Жаңалықтар
4 мин оқу 107
«#ЖақсылықЖаса!» жобасының аясы кеңейіп келеді (фото, видео)
АСТАНА. 20 ақпан. Бүгін Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «#Жақсылық жаса!» SMM-жобасына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қазнет қолданушыларының ерекше қызығушылығын тудырған бұл жоба осыдан екі апта бұрын бастау алған болатын. Содан бері #ЖақсылықЖаса және #ДелайДобро хэштегтерімен әлеуметтік желілерде 100-ден аса пост пен ролик жарияланды. Ол жазбалардың еліміздің барлық өңірін қамтитыны көңіл қуантады.
Жоба жетекшісі Әсет Мұқажановтың айтуынша, аталған шара өткен жылы «7 арна» ұйымдастырған «Жақсылық жаса!» атты игі істі әрі қарай жалғастыру мақсатында қолға алынған. Бұл жөнінде ол: «Негізі жақсылық жасап, біреуге қуаныш сыйлау үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Мысалы, көшеде сүт сатып тұрған әжейдің тауарын сатып алу арқылы да оған жақсылық жасауға болады. Қоғамдық көлікте үлкенге орын беру, көлігі бұзылып қалған жүргізушіге көмектесу сынды күнделікті кездесетін жайттардан да мейірім мен ізгіліктің үлгісін көреміз. Біз достарымызбен ақылдаса келе игілікті насихаттау мақсатында осындай істерді жариялауды жөн деп таптық», – деді.
Әсет Мұқажановтың сөзіне қарағанда, ең бірінші #ЖақсылықЖаса хэштегімен әлеуметтік желіге ролик жариялап, осы акцияны ұйымдастырған Мақсат Төлегенов есімді блогер екен. Өз кезегінде жобаны ұйымдастырушы мұндай қадамға баруға не себеп болғанын айтып берді.
«Бір күні кешкісін достарымызбен келе жатып, өзі қолдан жасаған азық түрлерін сатып тұрған кейуананы кездестірдік. Сол жерде қарияға көмектесіп, тауарын сатып алу арқылы оған жақсылық жасауды ұйғардық. Бұл әрекетімізді таспаға түсіріп, кейін роликті #ЖақсылықЖаса хэштегімен Facebook әлеуметтік желісіне жарияладық. Сол-ақ, екен қолданушылар арасында бірден қолдау тапқан бастама аз уақыттың ішінде бүкіл Қазақстанды қамтып үлгерді. Алғашқы күннің өзінде роликтің қаралымы 18 мыңнан асты. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш 50 мыңға жетті. Youtube-те жобаның арнайы каналы жұмысын бастады. Күн санап қолдау білдіріп, аталған хэштегпен жасаған жақсылықтарын жариялаушылар қатары көбейіп келеді. Сондықтан осы бастаманы белсенді жастардың игі істерді көптеп жасауына мұрындық болған шара деп айтуға толық негіз бар», – дейді Мақсат Төлегенов.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан әнші, «Славян базары» халықаралық ән байқауының жеңімпазы Димаш Құдайберген сахнада жүрген барша өнер адамдарын жақсылық жасауға шақырды. «Халыққа өнерімен танылған аға-әпкелерімді қайырымды істер жасауға шақырамын. Алдағы жұмыс жоспарларымызға қарттар мен балалар үйлеріндегі жан жылуына зәру жандарға сыйлықтар жасауды, қайырымдылық концерттерін қоюды енгізсек деймін. Бұдан өнер адамдары еш ұтылмайды. Елдің біртұтастығы мен халықтың мейірімді болуы өзімізге байланысты екенін есімізден шығармайық», – деген жас әнші кезінде өзіне қолдау көрсетіп, жақсылық жасаған жандарға алғыс айтуды да ұмытқан жоқ.
Одан бөлек, іс-шараға «Үй» қоғамдық қорының басшысы Аружан Саин, әнші Мөлдір Әуелбекова, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Рүстем Әбдісаламов, Ана мен бала ұлттық орталығының дәрігер-неонатологы Гүлнәр Түкеева және «7 арнаның» атқарушы директоры Бақыт Әлпейісова қатысып, жобаның пайдасы туралы өз ойларын айтты. Сондай-ақ, көлік ішінде толғақ қысқан әйелді босандырып алған полиция капитаны Бақыт Әлімқұлов та төрден орын алып, өзі жасаған игі іс туралы кеңінен баяндап берді.
Тағы бір айта кетер жайт, шара барысында еліміздің бірқатар аймағымен тікелей байланыс орнатылып, Алматы, Атырау, Солтүстік және Батыс Қазақстан облысының өкілдері өздері жасаған жақсылықтары арқылы жобаға үлес қосқандарын мақтаныш ететіндерін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, акция әлі де болса өз жалғасын табады. «Игі істер шежіресі онлайн режімде!» деген ұранмен өтіп жатқан шараның басты мақсаты – жақсылықты, бейбітшілікті, мейірімділікті және өзара қолдау көрсетуді әдетке айналдырып қана қоймай, оны жанындағылармен бөлісу. Бүгінде осы шараға орай қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсететін dd.bnews.kz домендік атаумен арнайы жоба дайындалған. Онда әр қолданушы үшін мультимедиялық форматта (мәтін, сурет, ролик) өз жақсылықтарының тарихын жүктеуге мүмкіндік бар. Сол үшін қолайлы интерфакс ашылған. Сондай-ақ, өзге өңірлерде қанша игі іс жасалғаны жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік беретін геолокация қызметі де көрсетіледі.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: 24.kz.

Бөлісу: