Жаңалықтар
3 мин оқу 605
“Астана сазы” ансамблі қытай елінде өз өнерін паш етті
Жуырда Қытайдың Үрімші қаласында алғаш рет халықаралық балалар фестивалі өтті. Оған Астана қаласындағы №2 балалар музыка мектебінің “Астана сазы” фольклорлық ансамблі қатысып, табыспен оралды.
Астаналық ансамбльді №2 балалар музыка мектебінің директоры, сазгер Оспан Сүлейменұлы бастап барды. Елордалық өнерлі балалар Құрманғазының “Балбырауын” және Нұрғиса Тілендиевтің “Ата толғауы” күйлерін орындап, қошеметке бөленді. Сонымен қатар №2 балалар музыка мектебінің ұстазы Кәрімбек Ендібаевтың “Астана салтанаты” атты күйін бірнеше елден жиналған көрермендердің назарына тарту етті. Жеке орындаушылар да ән шырқады.
“Балалар концерттен тыс уақыттарда орталық саябақты, зообақты аралап көрді. Әсіресе озық заманауи технологияның дамуына арналған мұражай балалардың өте қызығушылығын туғызған. Онда әлі қолданысқа енбеген техника түрлерімен, әр түрлі “өнер” көрсете алатын роботтармен танысты. Өнерлі балаларға құлтемірлерден құралған оркестр ерекше әсер етті. Жиырмадан астам мүшесі бар “өнерпаз” оркестрдің өз дирижерлері бар. Олардың орындаған шығармасы әр баланы өзіне тартып, қызықтыра түсті. Сонымен қатар, Қытай елі ғарышты зерттеуге өте мән беріп отырғанын анық байқадық. Өйткені, осы мұражайдың бір қабатын түгелдей ғарыш саласына арнаған. Онда балалар Жер шары мен ғаламшардың құпия әлемінен мол мағлұмат алды деп ойлаймын”, – дейді №2 балалар музыка мектебінің директоры О.Сүлейменұлы.
“Егемен-ақпарат”.
АСТАНА.
* * *
“Шәмші әлемі” шағын бағы немесе жақсы бастама жалғасын табуда
Облыс орталығындағы Әл-Фараби ауданына қарасты “Көл” маңындағы жаңадан салынған скверге – “Шәмші әлемі” шағынбағы деп атау берілді. Бұл әсем атау енді ғасырлар бойы халыққа қызмет ете бермек. “Шәмші әлемі” шағынбағында көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар, фестивальдар мен тағы басқа да түрлі жарыстар өткізілетін болады. Енді 45-50 жылдан кейін (мүмкін Шәмші Қалдаяқовтың 125 жылдығына орай), осы атауды кімнің қойғаны туралы сөз қозғалуы мүмкін. Сонда кейбір кісілер бұл атауды мен қойдым деп айтып қалуы да ғажап емес! Өйткені, елу жылда ел жаңа демекші, бүгінгі таңда аудан, қала, облыста қызмет істеп жүргендердің ол кезде бұл пәни дүниеде болуы немесе болмауы бір Аллаға ғана аян. Сондықтан, осы атаудың қалай берілгенін білетін маман ретінде әрі тарих үшін мына жәйттерді айта кетсем деймін. Жылдағы дәстүр бойынша облыстық ономастика комиссиясының хатшысы ретінде комиссияның 2010 жылға арналған жұмыс жоспарын жасап, облыстық ономастика комиссиясының төрағасы А.Мырзахметовке бекітуге ұсынған едік. Келесі күні құжат кеңседен шыққаннан кейін байқасам, Асқар Исабекұлы биылғы жылдың жұмыс жоспарына Шымкент қаласындағы “Көл” маңындағы скверді “Шәмші әлемі” шағынбағы деп атау және “этноқалашыққа” “Тәуелсіздік алаңы” атын беру туралы мәселені өз қолымен жазып, жоспарға енгізген екен. Осы жоспарға сәйкес Шымкент қалалық ономастика комиссиясы өз мәжілісінде “Көл” маңындағы скверді “Шәмші әлемі” шағынбағы деп атау туралы ұсынысты Шымкент қалалық мәслихатының қарауына жолдап, бұл мәселе қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралып, қолдау тапқан. Яғни, Асқар Исабекұлының қолға алған идеясы іске асып, Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші тұрғызылды. Сондай-ақ осы “Шәмші әлемі” шағынбағында “Жұлдыздар аллеясы” ашылып, оған елімізге белгілі сазгерлер мен әншілердің аты-жөні жазылып, осы атау аясында дүркіреген фестиваль өтпек. Демек, 1992 жылы Шымкент қаласының әкімі Амалбек Тшанов пен қалалық кеңестің төрағасы Қуаныш Төлеметовтің бастамасымен басталған Ш.Қалдаяқов атындағы фестиваль одан әрі облыс басшыларының тың идеяларымен жалғасын тауып жатқаны жұртшылықты қуантып, елдің елдігін таныта түспек! Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының хатшысы.Бөлісу: