Жаңалықтар
5 мин оқу 234
Үміткерлер ақтық күреске шықты
АҚШ президенті сайлауының жаңа кезеңі басталды. Бұған жұрт назарының ауатыны да заңды. АҚШ-тай бүкіл әлемге әмірін жүргізгісі келетін алып державаны ертең кімнің басқаратыны кім-кімнің де қызығушылығын туғызатыны анық. Өйткені, мемлекет басына келген адамның саясаты сол елге ғана емес, бүкіл әлемдегі жағдайға ықпал етеді. Сондықтан президент қызметіне кімнің лайық екенін жұрттың бәрі білгісі келеді.
Сірә, президенттік үшін ең ұзақ күрес те сол АҚШ-та шығар. Ол осыдан бір жыл бұрын басталса, мәреге жетуіне де әлі бір жылға тарта уақыт бар. Осы уақытта ол біраз кезеңнен өтеді. Алдымен үміткерлер ұсынылады, содан соң тіркеледі. Содан түрлі айтыстар, тартыстар басталады. Ондағы негізгі мақсат – елдегі негізгі екі партияның атынан ақтық күреске кімнің түсетінін анықтау. Ол шілдеде өтетін екі партияның съезінде белгілі болады. Елдің 50 штатында алғашқы сайлау жиналыстары өтіп, әр штатта қай партия үшін қай үміткерге көбірек ықылас білдірілетіні анықталады.
Алғашқы жиналыстар екі түрде өтеді: кокус деп аталатын бірінде ашық дауыспен партия съездеріне делегаттар сайланса, праймериз деп аталатын екіншісінде тізім бойынша жасырын жабық дауыс беріледі. Сөйтіп, барлық штаттарда мұндай жиналыс өткеннен кейін халық алдында кімнің қандай беделі барлығы айқындалады да, партиялардың съездері ақтық күреске қосылатын бір адамға тоқталады.
Дәстүр бойынша алғашқы жиналыстар Айова штатында өтеді. Мұның маңызды болатыны – кімнің кім екені көрініп қалады да, сол пікір кейін де жалғасуы мүмкін. Содан да кейінірек бұл жиналыстардың мәні де кете бастайды. Өйткені, бас үміткерлер айқындалып та қалады. Енді алғашқы Айовадағы жиналыстарға келсек, онда біраз күтпеген жағдайлар да болды. Атап айтқанда, республикашылар арасында бүгінге дейін бірінші орынды бермей келген миллиардер Дональд Трамп, мұны өзі мойындағысы келмесе де, Техас штатынан сенатор Тед Крузден жеңіліп қалды. Ал Флоридадан сенатор Марко Рубионың бұларға жақындап қалуы да таңданарлық жай. Демократтар ішінен Хиллари Клинтонның жеңісі заңдылық болса, оның сенатор Берни Сандерстен небәрі 1-ақ пайыз артық дауыс алуы шын мәнінде таңданарлық еді. Жұрт үлкен артықшылықты күткен.
Бұл жиналыстардың тағы бір ерекшелігі – олардан соң жеңістен күдер үзгендер күресін тоқтатады. Демократ Мартин О’Мэлли 0,5-ақ пайыз дауыс алған соң, бұдан әрі масқара болмай-ақ қояйын деген тоқтамға келді. Енді демократтар екеу ғана: Клинтон мен Сандерс жекпе-жекке шығады. Ал республикашылар арасында ондайлар көп болса да, көпшілігі далақтап қоса шапқанды қалайды.
АҚШ-тағы сайлау барысын әркім өзінше бағалайды. Ресей ақпарат құралдары бұл елге қатқылдау қарайтын Хиллари Клинтоннан гөрі, арсын-гүрсін сөйлейтін Трамптың президент болғанын жөн көретіндей. Кубалықтар өздерін құрсаудан босатқан демократтарды құп көреді. Бірақ қатарынан екі мәрте демократтар өкілі президент болып сайлана алар ма екен?.. Ал әлем жұртшылығы парасаттылыққа жүгінетін, өз елімен қоса, адамзат тағдырын ойлайтын адам президент болса екен дейді.
Үкіметсіз де өмір сүруге бола ма?
Молдавияда қалыптасқан жағдайға қарап, осылай да сұрақ қоюға болады екен. Әйтпесе, үкіметі жоқ мемлекет болады деп ойлаудың өзі оғаштау көрінетіні анық. Ал біраздан бері осы Молдавияда шын мәнінде үкімет болған жоқ.
Қазір бар деп есептеледі. Бірақ оны мойындап отырған да ешкім жоқ. Өткен жылы қазанның аяғында парламент шешімімен премьер-министр В.Стрелец отставкаға жіберілген соң, бұл елде үкімет болмады. Ел президенті Николае Тимофти 20 қаңтарда түн ортасында Павел Филипті премьер-министр етіп тағайындап, ол ант беріп еді. Сөйтсе де, ол үкімет үйі ғимаратының есігінен шыға алмай, парламент депутаттарымен бірге жертөле арқылы жасырынып шығуға мәжбүр болған. Өйткені, парламент алдында шеруге шыққандар күзетіп тұрған. Сол жиналған халыққа көрінуге шамасы келмейтін үкіметті бар деудің өзі қиын-ау.
Ал қарсылыққа шыққандар айқайы қазір алысқа естіліп жатыр. Олардың билікке қойған шарттарын үкімет қана емес, сырттағылар да, атап айтқанда, Еуроодақ, Ресей басшылығы да естіді. Соған байланысты пікірлерін де білдіріп үлгерді. Қарсылыққа шыққандар жаңа сайлау өткізілсін, президент парламентте емес, жалпы халықтың дауыс беруімен сайлансын дейді. Әйтпесе, бас көшелерді басып алып, қозғалысты тоқтатпақ.
Осы жерде қарсылыққа шыққандар кім, биліктегілер кім дегенге тоқталған жөн. Мұнда да қызық жағдай қалыптасып отыр. Алғашында наразылық көрсетушілер екі топ болды: бірі – Ресей ықпалында, екіншісі Еуропа ықпалында дейтіндер. Олар өздерінің осындай бағытта екенін жасырмай, айқайлап айтып, жеке-жеке топ құрып, шеруге шықса, ақырында екі топ бірікті. Ортақ мақсат – қазіргі билікті кетіру. Одан кейінгі мақсаттары бөлектеу. Ресейлік ықпалдағы топқа Игорь Додонның социалистік партиясы мен ресейлік бизнесмен Ренато Усатый басқаратын солшыл бағыттағы «Біздің партия» партиясы біріккен. Еуропалық ықпалдағы топты «Абырой және шындық» деп аталатын қозғалыс жетекшісі Андрей Настасе басқарады. Бір қызығы – бұлар да еуропалық бағыттағы үкіметке қарсы.
Иә, қазіргі биліктегілер еуропалық бағытты ұстанатындар саналады. Саяси тұрғыда Демократиялық партия парламентте көпшілік дауысқа ие. Оны сол партия басшысының бірі миллиардер Владимир Плахотнюк жасап отыр дегенді айтады. Халық ішінде бар билік соның қолында, соның айтқаны болады деген сөз тараған. Қазіргі премьер-министр Павел Филип те соның тобынан. Бұл топты жемқорлық жайлаған деген пікір қалыптасқан. Содан да билікке қарсылықты қолдаушылар көп.
Ұзақ уақыт елде үкімет дағдарысы болғанын ескерген шығар, АҚШ мемлекеттік департаменті П.Филиптің премьер-министрлікке бекігенін мақұлдап мәлімдеме жасаса, Еуропалық парламент Ресейге бұл елдің ішкі ісіне араласпауын, халықтың еуропалық бағыт ұстау жолындағы іс-қимылына кедергі жасамауын талап етіп те тастады. Осыдан да Молдавиядағы жағдайдың халықаралық сипат алып бара жатқанын аңғаруға болғандай.
Ал ішкі жағдай ше? Оппоцизияның мәлімдемелеріне қарағанда, бүгін-ертең билік солардың қолына көшетіндей. Тіпті, олар әдеп дегенді жиып қойып, биліктегі қызметтерді де бөлісіп жатыр. Билік тізгіні өз қолдарына тигенде, референдум өткізіп, иә Ресеймен, әйтпесе Еуропамен болуды айқындайтындарын мәлімдеді. Шын мәнінде билік солардың қолына тисе, елдің тағдыры не болады деген де ой келеді. Ал қазіргі үкімет басындағылар билікті бергісі жоқ. Халыққа біраз уәде де берді: жанармай бағасын екі есе арзандатпақ, әлеуметтік көмекті көбейтпек. Сонымен бірге, оппозиция шектен шығатын болса, жазасы да дайын көрінеді.
Қалай дегенде де Молдавиядағы жағдай аса күрделі. Тіпті, бұл ел екі оттың арасында қалғандай күйде.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист. Бөлісу: