Жаңалықтар
3 мин оқу 215
«#Жақсылық жаса!»
жобасын қолдаушылар қатары артып келеді
Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «#Жақсылық жаса!» SMM-жобасына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Қазнет қолданушыларының ерекше қызығушылығын тудырған бұл жоба осыдан екі апта бұрын бастау алған болатын. Содан бері #Жақсылық жаса және #Делай добро хэштегтерімен әлеуметтік желілерде 100-ден аса жазба мен ролик жарияланған.
Жоба жетекшісі Әсет Мұқажановтың айтуынша, аталған шара өткен жылы «7 арна» ұйымдастырған «Жақсылық жаса!» атты игі істі әрі қарай жалғастыру мақсатында қолға алынған. Бұл жөнінде ол: «Негізі жақсылық жасап, біреуге қуаныш сыйлау үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Қоғамдық көлікте үлкенге орын беру, көлігі бұзылып қалған жүргізушіге көмектесу сынды қарапайым тұрмыстық жағдайлардан да мейірім мен ізгіліктің үлгісін көруге болады», – деді.
Ә.Мұқажановтың сөзіне қарағанда, ең бірінші #Жақсылық жаса хэштегімен әлеуметтік желіге ролик жариялап, осы акцияны ұйымдастырған Мақсат Төлегенов есімді блогер екен. Өз кезегінде жобаны ұйымдастырушы мұндай қадамға баруға не себеп болғанын айтып берді.
«Бір күні кешкісін достарымызбен келе жатып, көшеден өзі қолдан жасаған азық түрлерін сатып тұрған кейуананы кездестірдік. Сол жерде қарияға жақсылық жасау мақсатында тауарын сатып алып, ол әрекетімізді таспаға түсірдік.
Кейін роликті #Жақсылық жаса хэштегімен Facebook әлеуметтік желісіне жариялағанымызда, бұл бастамамыз қолданушылар арасында бірден қолдау тапты. Тіпті, аз уақыттың ішінде бүкіл Қазақстанды қамтып үлгерді. Сондықтан осы бастаманы белсенді жастардың игі істерді көптеп жасауына мұрындық болған шара деп айтуға толық негіз бар», – дейді М.Төлегенов.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан әнші, «Славян базары» халықаралық ән байқауының жеңімпазы Димаш Құдайберген сахнада жүрген барша өнер адамдарын жақсылық жасауға шақырды. «Халыққа өнерімен танылған аға-әпкелерімді қайырымды істер жасауға шақырамын. Алдағы жұмыс жоспарларымызға қарттар мен балалар үйлеріндегі жан жылуына зәру жандарға сыйлықтар жасауды, қайырымдылық концерттерін ұйымдастыруды енгізсек деймін. Бұдан өнер адамдары еш ұтылмайды. Елдің біртұтастығы мен халықтың мейірімді болуы өзімізге байланысты екенін есімізден шығармайық», – деген жас әнші кезінде өзіне қолдау көрсетіп, жақсылық жасаған жандарға алғыс айтуды да ұмытқан жоқ.
Одан бөлек, іс-шараға «Үй» қоғамдық қорының басшысы Аружан Саин, әнші Мөлдір Әуелбекова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рүстем Әбдісаламов, Ана мен бала ұлттық орталығының дәрігер-неонатологы Гүлнәр Түкеева және «7 арнаның» атқарушы директоры Бақыт Әлпейісова қатысып, жобаның пайдасы туралы өз ойларын айтты. Сондай-ақ, көлік ішінде толғақ қысқан әйелді босандырып алған полиция капитаны Бақыт Әлімқұлов та төрден орын алып, өзі жасаған игі іс туралы кеңінен баяндап берді.
Тағы бір айта кетер жайт, шара барысында еліміздің бірқатар аймағымен тікелей байланыс орнатылып, Алматы, Атырау, Солтүстік және Батыс Қазақстан облысының өкілдері өздері жасаған жақсылықтары арқылы жобаға үлес қосқандарын мақтаныш ететіндерін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, акция әлі өз жалғасын табады. «Игі істер шежіресі онлайн режімде!» деген ұранмен өтіп жатқан шараның басты мақсаты – жақсылықты, бейбітшілікті, мейірімділікті және өзара қолдау көрсетуді әдетке айналдырып қана қоймай, оны жанындағылармен бөлісу. Бүгінде осы шараға орай қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсететін dd.bnews.kz домендік атауымен арнайы жоба дайындалған. Онда әр қолданушы үшін мультимедиялық форматта (мәтін, сурет, ролик) өз жақсылықтарының тарихын жүктеуге мүмкіндік бар. Сол үшін қолайлы интерфакс ашылған. Сондай-ақ, өзге өңірлерде қанша игі іс жасалғаны жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік беретін геолокация қызметі де көрсетіледі.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».Бөлісу: