Жаңалықтар
6 мин оқу 11,071
Жылдың да мінезі бар, жақсы-жаман...
Халықтық жыл санауға байланысты алғашқы деректерді сонау VІІІ ғасырдағы Күлтегін ескерткіштерінен һәм ХІ ғасыр ғұламасы Махмұт Қашқари еңбектерінен көруге болады. Зерделесек, осынау дәстүр сол ескі заманның өзінде-ақ аңызға айналып кеткен екен. Демек, жыл санау тарихының тамыры тым әріде жатыр. Ендеше, әрбір жылға зер салайық.
Тышқан Жыл санаудың және жыл қайырудың басы саналады. Әр жыл 21 наурызда аяқталып, жаңа жыл 22 наурызда басталып есептеледі. Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тәжірибесі бай, ұғымды халық әр жылға тиісті баға беріп һәм соған сай күтініп те отырған. Жалпы, тышқан жылын жұрт молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көбіне ақталып та отырған. Шынында да тышқан жылы қиыншылық, жаугершілік, аштық бола бермеген екен.
Сиыр халық есінде көбінесе ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарымен есте қалған. Ырымшыл халқымыз бұл жылы сәтсіздік бола қалса, «биыл ауыр жыл ғой» дей салған. Сиыр жылы туған адамдар халық әдеті мен ырымдары негізінде сиыр бауыздамайды.
Барыс ауыртпалығы да, жақсылығы да аралас жыл деп есептеледі. Еліміздің тарихында бұл жылға қатысты айтылатын елеулі оқиғалар есте қалмаған. Осындай себеппен барысты қазақтар жайсыз жыл қатарына қоспайды.
Қоян қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы ретінде бағаланады. Оның себебі де жоқ емес. Тарихқа үңілсек, 1867-1868 ж.ж. «жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 ж.ж. «үлкен қоян» жұты, 1891-1892 ж.ж. «кіші қоян» жұты, 1915-1916 ж.ж. «тақыр қоян» жұты болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел жүдеушілікке, аштыққа, жоқшылыққа ұшырап, әр жылға әлгіндей ат беріп, айдар тағып кеткен. 1962-1963 ж.ж. да мал өсіруші аудандар қатты шығынға ұшырағаны белгілі.
Тарихтан белгілі қазақ еліне «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты қайғылы заман әкелген 1723 жыл да қоян жылы болатын.
Қоян жылы атақты Абылай хан туды (1711).
Қоян жылғы жұт пен апат, аштық қаламгерлер шығармаларына да арқау болып қалды. Солардың бірі І.Жансүгіров былай деп жазды:
Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан,
Бір қазақ таба алмайсың, қысты ұнатқан.
Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар
Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан.
Әбіқай Нұртазаұлы «қоянды» былай суреттейді:
Жұт көрдім жеті жаста «қоян» деген,
Адалды қыс емес-ті қоям деген.
Қызарып, қымыз ішіп ұйықтағанға,
«Абайла, аштық келді! Оян!» деген.
Ұлу. Ол туралы әртүрлі жорамал көп. Түркі жұрты оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек.
Кей жылдары ұлу да жайсыз келіп отырған. Оған Б.Майлиннің «Ұлу» деген өлеңі (1917) дәлел болады:
Ұлу келіп көтерді елдің обалын,
Мал жұтатып, сынын алды қораның.
Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты,
Атышулы былтырғы өткен «қояның».
Жылан қазақ аңыз әңгімелерінде «жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды» деген қағидаға айналған қанатты сөздер бар. Бұл сөзді Абай да «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты шығармасында пайдаланған. Мұны тарихи деректер де растайды.
- 1928-1929 ж.ж. Қазақстанда кәмпеске зобалаңы болды;
- 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы да осы жылан жылы басталған;
- Қазақ халқын қан қақсатқан Қазан төңкерісі де (1917-1918) осы жылан жылымен тұстас келді.
«Тас мешін» жалғастырдың «тауығыңды»,
Сыпырып сансыз қызық, сауғымды.
Тоңқиған атпақылдың сақасындай,
Көркімен көрсетпедің ауылымды.
Аштықтан Қырға, Сырға тентіреттің,
Ағайын неше дос, жар, бауырымды.
Ит жеті қазынаның бірі болғандықтан ба, бұл жыл халық үшін жайсыз емес сияқты. Мешін, тауықтан кейінгі ауыртпалық ит жылы біршама жеңілдей түскен. Айталық, 1945 жылы соғыс аяқталды.
Доңыз жыл санауының және жыл қайырудың соңғы жылы. Кейбір түркі елдері, сондай-ақ Қазақстанның кейбір жерлері, мұны «қара киік жылы» деп те атай береді (М.Ысқақов). Қазақ «доңыз» деп кәдімгі шошқаны айтады. Оның жыл атауына кіруінің өзі жыл санаудың исламнан да бұрын енгенінің толық дәлелі болса керек. Бұл жылды халық пәле-жала көп болады деп жақсы атамаса да, көбіне ол тарихқа жайлы, тыныштық жылы болып келген.
Асылында, жыл санау – халық даналығының бір тарауы. Осы жыл санау арқылы он екі жылдан қайырып отырады да, оны «жыл қайыру» деп атайды. Бұл тәсіл өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі тағылымы бар тапқырлық есептік жүйе де. Біріншісін он үш жылдан, одан кейінгілерін он екі жылдан есептеп, адам жасын да оңай шығарып ала береді. Сонда бір мүшел он үш, екі мүшел жиырма бес, үш мүшел отыз жеті, төрт мүшел қырық тоғыз, бес мүшел алпыс бір, алты мүшел жетпіс үш, жеті мүшел сексен бес жаста және солай жалғаса береді. Бұрынғы қариялар «алпыс бірдемін» немесе «жетпіс үштемін» демейді, «бес мүшелге толдым», «алты мүшелден астым» дейді екен.
Әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Павлодар облысы,
Лебяжі ауданы.Бөлісу: