Мемлекет басшысы: Алдағы екі жылда елімізде 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ
<p>Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде алдағы екі жылда елімізде 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Президент бұл жобаларды жүзеге асыру үшін шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылатындығын атап өтті.
«Елімізде көлік, тұрмыстық техникалар, жүк вагондарын, құрылыс материалдарын және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатыр. Тек 2023-2025 жылдардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 3,7 триллион теңге болды. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады. Бұл – қазынаға түсетін салық көлемі артады, өндіріске озық технологиялар енгізіледі және ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлерді қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.
«Іске қосылған жобалардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауға баса мән беріп отыр. Осы мақсатқа қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жалпы, Қазақстандағы жұмысқа жарамды азаматтардың жартысына жуығы табысын шағын және орта бизнестен тауып отыр. Соңғы бес жылда осы секторда еңбек ететін адам саны 4,5 миллионға жетті. Жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Мұны рекордтық көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Былтыр «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді», деді Президент.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Жиында Мемлекет басшысы қос палаталы Парламентте отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық заң қабылданғанын атап өтті.