Домбыраға билет керек: Ұлттық аспапты ұшақта тасымалдау тәртібі қандай?
<p><strong>Домбыра күні қарсаңында ұлттық аспапты әуе көлігімен тасымалдау мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Домбыраны ұшақ салонына алып кіруге бола ма? Қандай жағдайда оған жеке орын сатып алу қажет? Қолына ұлттық аспап ұстағандарға қойылар талап қандай? Бұл мәселе ұлттық аспапты дәріптеуге кедергі келтіре ме? Осы сауалдарға <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> тілшісі жауап іздеп көрді.</strong></p>

«Домбыра бізді қанша биікке көтерді, бірақ біз ұлттық аспабымызды биікке көтере алмай келеміз»
Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов домбыраны ұшақта алып жүрудің символикалық астары барын тілге тиек етіп, ондағы жастардың көзі ұлттық аспапқа қанығатынын айтты.
«Домбыра ұстап жүрген жандардың бәрінің жағдайы екі билет алуға келеді деп ойламаймын. Ол қол жүгі есебінде жүруі керек. Болмаған жағдайда оны багажға өткізуге болады. Бірақ біздің елімізде жүктерді лақтыру әлі де қалыпты құбылыс болып отыр. Қазір ұлттық аспап арзан тұрмайды. Әр адамның қолындағы аспабы ең құнды дүниесі. Мен бір айтыста «Домбыра бізді қанша биікке көтерді, біз бірақ сол домбырамызды биікке көтере алмай келеміз» деген болатынмын. Расымен, әлі күнге дейін кейбір әуе компанияларында бұл үлкен мәселе. Бәріне бірдей ортақ талап әлі де шешілмей келе жатқан секілді», дейді Мұхтар Ниязов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күнімен құттықтады
Ақынның айтуынша, қазіргі күнге дейін баратын айтысқа домбыра алып бармауға тырысады.
«Айтыста өзгенің домбырасын тартуға болады. Бірақ күй шертіп, жыр тартатын кезде, әр өнер адамының ұлттық аспабы астындағы арғымағы секілді. Өзімен бірдей шабатын болғаннан кейін құлағын келтіріп, баптап апару керек деп ойлаймын», деді айтыскер.
«Домбыраны қарапайым жүк ретінде қарастыру дұрыс емес»
Ақтоты Болшова – елімізде электро домбырамен өнер көрсететін танымал тұлғалардың бірі. Ол домбыра үнін заманауи музыкамен үйлестіріп, өз туындыларын орындап келеді. Өнерпаз қолындағы аспабын шетелде арнайы жасатып, этно, джаз, рок және басқа жанрларды қазақы нақышпен орындайды. Оның өнері көпшілікті тәнті етпей қоймайды.
Ұлттық домбыра күні: ШҚО құтқарушылары ерекше челленджке қатысты
Өнер жұлдызы біз қозғаған мәселемен ұдайы кездесетінін айтады. Алайда мәселенің алдын алу үшін әуе компанияларының талабын сөзге келмей орындайтынын жеткізді. Ол ұлттық аспапқа қарапайым жүк ретінде қарамау керек деп санайды.
«Домбыра – қазақ халқының ұлттық мұрасы, рухани құндылығы. Сондықтан оны қарапайым жүк ретінде қарастыру дұрыс емес деп ойлаймын. Багаж бөлімінде аспап сынып қалуы немесе зақымдануы мүмкін. Домбыра өте нәзік аспап болғандықтан, оны иесі өзімен бірге алып жүргені жөн. Мен де осыған қатысты үнемі мәселелер туындайтын. Қазір проблеманың алдын алу үшін ақысын алдын ала төйлеп жүремін», дейді өнер иесі.
ЮНЕСКО басшылығы қазақ елін Ұлттық домбыра күнімен құттықтады
Аспаптың салмағы 10 келіден аспауы қажет
Аталған мәселе байланысты Көлік министрлігінің баспасөз қызметі «Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқанын атап өтті. Ведомство ел азаматтарының өтініштерін ескере отырып, аталған жоба аясында алғаш рет нормативтік деңгейде жолаушылардың музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыра мен қобызды, әуе кемесінің салонында қол жүгі ретінде алып жүру құқығы бекітіледі. Бұл бастама азаматтардың жайлылығын арттыруға бағытталған.
«Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, музыкалық аспаптар өлшемі 110×35×30 см-ден және салмағы 10 келіден аспайтын қаптамада (футлярда) тасымалданады. Егер домбыраның жалпы салмағы әуе компаниясы белгілеген қол жүгі нормасынан асып кетсе немесе жолаушының домбырадан бөлек қосымша бірлік қол жүгі болса, онда нормадан тыс тасымалдау қолданыстағы қағидаларға сәйкес ақылы негізде жүзеге асырылады. Аталған түзетулерді қабылдау жолаушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және музыкалық аспаптарды әуе көлігімен тасымалдауды құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған», деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.