С.Егізбаев: Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау үш жылда он бір есеге артты
<p>«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары С.Егізбаев партияның кезектен тыс XXVI съезінде сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған басымдықтарға тоқталды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Спикердің айтуынша, партияның бастамалары мен Үкіметпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі айтарлықтай артқан.
«Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі партиямыздың белсенді ұстанымы мен Үкіметпен бірлескен жұмысының нәтижесінде соңғы үш жылда 11 есеге артты. 2021 жылғы 140 миллиард теңгеден биыл 1,5 триллион теңгеге дейін өсті», деді С. Егізбаев.
Оның сөзінше, партия бастамасымен құрылған Су ресурстары министрлігі су саласындағы басқаруды жетілдіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жаңа Су кодексі қабылданып, фермерлер үшін еріген қар суын жинауға қатысты артық бюрократиялық кедергілер жойылды. Нәтижесінде шаруалар екі миллион текше метрге дейін еріген қар суын ешбір кедергісіз жинай алады.
Сайлауға қатысу – азаматтық парыз: Құрылтай – халықтың жаңа таңдауы
Съезде партияның әлеуметтік бастамалары да айтылды. Атап айтқанда, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін салық салынбайтын табыс мөлшері алты есеге ұлғайтылып, Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық туралы заң қабылданғаны атап өтілді. Сонымен қатар әскери қызметшілердің өтініштері негізінде сарбаздардың азық-түлік үлесінің құны 40 пайызға арттырылған.
С. Егізбаев партияның жаңа сайлауалды бағдарламасы жеті негізгі басымдыққа негізделгенін айтты. Олар әділетті мемлекет құру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, білім мен ғылымды қолдау, дәстүрлі отбасы институтын нығайту және экологиялық тұрақты дамуды қамтиды.
Спикердің айтуынша, бағдарлама аясында ауыл үшін мамандандырылған Агробанк құру, өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту, жас мамандарға арналған ауылдық ипотеканы дамыту және ауылға кадр тартуға бағытталған жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Д.Рахымбек: «Біздің мақсат – ауылдан кету емес, ауылға оралу»
Сөз соңында С. Егізбаев партияның сайлауалды бағдарламасы нақты нәтижеге бағытталғанын айтып, делегаттарды оны қолдауға шақырды.
«Біздің сайлауалды бағдарламамыз – барша отандастарымыздың мүддесі мен тілегіне негізделген нақты және тексерілген іс-қимыл жоспары», деді ол.