Кәдір биден жеткен кәделер
<p style="text-align: left;">Жақында Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі «Төрт босаға» атауымен танымал, ел бірлігі мен татулығын ту еткен тұлғаның бірі – Кәдір биге қатысты құнды жәдігерлерді музей қорына қабылдады.</p>

Кәдір бидің тікелей ұрпақтары Сейітжан Байкенжеұлы мен Орынбасар Байкенжеқызы шамамен ХVIII ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың басында би бабасының ұрпақтарына арнап жасаған талбесігі мен өзі пішіп дайындаған тымағын, сондай-ақ тобылғы ілмекті және Кәдір би туралы жазылған қолжазба деректерді музейге табыстады.
Кездесуге Кәдір бидің ұрпақтарымен қатар Ұлытау облысының құрметті ардагері, қоғам қайраткері Сағындық Қожамсейітов, Жазушылар одағының мүшесі Ғазиз Ештанаев, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің басшысы Мұхтар Бақытұлы қатысты. Олар тарихи маңызы зор мәліметтермен бөлісті. Құнды жәдігерлердің ұрпақтан-ұрпаққа күтіммен жетуінің маңыздылығын атап өтті.
Кәдір бидің өзі жасаған бесігі мен тобылғы ілмегі экспозицияда тұр. Тозығы жеткен тымағы музей қорында сақталатын болды. Ғасырдан-ғасырға жеткен бесіктің ағаштары босап қалған. Ұлытаулық суретші-реставратор, музей ісінің үздігі Ерғазы Кеңесұлы бесікті реставрациядан өткізді.
«Бесік өз қалпында қалуы керек. Реставрация жасағанда бесіктің ағашын қайтадан шашып, шегесіз жинадым. Ертеде тұрмыстық заттарды жасағанда шеге қолданбаған. Сол байырғы дәстүрді ұстанып, бесіктің ағаштарын бір-бірімен кіріктіріп, сынамен жасадым», дейді шебер.
Ұлытау облысы