Абай облысында шамамен 30 гектар аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртеніп жатыр
<p>Абай облысының Үржар ауданында қамыс пен құрғақ шөптің жану фактісі тіркелді. Өрт ошағы Қаракөл ауылдық округіне қарасты Перешейка учаскесінде анықталған, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт «Ғарыш Сапары» АҚ-ның геоақпараттық мониторингі барысында байқалған. Ақпарат түскен бойда оқиға орнына құтқарушылар мен арнайы техника жіберілді.
Барлау жұмыстары кезінде Сасықкөл көлінің жағалауындағы батпақты әрі жетуі қиын аумақта шамамен 30 гектар жердегі қамыс пен құрғақ шөптің жанып жатқаны анықталды.
Өртті сөндіру жұмыстары жер бедерінің күрделілігіне байланысты қиындық тудырған. Батпақты аумаққа өрт сөндіру техникасының жете алмауына қарамастан, құтқарушылар тілсіз жауды оқшаулап, толық сөндіру үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Қазіргі уақытта жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. ТЖМ жағдайды бақылауға алды.