Көрме
3 мин оқу 50

Мұрақ тұнған ұлттық мұра

<p style="text-align: left;">Алматыдағы Ұлттық орта&shy;лық музейде &laquo;Дәуірлер үні: қазақ бас киімдері&raquo; деп аталған айрықша көр&shy;ме ашылды. Музей қоры&shy;нан жа&shy;сақталған қырық&shy;тан астам экспо&shy;нат&shy;тың қата&shy;рында көп&shy;шілік назары&shy;на сирек ұсы&shy;нылатын күләпара, дал&shy;бағай, аққалпақ секілді құнды мұралар бар.</p>

Мұрақ тұнған ұлттық мұра

Көрме қонақтары ұлттық киім мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын сәукеле, кимешек, тақия, бөрік, тымақ, қалпақ секілді сан алуан бас киімдердің шығу тарихымен, қолданылу ерекшелігімен танысты. Тағылым ордасының бас ғылыми қызметкері Ғалия Теміртон бас киім ұлттың жадын, халықтың болмысын, әлеуметтік құрылымы мен дүниетанымын бойына жинаған мәдени код екенін айтады.

«Көрменің негізгі мұраты – қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ерекше орын алған дәстүрлі бас киімдердің мәдени және тарихи маңызын айшықтау. Қазақ дүниетанымында бас киімнің орны ерекше. «Басыңдағы бағың кетпесін» деп ырымдаған халқымыз бас киімді қасиетті санаған. Оны жерге тастамаған, аяқасты етпеген, біреуге жөнсіз бермеген. Себебі бас киім адамның қадір-қасиеті мен абыройының белгісі деп қабылданған», дейді ғалым.

Көрме экспозициясында бірқатар жәдігердің тарихы баян­­далды. Олардың қатарында XIX ғасырдың басына жататын, сұлтан Баймұхамед Айшуақов­қа тиесілі аса құнды мұрақ бар. Қызғылт күлгін және жасыл бар­қытпен тысталған, төрт сайдан құралған бұл конус пішінді, биік шошақ төбелі бас киім зертас­памен көмкеріліп, зер жіппен көгеріс өрнегі арқылы кестеленген. Мұндай мұрақ қазақ қоғамындағы әлеуметтік мәртебені білдіретін әрі салтанатты рәсімдерде киілген ерекше бас киімдердің бірі дейді мамандар.

Сол секілді Батыс Қазақстан өңіріне тиесілі XIX–XX ғасырлар тоғысындағы сәукеле де көрер­мен назарын аударды. Қызыл бар­қытпен тысталған бұл сәукеле ақық, маржан, оқа, үкі, құндыз терісімен әсем безендірілген. Жәдігер 1924 жылы сол кездегі Орал губерниясы Ілек уезі Қарашығанақ аймағынан музей қорына қабыл­данған. Сондай-ақ көрмеге XX ғасырдың ортасына тән шошақ төбелі далбай тымақ қойылды. Сұр шибарқытпен тысталған, қой терісімен көмкерілген бұл бас киім ұл балаларға арналған қыс­қы тымақтың өңірлік ерекше­лігін танытады. Жәдігер 1987 жылы Ұлттық орталық музейі­нің этнографиялық экспеди­ция­сы барысында Түрікменстан­ның Красноводск облысы Қош­оба ауылынан қор жинағына
қа­былданған.

ж

Ұлттық бас киімдердің әр­қай­сысы белгілі бір жас ерекшелігін, әлеуметтік мәртебені, тіпті адам­­ның шыққан ортасын білдірген. Ертеде қазіргі құжаттың қызметін атқар­ған бас киімге қарап-ақ адам­ның қай өңірден екенін, қоғамдағы орнын, жас мөлше­рін немесе отбасылық жағдайын анықтайтын болған.

– Жалпы, адам баласының киім үлгілерінің ішіндегі ең киелісі де, ардақтысы да – бас киім. Ерте кезеңдерде ол тек қорғаныш қызметін атқарып қана қой­май, адамның қоғамдағы орнын айқындайтын белгі болған. Бүгінде өзімізді құжат арқылы танытсақ, бұрын бас киім арқылы адамның шыққан тегі, әлеуметтік дәрежесі мен тұрғылықты ортасы белгілі болған, – дейді бас киім шебері Тілек Сұлтан.

Оның айтуынша, отырық­шы халықтарда бас киім үлгілері көбіне өңірлік ерекшеліктерге байланысты қалыптасса, көшпелі қазақ қоғамында ру-тайпалық сипат басым болған. Мәселен, ер адамдардың тымағына немесе әйелдердің кимешегіне қарап, оның қай рудан немесе қай орта­дан шыққанын ажыратуға мүмкін­дік туған.

Көрме қазақ шеберлерінің нәзік талғамы мен қолөнердегі жоғары мәдениетін де айқын көрсетеді. Кесте, зергерлік әшекей, аң терісі, бағалы маталар арқы­лы жасалған бұйымдар ұлттық өнердің байлығын паш етеді. Әсіресе сәукеленің салтанаты мен кимешектің мағыналық мазмұны қазақ әйелінің қоғамдағы орнын, отбасы мен ұрпақ сабақтасты­ғын бейнелейді.

Экспозицияда халық тұр­мы­сында кеңінен қолданылған өзге де бұйымдар таныстырылып, олардың дәстүрлі ортадағы қызметі жан-жақты түсіндірілді. Көр­ме шілде айының соңына дейін жалғасады.

АЛМАТЫ 

Бөлісу: