Құқықтық жүйені кешенді жаңғырту үдерісі
<p style="text-align: left;">Әділет министрлігінің Қоғамдық кеңесінде өткен жиында жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы жобасының негізгі ережелері талқыланды.</p>

Жиында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев сөз алып, биыл 15 наурызда жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Конституция мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастырып қана қоймай, құқықтық жүйені кешенді жаңғыртуға берік негіз қалағанын атап өтті.
– Жаңа Конституцияда адамның құқығы мен бостандығы бүкіл жүйенің негізін құрайды. Бұл қағидатқа сәйкес мемлекет өзі үшін емес, азаматтың қадір-қасиетін, қауіпсіздігін және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін қызмет етеді. Конституциялық реформалар қолданыстағы заңнаманы қайта қарауды қажет етті. Осы мақсатта ұлттық құқықтық жүйені дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайтын негізгі құжат ретінде Құқықтық саясаттың жаңа тұжырымдамасы қабылданды, – деді министр.
Отырыс барысында конституциялық жаңашылдықтарды іске асыру, заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ алдағы кезеңдегі құқықтық реформалардың басым бағыттары талқыланды.
Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Бәшімов қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер құқықтық реформалардың мазмұнына тікелей әсер етіп отырғанын айтты. Оның пікірінше, цифрлық дәуірдің дамуы жаңа құқықтық қатынастарды қалыптастырып, цифрлық құқық, интеллектуалдық меншік, ғылым мен инновация салаларының маңызын арттырды.
– Барлық құқықтық реформаның түпкі мақсаты – халықтың өмір сапасын арттыру. Заңдар нақты нәтиже беруге тиіс және әлеуметтік-экономикалық дамуға тікелей ықпал етуі қажет. Президент атап өткендей, Әділетті Қазақстанды құру үшін бюрократияны азайтып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру маңызды. Заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті нығайту арқылы азаматтардың құқықтары толық қорғалады, – деді ол.
Осы бағытта құқықтық реттеуді жаңарту қажеттілігі де атап өтілді. Соған сәйкес азаматтық, қылмыстық және әкімшілік кодекстерге бірқатар өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр. Жақында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруға бағытталған.
Талқылау барысында «Autism Kazakhstan» ұлттық қауымдастығының төрағасы Нұрия Балтабайқызы борышкерлерді мәжбүрлеп сотқа жеткізу кезінде Әділет және Ішкі істер министрліктері арасындағы өзара іс-қимылға қатысты мәселені көтерді.
– Сот шешімі шығып, атқарушылық құжат берілгеннен кейін борышкер оны орындаудан жалтарып, жасырынып жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда борышкерді мәжбүрлеп сотқа жеткізу қажеттілігі туындайды. Алайда осыған байланысты белгілі бір құқықтық қайшылық бар. Жеке және мемлекеттік сот орындаушылары борышкерді сотқа жеткізу туралы қаулы шығарғанымен, бұл мәжбүрлеп әкелу функциясы Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатады. Ал соттар мұндай істерді қараудан бас тартып, сот шешімін орындау мүмкін болмай қалған жағдайлар кездесетін. Осы мәселе бойынша Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп қандай да бір шешімге келді ме? Бұл құқықтық қайшылық жойылды ма? Себебі сот шешімдерінің орындалмауы халықтың сот жүйесіне деген сеніміне кері әсерін тигізіп, қоғамда алаңдаушылық туғызады, – деді ол.
Өз кезегінде Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Мақсат Балабеков заң жобасын әзірлеу барысында осы мәселе жан-жақты қарастырылғанын әрі заңнамалық деңгейде шешімін тапқанын жеткізді.
– Бұрын бұл бағытта белгілі бір құқықтық қайшылықтар болған. Атап айтқанда, борышкерді мәжбүрлеп әкелу тәртібі әртүрлі заңдарда әрқалай қарастырылды. Қазіргі таңда бұл нормалар біріздендіріліп, әкімшілік заңнама шеңберінде нақты реттелді. Енді мәжбүрлеп жеткізу рәсімін Ішкі істер министрлігі өз құзыреті аясында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады. Қолданыстағы нормада борышкер әкімшілік іс қаралған кезде міндетті түрде қатысуы қажет. Сондықтан оның қатысуынсыз істі қарау мүмкін емес. Осы себепті негізгі мәселе – оны сотқа немесе тиісті органға жеткізу, – деді М.Балабеков.
Жалпы, Қоғамдық кеңес отырысында жаңа Ата заң аясында құқықтық жүйені одан әрі жетілдіру, қабылданған заңнамалардың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту мәселелері қаралды.