Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері өсуі мүмкін
<p><strong>Қазақстанда ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Министрдің айтуынша, шешім бюджет мүмкіндігі мен негізгі экономикалық көрсеткіштерге байланысты қабылданады.
«Ең төменгі жалақы екі негізгі көрсеткішке байланысты есептеледі. Оның бірі – еңбек өнімділігі, екіншісі – медианалық жалақы. Сонымен қатар белгісіздік коэффициенті енгізілген, ол ең төменгі жалақы деңгейін реттеуге мүмкіндік береді», деді вице-премьер.
Сондай-ақ ол бұл мәселедегі түпкілікті шешім мемлекеттік бюджеттің мүмкіндігіне қарай қабылданатынын атап өтті.
«Ең төменгі жалақыны қандай деңгейге дейін көтереміз – бәрі бюджет мүмкіндігіне байланысты болады», деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, бұған дейін Үкіметте ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге көтеру қажеттілігі айтылған болатын.
Нұрболат АМАНБЕК