Тағзым
2 мин оқу 70

Ұмытылмас жан

<p style="text-align: left;">Ғұмырын адам ден&shy;сау&shy;лығын қорғауға арна&shy;ған аяулы жан, білік&shy;ті дәрігер Зәуреш &shy;Ра&shy;хым&shy;берлинаны ерекше сағынышпен еске аламыз. Ол дәрігер ма&shy;мандығын тек кәсіп емес, адам өміріне деген үлкен жауапкершілік пен адал қызмет деп түсінді. Қырық жылдан астам уақыт бойы мыңдаған науқастың сауығып, шипа табуына себепші болды.</p>

Ұмытылмас жан

Зәуреш Әлімқызы Сол­түс­тік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының Социал ауы­лында дүниеге келген. Әкесі Әлім Рахымберлин ұзақ жылдар ауыл шаруашылығында еңбек етсе, анасы Нұрғиза сегіз баланы тәрбиелеп өсірген ардақты ана еді. Еңбекқорлық пен адамгершілік құндылықтары берік қалыптасқан отбасында тәрбиеленген ол жас­тайынан білімге құштарлығымен, әділдігімен, табандылығымен ерекшеленді.

Болашақ дәрігер әуелі туған ауылында білім алып, кейін Кривощеков орта мектебін үздік тәмамдады. 1979 жылы Қара­ғанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтады. Еңбек жолын Петропавл қалалық ауруханасының терапия бөлімінде бастады. 1986–1989 жылдары Афанасьевка учаскелік ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Ауылдық жердегі бұл алғашқы белес кәсіби тұрғыдан шыңдалуына зор ықпал етті.

1989 жылдан бастап Петропавл қаласындағы көпбейінді ауруханада терапия бөлімшесін басқарып, жоғары санатты терапевт-дәрігер, пульмонолог, облыстың штаттан тыс бас терапевті деңгейіне дейін көтерілді. Сонымен қатар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Жоғары медицина мектебінде, медициналық колледжде дәріс оқып, жас мамандарды даярлауға өлшеусіз үлес қосты. Оның еліміз бен шетелдерде абыройлы қызмет етіп жүрген шәкірттері – ұстаз еңбегінің мәңгілік жалғасы.

Кәсіби дамуды басты қағида еткен Зәуреш Әлімқызы Қазақстан мен Ресейдің жетекші медициналық орталықтарында білімін тұрақты жетілдіріп, заманауи жетістіктерді тәжірибеге енгізді. Денсаулық сақтау саласындағы ағартушылық жұмыстарға да белсене араласты.

Білікті дәрігердің көпжылдық мінсіз еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Денсаулық сақтау министрлігінің Алғысхатымен, 2021 жылы «Стационардың үздік дәрігері» аталымымен марапатталды. 2022 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» I дәрежелі дипломымен, төсбелгісімен марапатталды.

Зәуреш Әлімқызы отбасында да аяулы жар, төрт ұлдың анасы, немерелерінің ардақты әжесі болды. Оның өнегелі жолын таңдаған үлкен ұлы Самат бүгінде терапевт-дәрігер болып жемісті еңбек етіп жүр.

Адам өмірін арашалап, денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан асыл тұлға өмірден өтсе де, өңір жұртшылығы әркез сағынышпен еске алып, ұмытпайды. 

Жанбай ҚАДЫРОВ,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры,

Гүлмира СИНБАЕВА,

ғылым магистрі

Солтүстік Қазақстан облысы 

Бөлісу: