шешім қабылданса да, алдымен қоғамға елеулі қауіп төндірмеу мен сотталған азаматтардың қылмысты қайта жасамайтындарына екпін қойылады. Бұл талаптың маңызын тәжірибе де дәлелдеп отыр. Мәселен, Қарағанды облысында рақымшылықпен бостандыққа шыққан әйел қайтадан алаяқтық жасаған. Ол Instagram арқылы киім сататынын жария­лап, сатып алушылардан алдын ала ақша алып, тауарды жеткізбей, қаражатты жеке мақсатқа жұмсаған. Теміртау қалалық соты оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Кейін апелляциялық сот рақымшылық заңын қолданып, жазаны 2 жыл 4 айға дейін қысқартқан. Алайда тексеріс барысында бұл шешімнің заңға қайшы екені анықталды, себебі бұрын қасақана қылмыс жасап, қайта құқық бұзғандарға рақымшылық қол­­­даныл­­майды. Осыған байланысты Бас прокуратураның наразылығынан кейін сот шешімі өзгертіліп, бастапқы үкім – 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы қайта күшіне енді.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау, адам өлтіру, адам саудасы, мемлекетке опасыздық жасау, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыс, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс, әйелдер мен балаларды азаптау, басқа да аса ауыр қылмыс үшін сотталғандар кешірілмейтінін айтты.

– Биыл алғаш рет қылмыстық амнис-тиямен қатар әкімшілік рақымшылық та болады. Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес, жалпы сомасы 21,1 млрд теңге айыппұл есептен шығарылады. Шамамен 4,5 мың адам қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылады. Сондай-ақ 10,8 мың сотталған адамның жаза мерзімі қысқартылады немесе жазасы жеңілдетіледі. Олардың арасында амнистияға ілігуі мүмкін 3 мыңға жуық әйелдің 249-ы қазір бас бостандығынан ­айыру орындарында жазасын өтеп жатыр. Қалғандары пробациялық бақылауда, тағы бір бөлігі тергеуде. Рақымшылық автоматты түрде емес, жасаған қылмыс санатына, түзеу мекемелеріндегі мінез-құлыққа, залалды өтеуге, т.б. байланыс­ты айқындалады. Кей азаматтар жазаны одан әрі өтеуден толық босатылады, ал басқалары мерзімнің өтелмеген бөлігін қысқартады не заңда көзделген өзге де жеңілдету шараларын қолданады, – деді министрдің орынбасары.

Парламент қылмыстық, қылмыстық-про­цестік, қылмыстық атқару заң­намасын, Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы кодексті Конституция талаптарына сәйкестендіру жөніндегі заңды қабылдаған еді. Оның негізінде әйелдердің жазаны өтеу жағдайын жақсартуға бағытталған нормалар бар. Мәселен, отбасы мүшелерімен телефон арқылы сөйлесуге қойылған шектеулер алынады. Жүкті әйелдерге босану кезеңін қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінен тыс, азаматтық перзентханаларда өткізуге жағдай жасалады. Бұған қоса, олардың әлеуметтік-тұрмыстық құқықтары кеңейтіледі. Атап айтқанда, сәлемдеме алу, кездесулер саны артады, серуендеу уақыты ұзартылады.

– Рақымшылықтың гуманитарлық маңызымен қатар, практикалық маңызы да бар. Бүгінде түзеу мекемелеріне түсетін жүктеме аз емес. Абақтыда отырған адамдар саны көп. Мемлекет шексіз түрде жаңа түрмелер салуға қаржы жұмсай бермеуі керек. Оның орнына түзеу мекемелеріндегі азаматтарға халықаралық стандарттарға сай жағдай жасауға міндетті. Әсіресе бұл қарттарға, әйелдерге, мүгедектігі бар азаматтарға қатысты. Сондықтан рақымшылық бір мезетте екі мәселені шешеді: біріншіден, гуманизм қағидатын жүзеге асырады, екіншіден, қылмыстық атқару жүйесіне түсетін салмақты азайтады, – деді депутат Қ.Әбден.

Бастысы, бұл игі қадам «қылмыс жасасаң да құтылып кетесің» деген сезімді емес, «маған мүмкіндік берілді, енді қателесуге құқығым жоқ» деген жауапкершілікті ұялатуға тиіс. Мемлекет өз міндетін кезең-кезеңімен орындайды, ендігі кезек – қоғамға қайта қосылған азаматтардың ниеті мен жаңа қадамында.

Бөлісу:
Рақымшылық – түзелуге берілген мүмкіндік · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар