Жаңалықтар
4 мин оқу 292
Обаманың кешірім сұрауы мүмкін бе?
АҚШ президенті Барак Обама осы айда Жапонияның Хиросима қаласына барады. Обама атом бомбасы тасталған бірінші Хиросима қаласына барған АҚШ-тың іс басындағы алғашқы президенті ретінде тарихта қалады.
Халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлап жатқандай, Ақ үй басшысы Хиросимада 27 мамырда Азия құрлығы елдеріне жасайтын сапары аясында болмақ. Сондай-ақ, ол Жапонияда «үлкен жетілік» елдерінің саммитіне қатысып, әрі қарай оның сапары Вьетнамда жалғасады. АҚШ президенті әкімшілігінің таратқан ақпараттары бойынша, Барак Обаманың бұл сапары «оның бейбітшілік пен ядролық қарусыздану» қағидатына адал екенін білдіреді. Бірақ, АҚШ билігі Б.Обама Хиросимада ресми түрде кешірім сұрауы ықтималдығын жоққа шығарып отыр. Бұдан 70 жылдай бұрын Хиросима мен Нагасаки қалаларына АҚШ тарапынан тасталған атом бомбалары 150 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған еді.
Канцлер отставкаға кететінін мәлімдеді
Австрияның канцлері Вернер Файман қызметінен кетеді және Австрия социал-демократиялық партиясы төрағасы лауазымынан да босайды. Бұл жөнінде АРА агенттігі хабарлады.
Ол өзінің осындай шешімге келгені туралы партияның өңірлік жетекшілерімен кездескеннен кейін мәлімдеген. Саясаткердің сөзіне қарағанда, ол өзінің жүргізіп жатқан саясаты партияластары арасында онша көп қолдау таппаған соң, отставкаға кету жөнінде шешім қабылдап отыр. Вернер Файман Австрия канцлері қызметін 2008 жылдың желтоқсанынан атқарып келеді. Соңғы уақытта ол босқындар мәселесінде босаңдық танытқаны үшін жиі сынға ұшырап жүр. Өткен жылдың күзінде саясаткер Еуропада қалыптасқан босқындар проблемасы Еуропалық одаққа ерекше қауіп туғызатынын, тіпті, Еуроодақты таратуы ықтимал екенін де айтқан еді.
Президент 72 сағат уақыт берді
Венесуэла президенті Николас Мадуро қылмыскер топтарға бейбіт жолмен ел билігіне берілуге және қаруларын тапсыруға үш тәулік мұрсат берді.
Елдің мемлекеттік телеарнасы эфирінен сөйлеген сөзінде президент: «Біздің балаларымыз бейбітшілік жағдайында өмір сүруі тиіс. Бізбен келісімге келгісі келетін топтардың 72 сағат уақыты бар», – депті. Егер қылмыстық топтар мұнымен келіспесе, Мадуро оларды күш қолдану әдісімен талқандауға уәде берген. Оның сөзіне қарағанда, қару-жарақтарын тапсырудан бас тартқандарға қатал жаза қолданылуы да мүмкін. Ол үшін елдің қарулы күштері, ұлттық полиция, арнайы қызмет органдары тартылатынын атап өткен.
Қысқа қайырып айтқанда:
- Соңғы ақпараттарға қарағанда, «Ислам мемлекеті» деген топ (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) содырлары Пальмира ауданындағы (Сирия) Шаер және Махр аталатын газ өндіру кеніштерін басып алған. Бұл нысандар Хомс пен Дамаскідегі электр стансаларын отынмен қамтамасыз етеді.
- Флорида штатынан сенаторлыққа сайланған Марко Рубио миллиардер Дональд Трамппен бірге, өзінің АҚШ-тың вице-президенті лауазымына ұмтылмайтынын мәлімдеді.
- АҚШ-тың Коннектикут штатында осыдан 48 жыл бұрын түрмеден қашқан 71 жастағы Роберт Стаковиц деген қылмыскер ұсталды. Ол 1966 жылы қарақшылық қылмысы үшін қамауға алынып, 17 жылға сотталған екен.
- Нью-Йорктің оңтүстік округінің федералдық соты Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова мен оның маңайындағы адамдарға тиесілі деген 850 миллион долларды тәркілеу туралы АҚШ прокуратурасы қозғаған істі уақытша тоқтатты.
Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) хакерлердің Бангладеш орталық банкінен 81 миллион долларға жуық ақшаның ұрлануына осы қаржы мекемесінің қызметкерлері көмектесуі мүмкін деп шамалайды.
Федералдық тергеу бюросына сілтеме жасау арқылы мәліметтер келтірген «The Wall Street Journal» газетінің жазуынша, «ФТБ агенттері киберқылмыскерлерге банктің кем дегенде бір қызметкері көмек көрсеткені жөнінде айғақ келтіріп отыр». Аталған ведомство бұл қылмысқа мекеменің тағы бірнеше қызметкерінің қатысы барын да жоққа шығармайды. Белгісіз хакерлер Бангладештің орталық банкінен Нью-Йорктің федералдық қор банкі арқылы Филиппин және Шри-Ланкадағы шоттарға қаржы аударған екен. Орталық банктің күзет жүйесін бұзған қылмыскерлер одан төрт транш арқылы 81 миллион долларды шығарған. Осыған байланысты банк басшысы отставкаға кетті.
Интернет материалдары негізінде әзірлендіБөлісу: