Жыл басынан бері елордада 3 мыңнан астам азамат жоғалып кеткен
<p><strong>Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері елордада әртүрлі жастағы азаматтардың із-түзсіз жоғалуына қатысты 3 мыңнан астам өтініш тіркелген. Балық аулауға немесе серуендеуге шығып, түрлі себептермен байланысқа шықпай қалған азаматтарға қатысты жағдайлар жиі кездеседі екен, деп жазады <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></strong></p>

Жоғалған жандардың жүрген жерін анықтау мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары маңызды көмек көрсетеді. Дрондар жер үстінен іздестіру қиын немесе мүмкін емес жағдайларда қолданылады. Нақты айтқанда, су айдындарында, қамыс қалың өскен аумақтарда, орман белдеулерінде, батпақты жерлерде, сондай-ақ қалалық бейнебақылау жүйесі қамтымаған аумақтарда пайдаланылады.
Мұндай жағдайларда дрондарды пайдалану іздестіру жұмыстарын едәуір жеделдетеді әрі уақытты қысқартады.
«Дрондар жетуі қиын жерлердегі іздеу жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бірқатар жағдайда әуеден жүргізілетін мониторинг із-түзсіз жоғалған адамдарды табуға немесе олардың болуы мүмкін аумағын нақтылауға ықпал етеді», делінген хабарламада.
Бұған дейін Жамбыл облысында жоғалып кеткен азамат дронның көмегімен табылғаны туралы хабарлаған едік.
Еске сала кетейік, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен 24 жастағы ел азаматы Әсет Құралбайдың қаза тапқанын растаған еді. 24 жастағы Әсет Құралбай соңғы рет 2 маусым күні байланысқа шығып, 7 маусымнан бастап телефоны өшірілген. 10 маусымда полиция жас жігіттің автокөлігін тапты. Кейін оның мәйіті елге жеткізілді.