Жаңалықтар
3 мин оқу 450
Жанданған жарыс
Жыл аяғы жақындап келеді. Ал белгіленген міндеттердің іске асырылуы қалай? Бұл жайында жақында облыс жұртшылығы кеңінен құлағдар болып қалды. Әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуда қалалар мен аудандардың қайсысы алда екенін сараптауға арналып жүргізілген рейтингтің ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысында көш басындағылар анықталды. Олардың қарқынды сақтап, жыл мәресіне жақсы табыстардан тайқымай жететіндіктері байқалып отыр.
Мұндағы бір жағымды жаңалық, бұған дейін төменгі, орта саптан көрініп жүретін Шахтинск қаласы көптеген көрсеткіштерден жоғары деңгейімен көзге түсуде. Шахталардағы апат, қақаған қыс ортасында жылу берудің тоқтап қалуы секілді қиындықтарды бастан кешкен шағын шаһарда бүгінгі жағдай танығысыз өзгеруін облыс қалалары арасында даму жағынан бірінші орынды иеленуі айғақтайды.
Ал аудандар ішінен Жаңаарқа өңірі қашанғыдай жарқын істерді жаңғыртушы ретінде осы жолы тағы танылды. Әсіресе, бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы, тұрғындардың ақшалай кірістерінің ұлғаюы, табиғи өсім бойынша көрсеткіштер көрнекті. Нұра аймағы шағын және орта бизнесті өркендету, жұмыссыздықты төмендету, көші-қоңды білікті ұйымдастыру қырынан көріне білсе, Қарқаралы ауданы орта мектептер оқушыларының үлгерімі, қылмыстың азаюы жөнінен озық аталды. Дамуы тұрақты өңірлер қатарына Ұлытау ауданының да қосылуы сүйінішті құбылыс.
Рейтинг қорытындысында сондай-ақ, еліміз бойынша жоғары қарқынмен дамушы 50 аудан тобында Жаңаарқа 18-ші, Нұра 30-шы орыннан табылды. Аталған екі аймақтың бұдан да алдыңғы сапқа шығуға мүмкіндіктері бар, күш-қабілеттері жеткілікті.
Сонымен қатар 14 облыстық орталықтардың арасында Қарағанды қаласының 7-ші орынды иемденіп отырғаны осы рейтинг арқылы белгілі болған мәліметтің бірі. Соның ішінде 6 көрсеткіш бойынша, атап айтқанда, қала бюджеті шығыс бөлігінің атқарылуы, сәби мен ана өлімінің төмендеуі, 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігер санының толықтығы және мектепке дейінгі мекемелермен жеткіншектердің жаппай қамтылуы жақтарынан алғашқы үштік сапта.
Бұл рейтинг қалалар мен аудандардың жарысты жандандырып, бір-бірінен озу үшін тырысуларына әсер етуде.
* * *
ЕГІНДІБҰЛАҚТА ЕСКЕН ЖЫЛЫ ЛЕП
Бұрын жеке аудан болған, кейінде Қарқаралы аймағына қосылған шалғайдағы бұл өңірге “Алтайполиметалл” компаниясы үлкен өзгерістер жасағалы жатыр. “Көктасжал” кенішін игерудің қолға алына бастауы жергілікті өндірістің өркендеуіне жол салмақ. Теректі ауылы маңында құрылысы ірге көтергелі тұрған байыту фабрикасында жылына 3 миллион тонна мыс кені өңделіп, тұтынушыларға 18 мың тоннасы ұнтақ түрінде жөнелтілетін жобаны іске асыру үшін 12,8 миллиард теңге игеріледі. Оны облысты үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі мақұлдап, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне Индустрияландыру картасына енгізілу үшін ұсынды. Жаңа өндіріс ошағында 300-ге тарта жұмыс орны ашылады. Бірінші кезекте өңір тұрғындары еңбекпен қамтылады. Сонымен бірге Елбасының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне, әлеуметтік әріптестік мәселесіне ерекше көңіл бөлуіне сәйкес облыстық әкімдік пен аталған компания арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандумда өңірді осы жағынан қолдау көзделген. Соған орай “ Алтайполиметалл” аймақты арзандатылған электр қуатымен қамтамасыз етуге, өнеркәсіпті дамыту үшін транзитті энергетикалық әлеуетті құруға, тұрғылықты жастардан мамандар даярлауға атсалысатын болады. Сондай-ақ егіндібұлақтықтарды әлеуметтік-тұрмыстық, тұрғын үй құрылысының қоса жүргізілмектігі қуантып отыр. Теректі ауылында жаңадан 100 үй, спорттық-сауықтыру кешені салынады. Теректі-Егіндібұлақ бағытындағы 32 шақырымдық жол жөнделіп, күтімде ұсталады, Шарықты селолық округінің Айыр елді мекеніне ауыз су тартылады. Аудан таратылғанда жұмыс іздеп жақын маңдағы қалаларға қоныс аударуға мәжбүр болғандардың бүгінде туған жеріне оралып жатқандары күннен-күнге көбейе түсуде. Ауыл шаруашылығымен қатар бұдан былай қарай өндірістің өркендеуі де қызықтыруда оларды. Иә, өскелең өмір лебі Егіндібұлақта да есіп келеді. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы.Бөлісу: