Президент
2 мин оқу 40

Кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды: Президент конституциялық реформалардың маңызын атады

<p>Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртудың жаңа кезеңі басталғанын айтты, деп хабарлайды&nbsp;<a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды: Президент конституциялық реформалардың маңызын атады

Президент бұл өзгерістердің кезекті әкімшілік реформа ретінде қабылдауға болмайтындығын атап өтті.

«Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз. Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттіміз. Бұл – аса маңызды міндет. Оған мемлекеттік қызметте, академиялық институтта, ғылыми және саяси зерттеулер орталықтарында, үкіметтік емес секторда, халықаралық ұйымдарда қызмет ететін, осы іске қатысы бар азаматтардың барлығы атсалысуы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойғанын еске салып, елдің болашағы осы мақсаттың орындалуына тікелей байланысты екеніне тоқталды.

«Былтырғы Жолдауымда Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойғанымды білесіздер. Еліміздің келешегі осы мақсатты қалай іске асыратынымызға байланысты. Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз. Мұны ешқашан естен шығармайық. «Жау жоқ деме жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн. Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет. Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек. Осы тұста бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарымызды айқындап алу қажет деп санаймын», деді Президент.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Жиында Мемлекет басшысы қос палаталы Парламентте отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық заң қабылданғанын атап өтті. 

Бөлісу:
Кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды: Президент конституциялық реформалардың маңызын атады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар