Әріптесіміз «Парламент сөзі» сыйлығын иеленді
<p style="text-align: left;">Мәжілісте Бұқаралық ақпарат құралдары қыз­меткерлері күні қар­саңында жыл сайын д­әстүрлі түрде ұйым­дастырылып келе жат­қан «Парламент сөзі» бай­қауының қоры­тындысы жария­ланған салтанатты жиын өтті. Жиынға палата төр­ағасы Ерлан Қошанов қатысып, қалам ұстаған қауым­ды төл мерекесімен құттық­тады. Сондай-ақ жеті аталымда үздік деп танылған 17 журна­листі марапаттады.</p>

Е.Қошанов өз сөзінде журналистердің ел дамуына қосқан үлесі мен Парламенттік журналистикаға сіңірген еңбегі зор екенін атап өтті. Палата спикері Мәжілістен хабар таратып, қабылданып жатқан заңдарды халыққа кең насихаттап жүрген тілшілер қауымына бірлескен табысты жұмыс үшін зор ризашылығын білдірді.
– Бүгін өздеріңізбен тарихи оқиға қарсаңында кездесіп отырмыз. Санаулы күннен кейін жаңа Ата заң күшіне енеді. Оны Тәуелсіздік шежіресінің жаңа парағы деуге болады. Сіздер осы тарихи өзгерістердің бел ортасында жүрсіздер. Ата заңды әзірлеу жөніндегі Конституциялық комиссияның құрамында 10-ға жуық журналист жемісті жұмыс атқарды. Өткен референдумда да, Парламент қабырғасында конституциялық заңдар қабылдау кезінде де елдік іске бәріңіз жұмылып атсалыстыңыздар. Сіздер Мемлекет басшысының реформалары мен бастамаларын халыққа жан-жақты түсіндіруге үнемі күш салып келесіздер. Алдағы уақытта да осы жолда жемісті еңбек ете бересіздер деп сенемін, – деді ол.
Мәжіліс төрағасы «Парламент сөзі» байқауы биыл 10-шы рет өтіп отырғанын, осы уақытқа дейін мәртебелі сыйлық 150-ден астам БАҚ өкіліне берілгенін айтты.
Cалтанатты жиында «Үздік баспа жарияланымы үшін» аталымында «Egemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы, белгілі журналист Орынбек Өтемұрат пен «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Юлия Магер жеңімпаз деп танылды.
«Үздік телевизиялық сюжет үшін» аталымында «Qazaqstan» телеарнасының тілшісі Самал Қабышева, «7 канал» телеарнасының журналисі Әсемгүл Қасенова, «Астана» телеарнасының тілшісі Ақбота Ғазизова топ жарды.
Ал «Үздік бейне-сурет материалы үшін» аталымында Jibek Joly телеарнасының операторы Сапарақын Шәріпхан, «Үздік интернет және радио материалы» номинациясында Inbusiness.kz сайтының тілшісі Балжан Смаилова, Informburo.kz сайтының журналисі Мария Пичененко, «Шалқар» радиосының жүргізушісі Гүлнұр Доскеева және «QR.News» ақпараттық сайтының редакторы Сапарғали Қанат үздік шықты.
«Арнайы репортаж» аталымының жүлдесі 24.kz телеарнасы «Mazhilis.live» бағдарламасының жүргізушісі Назым Кенжебаеваға, КТК телеарнасының журналисі Анна Абрамоваға, Tiek.kz сайтының редакторы Бақытнұр Әлібайға табысталды.
Сонымен қатар «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымымен журналистер Нағашыбай Қабылбеков пен Айнұр Коскина марапатталды.
«Парламент сөзі» арнайы аталымы «Айқын-Литер» ұжымы мен «Еуразия» бірінші арнасы» ұжымына табыс етілді.