Бокс
3 мин оқу 80

Атасының баласы

<p style="text-align: left;">Ташкентте өткен U17 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты қазақ боксының тағы бір жұлдызын әлемге танытты. Аса ауыр салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Сабыржан Сағым қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды.</p>

Атасының баласы

Бұл жеңістің артында бір әулеттің жылдар бойғы арманы, ата-ананың маңдай тері, атаның ақ батасы тұр. Олай дейтініміз, атасы армандаған биікке немересі қол жеткізді. Жиделі ауылынан бастау алған баталы жол Ташкент төріне шығарды. Азия чемпионы, еліміздің жастар құрамасының капитаны Сабыржан – ең алдымен атасының баласы. Содан ба, халықаралық жарыстарда басынан тақиясын тастамайды. Оны өзі «баба тәлімі» деп бағамдайды. Атасы жас күнінде боксшы болуды армандаған. Алайда тағдыр жолы оған ол мүмкіндікті бере қойған жоқ. Бірақ жүрегіндегі арман ешқашан өшкен емес. Немересінің әр қадамын бақылап, әр жетістігіне қуанып жүрген қарияның көкейінде «осы бала мен жете алмаған биікке жетсе екен» деген тілек жататын. Сол тілек ақиқатқа айналды.

Қызығы сол, Сабыржан бала күнінен атасының жанынан бір елі қалмайтын. Қалада өссе де, ауылдың қара баласындай еңбекке ерте араласты. Жазғы демалыстарын Жиделіде өткізіп, атасының соңынан еріп жүріп мал қарады, шөп жинады, үй шаруа­сына көмектесті. Қара жұмыстан қашпайтын мінезі, еңбекқорлығы мен төзімділігі дәл сол жылдары қалыптасты. Қолына күрек ұстап өскен бала кейін қолғап кигенде де қайсарлығынан танбады. Жиделінің топырағы қандай қатты болса, сол жерден түлеп ұшқан әулеттің ұлдары да сондай мықты. Сабыр­жанның бойындағы қайсарлық пен намыс сол қасиетті топырақтан дарығандай әсер қалдырады.

Баласының чемпион болуын өмірлік мақсатына айналдырған әкесі Бақытжан Сағымбекұлы еді. Ұлының бойындағы қабілетті ерте байқаған әке күн-түн демей оны жаттығу залдарына тасып жүрді. Бірде жеңіс, бірде жеңіліс болғанымен, Бақытжан баласының сағын сындырмады.

«Сабыржанның бүгінгі жетістігі – оның тынымсыз еңбегінің жемісі. Біз тек бағыт көрсеттік. Бала кезінен ештеңеден қашпайтын, айтқанды екі етпейтін мінезі бар еді. Кейде таңғы жаттығуға ерте тұру қиын болғанда да шағым айтпайтын. Осындай мінезінің арқасында Азия чемпионы атанып отыр. Әке ретінде мақтанамын, бірақ бұл тек бастамасы деп сенемін», дейді Бақытжан Сағымбекұлы.

Азия чемпионаты Сабыржанға оңайға соққан жоқ. Алғашқы жекпе-жекте жергілікті өзбек бокс­шысымен қолғап түйістірді. Өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсеткен қарсыласы жеңісті жай бере салмады. Алғашқы екі раундтағы төрешілер шешімі де қазақ бокс­шысына қолайсыз болды. Бірақ нағыз чем­­пи­­он дәл осындай сәттерде танылады емес пе? Үшінші раундта Сабыржан мінез көрсетті. Намысын қай­рап шыққан ол жойқын соқ­қыларымен қарсыласына ес жиғызбай, мер­зімінен бұрын жеңіске жетті. Содан соң Үндістан, Корея спортшыларын 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, финалға жолдама алды. Соңғы сында Иранның мықты боксшысы қарсы тұрды. Бұған дейін қарсыластарын қоғадай жапырған ирандық спортшы қазақ жігітінің алдында дәрменсіздік танытты. Үш раунд бойы үстемдік құрған Сабыржан Азия чемпионатының алтын медалін мойнына тақты. Сол сәтте трибунадағы ата-анасының көзінен жас парлап отырды.

Бүгінде Сабыржан елор­далық бокс орталық­тарының бірінде жаттығып, кәсіби ше­берлігін шыңдап жүр. Оның болашағына сеніммен қарауға толық негіз бар. Жас чемпионның қалып­тасуына жаттықтырушысы Бақытжан Қожах­метовтің қосқан үлесі зор. Спортшының әр жеңісінің артында бапкердің де маңдай тері жатыр.

«Сабыржанның басты ерек­шелігі – мінезінде. Көп балалар талантты болады, бірақ бәрі бірдей еңбекқор емес. Ал Сабыржан тапсырманы соңына дейін орындайды. Жаттығуда өзін аямайды. Қандай қарсылас болса да тайсалмайды. Азия чемпионаты оның үлкен мүмкіндіктерінің бастамасы ғана. Әлі талай халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайды»,  дейді бапкері.

Шынында да, оның әр же­ңісінің астарында қайсар мінез, темірдей тәртіп, қазақы намыс жатыр. Даңқты боксшы, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков жас спортшыдан үлкен үміт күтетінін талай мәрте айтты. Алыптар додасында ел намысын қорғаған тәжірибелі спортшының мұндай сенімі – жас боксшыға берілген үлкен баға.

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов жас чемпионның жетістігін тек жеке жеңіс ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, Сабыржанның табандылығы мен қайсарлығы бүгінде көптеген жас спортшыға үлгі болып отыр.

«Жастар арасында үздік атанудың өзі оңай емес. Капитан ретінде Ташкентте табандылық көрсете алды. Жергілікті спорт­шыға бүйрегі бұрған төрешілердің пікірін тас-талқан етті. Нағыз ерлік көрсетті», дейді А.Қаженов.

Жетісу облысы 

Бөлісу:
Атасының баласы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар