Сатира
3 мин оқу 30

Қонбаған қасиет

<p style="text-align: justify;">Құрдасым Қилыбай тәуелсіздік таңында тірлігін тәуіптіктен бастап, бұл күндері ерекше қасиетінің арқасында атағы арыға кетіп аспандаған шағы.</p>

Қонбаған қасиет

Құрдасым Қилыбай тәуелсіздік таңында тірлігін тәуіптіктен бастап, бұл күндері ерекше қасиетінің арқасында атағы арыға кетіп аспандаған шағы.

Қилыбай – құрдас та құда. Қаладағы қым­қуыт тірліктің бос кеңістігінде бірде екеуара кеңкілдесіп, маған: «Сенің тұла бойыңда бір қасиет пайда болайын деп тұр, рұқсат етсең, бұлағын ашып, сауабын алайын ба?» деп алара қарады. Мысқылмен мырс етіп: «Құнына құнажын жете ме?» деп едім: «Құрдасжан, мұным тегін, тек әзілмен айтсам, анау Айға барғысы келгендерді корабль бастығы тегін мінгізіп, ақысын қайтарда саудаға салатынын ұмытпасаң болды», деді.

Не керек, Қилыбай құрдас мені күн бар, түн бар үшкіріп-түшкіріп, езгілеп-есеңгіретіп, ес-түссіз күйімде үйіме әкеп тастапты. Кіресілі-шығасылы кезімде құлағыма: «Бұдан былай саған қарсы келген пенде атаулының көзіне тура қарап-ақ оның саған деген әріде жатқан пиғыл-ниетін біле алатын қасиет дариды», деп екі-үш мәрте нықтап айтқаны есімде қалыпты.

– Шал-ау, тұратын мезгілің болды, жұмы­сыңа кешігіп қалмасаңшы, – деген әйелім­нің еркелей шыққан даусынан ояндым. – Шалбарыңды үтіктедім, таңғы асты тастама деген, жылы-жұмсақты жылытып қойдым, – деп жатыр.

Ас үйде қатынның көзіне тіке қарап, кө­ңіл түкпіріндегі: «Атау кереңің алдыңда, қыл­ғыт та қараңды өшір. Қызметіңдегі бүгінгі бері­лер­ сый-сияпат болмаса, жатқан жеріңнен тұр­мағырды оятып нем бар еді» дегенді айна-қа­те­сіз оқып, құрдас Қилыбайға құлдық ұрдым.

...Дарыған қасиеттің арқасында әйелдің әр түкпірдегі ойын ойран-асыр етіп көлденең тарта төңкеріп, өзімше төңкеріс жасадым.

...Қызметке кетіп бара жатып Пықыпқа қарсы жолықтым.

– Беке, қарызыңды қайтара алмай ұятты болып жүрмін, көп өтпей айып-пұлымен құтыламын, – деп мүләйімсіген болады. Жанарына жалт қарап едім, ішкі ішірткісі: «Атаңның басы аласың! Таза еңбекпен тапқан табысындай көреді ғой! Күте-күте жүйкең жүнжір, қайтара қояр ақымақты тапқан екен­сің!» деп шірене ширатыла қалыпты.

Шыдамадым, шор маңдайынан шонжитыппын кеп... ел дүрлігіпті, милиция келіпті, куә табылыпты...

...Жұмысыма келіп ентігімді баса маңдай терімді сүртініп отыр едім, бастық шақыра қалды.

– Кешікпеуші едіңіз ғой, кешегі тапсырмаларды тап-тұйнақтай еткен боларсыз? Көп жылғы еңбегіңіз бар, беделіңіз бар – мерекеге орай сый-сияпатты қомақты етіп жаздырттым, – дейді.

Көз жанарынан: «Ана әкімшіліктегі аға­тайың болмаса баяғыда-ақ құйрық-жа­лың­ды күзеп, шу қарақұйрық деп шүлен түрткізе лақтырып тастар едім, әттең!» дегенді оқып:

– Былығымыз бірге, кетіскенмен барар жеріміз «балқан тау», – деп шорт кеттім.

– Не болған сізге, көңіліңіз хош емес, сол жамбаспен тұрғансыз-ау шамасы, – деп қолтығымнан демеп шығарып салмақ болғанында көзінен оқығаным: «Атаңа нәлет, ендігі ісім сенімен болсын!» болды.

...Түс қайта депутаттыққа кандидатпен кездесіп отырып, кеше қонған қасиетімнің арқасында арқаланып алдыға шығып әңгімем­ді: «Ғажап өтірік үш мезгілде айтылады: бірі – соғыстан соң, келесісі – балық аулап келген соң, ең қасиетсізі – депутаттыққа түсер кезде...» деп бастап, әлгінің абыройын айрандай төгіп, қыза-қыза бейбақтың іш-әлемін қан-сөлсіз қалдырып, өзіне тіл де тигізіп, ақыры абақтыдан бір-ақ шығыппын.

...Ондағыларда әпербақан, ісін үндемей-ақ бітіре береді екен... Бір-біріне ыммен-ақ өткізіп беріп, өз дегендерін істеп жатыр. Қасиетімнің арқасында қасарысам деп көресімді көрдім. Ертесінде айып-пұлымды өтеп құтылып, тіке тәуіп-құрдас Қилыбайдың алдында отырмын.

– Қилеке, көресімді көрдім! Қайдан білейін, қасиет атаулы қасиетті болады деп ұғып өскен басымыз, заманымыз басқа ма, талабымыз басқа қасқа ма... түсінбедім, білгенім – қон­дырған қасиет – қасірет боп бір-ақ күнде тү­те-түтемді шығарды... Құрдасыңды құрдым­ға лақ­тырмасаң, бұлағын ашқан ерекше қасиетім­ді қайта бітеп таста! – деп өтініп жанарына жәу­теңдей қарасам, «әулиемнің» әргі түкпірінде: «Берешегің не болады?» деген әулекі ой жылтыңдап: «Айға тегін апардым, қайтар ақың қымбат» деп қоздайтын түрі бар: «Құрдасжан-ай, құдалығың тағы бар, мына пәлекеттен құт­қар, ана ала құнажынды тәп қазір қораңа кір­гіземін» деп уәде беріп... ойпыр-ай, сөйтіп бір қонбаған қасиеттен қашып құтылғаным бар.

Берік САДЫР

Бөлісу:
Қонбаған қасиет · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар