Мемлекет басшысы Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышартын атады
<p><strong>Мемлекет басшысы жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік беретінін атап өтті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

«Төртінші. Алдымызда толыққанды цифрлық мемлекет құру міндеті тұр. Сіздерді тыңнан түрен салып, цифрлық дәуірге жол ашқан депутаттар деуге болады. Біздің елімізде болсын, әлемде болсын – жалпы еш жерде жасанды интеллектіні заң тұрғысынан реттейтін дайын үлгі немесе тәсіл болған жоқ. Соған қарамастан, сіздер еліміздің осы саладағы өсіп-өркендеуіне берік негіз болатын тиімді құқықтық жүйені құруға елеулі үлес қостыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жоғары бағалаймын. Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Бұл – Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышарты. Қазақстан мүлдем жаңа сипаттағы Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылдаған жаһандағы алғашқы елдердің бірі. Бұл қадам толыққанды Цифрлық ел болу үшін заманауи инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді», деді Президент.
Тоқаев: Экономиканы әртараптандыру – өте күрделі және жауапты міндет
Мемлекет басшысы еліміз қазірдің өзінде осы жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан «Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексіне» сәйкес Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр.
«Бірақ, бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алдағы ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдары «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясында айқындалды. Мен бұл құжатты маусым айының басында бекіттім. Біз жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі саласына енгізіп, мемлекеттік басқарудың сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Осы бағытта алғашқы маңызды шаралар қолға алынды. Мен қаңтар айында банк қызметі саласына қатысты жаңа заңдарға қол қойдым. Сол арқылы цифрлық қаржы активтерін айналымға енгізудің нақты шарттары айқындалды. Сондай-ақ менің тапсырмаммен еліміздің құқықтық негізін жүйелеп, толыққанды жаңғыртуға мүмкіндік беретін Реттеу жөніндегі интеллект орталығы құрылды. Бұл қадам кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетпек. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «e-Government Business» экожүйесін дамыту арқылы бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік туады», деді Тоқаев.
Президент бұдан әрі еліміздегі цифрлық банктер мен финтех-компаниялар тұтынушыларға және кәсіпкерлерге арналған қолайлы экожүйенің негізін қалағанын айтты.
«Қаржы, сауда жүйелері және мемлекеттік қызметтер арасында кедергісіз цифрлық кеңістік қалыптасты. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда электронды коммерция нарығы шамамен сегіз есе ұлғайып, 3,7 триллион теңгеге жетті. Бұл – еліміздегі бөлшек сауда көлемінің шамамен 15 пайызы. Мұның бәрі азаматтарымыздың цифрлық жүйелерге деген сенімі жоғары екенін және олардың тұтынушылық мәдениеті өзгере бастағанын көрсетеді. Осы қарқынды бәсеңдетпеу үшін мемлекет тиісті инфрақұрылымды үздіксіз дамытып отыруы керек. Қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу бұл бағыттағы маңызды қадам болды. Ол жасанды интеллекті жөніндегі теориялық тұжырымдарды мемлекеттік басқаруға, экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке арналған қолданбалы шешімдерге ұластырды. Дегенмен жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді. Дәл осы себепті «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады. Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын», деді Президент.
Мемлекет басшысы: Алдағы екі жылда елімізде 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ