Тарих
5 мин оқу 150

Басын бәйгеге тіккен батыр

<p style="text-align: left;">Осыдан 110 жыл бұрын, 1916 жылғы 25 маусымда Ресей патшасы II Николай Орталық Азияның жергілікті халықтарын майданға алу туралы жарлық шығарды. Осы жарлыққа сәйкес 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтар окоп қазу, жол салу, қорғаныс құрылыстарын тұрғызу сияқты тыл жұмыстарына шақырылды.</p>

Басын бәйгеге тіккен батыр

Патша жарлығы бойынша Қазақ даласынан майданға жүз мыңдаған адам алу жоспарланды. Бұл халық арасында үлкен наразылық туғызды. Мұның бірнеше себебі болды. Біріншіден, жергілікті халық бұған дейін әскери қызметтен босатылып келген еді. Екіншіден, соғыс жылдарындағы салықтың көбеюі мен жердің тартып алынуы халықтың жағдайын ауырлатты. Үшіншіден, тізім жасау кезінде әділетсіздік пен жемқорлыққа жол берілді. Төртіншіден, жарлық егін орағы кезінде жарияланғандықтан, шаруашылыққа үлкен зиян келтірді. Осылайша, жарлық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ба­с­талуына түрткі болды. Патша жарлығына қарсы Торғай, Жетісу, басқа да өңірлерде көтеріліс басталды. Бір ғана Жетісу өңірінің өзінде Ұзақ Саурықұлы, Жәмеңке Мәмбетұлы, Бекболат Әшекеұлы бастаған бірнеше көтеріліс болғаны белгілі.

Патша өкіметінің отаршылдық саясат­қа қарсы шыққан қазақ батырларының бірі Бекболат Әшекеұлы еді. Оның қозғалысы архив деректерінде «Жайылмыс көтерілісі», ал ел аузында «Үшқоңыр көтерілісі» деп аталып жүр. Бекболат бұрын Жетісу жеріндегі Үшқоныр таулы аймағын жайлаған Жайылмыс болысын басқарған. Ол болыс болған кезде ел ішіндегі ұрлық-қарлық, дау-дамайларды шешіп, тәртіп пен тыныштық қалыптастырады. Бекболат болыс орыс шенеуіктерінің сойылын соғып, жағымпазданып, жығылмайды.Жұрт қамын басты орынға қояды. Сол себепті елдің ықыласына бөленеді. Бекбо­латтың әкесі Әшеке Дайырбекұлы да беделді кісі еді. Өз заманында Жаныс руы­ның биі болған. Тойшыбек, Ұзынағаш шайқастарында орыс отаршыларына қарсы күресіп, батырлығымен көзге түскен. Содан болар, баласы Бекболат та жас­тайынан өжеттігімен, әділдігімен танылады.

Қазақ даласынан майданға адам алу туралы Патша жарлығы шығып, оның соңы түрлі әділетсіздіктерге жалғасқан кезде Бекболат батыр бұған төзе алмайды. Орыс отаршыларына қарсы шығады. Бекболатты ел сыйлайтын, құрметтейтін. Сондықтан кезінде өзі басқарған Жайылмыс болысы түгелдей оның жанынан табылады. Сонымен қатар көршілес Ақши, Қарғалы, Шамалған, Үлкен Алматы т.б болыстардың қазақтары да Бекболатқа келіп қосылады. Осылайша, 73 жастағы қарт батыр Патша жарлығына қарсы көтеріліс бастайды. Ол Үшқоңырды өзінің штабы етіп жариялап, Верный қаласын (қазіргі Алматы) басып алуды көздейді. Жігіттерден бірнеше жасақ құрып, әр жасаққа әскербасы тағайындайды. Верныйдың айналасындағы қазақ пен қырғыз руларына хабар жіберіп, оларды отаршыларға қарсы күресуге шақырады.

Бұл уақытта Жетісу облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Фольбаум да қамсыз емес еді. Ол Верный іргесіндегі бүкіл әскери басқарманы қорғанысқа да­йындайды. Сонымен қатар тыңшылары арқылы қазақтардың Верныйға шабуыл жасайтынын алдын ала біліп отырады. Тіпті Бекболат батыр өткізген жиындарға құпия түрде тыңшыларын қатыстырып, көтерілістің жай-жапсарынан хабар алады. Ол Қаскелең мен Шамалғанға Верный уезінің бастығы подполковник Базилевский бастаған жазалаушы әскер жібереді. Базилевский әскері Үшқоңыр тауына бет алғанда алдынан Бекболат батырдың сарбаздары шығып, қақтығыс басталады. Соңында мұздай қаруланған жазалаушы әскердің күші басым түсіп, көтерілісшілер жеңіліске ұшырайды.

Жазалаушы әскер көтеріліске қатысқан қазақтарды аяусыз жазалайды. Тіпті алдынан кезіккендерді жөн-жосықсыз атып салады. Осы кезде халықтың бекер қырылуын қаламаған Бекболат батыр Верныйға кісі жіберіп, өзі берілетінін жеткізеді. Соңында Бекболат пен оның серіктері түгелдей қолға түсіп, оларды Верный түрмесінде тергейді. Сот Бекболат Әшекеұлын барлық құқығы мен дәулетінен айырып, өлім жазасына кесу туралы үкім шығарады. Сот үкімі Верныйдың жанындағы Боралдай төбесінде орындалып, 1916 жылғы 9 қыркүйекте Бекболат батыр дарға асылады. «Қазақ» газетінде жарияланған хабарда бұл жайында: «9 сентябрде Алматыда военный сот хүкімі бойынша қазақтарды еліртіп, басшылық қылған һәм өзін «ханмын» деп жүрген Бекболат Әшекей баласы дарға асылды» деп жазылды (№200, 8 қазан, 1916 жыл).

Артынша Бекболаттың көтерілісіне қатысқан Жайылмыс, Шамалған болыс­тарының 42 жігіті сотқа тартылады. 1916 жылы 12 желтоқсанда бәрі де айыпты деп табылып, олардың ісі Түркістан әскери-округтік сотына беріледі. 1917 жылғы 17-19 ақпан аралығында Верныйда өткен Түркістан әскери-округтік соты 42 жігіттің ішіндегі Бекболаттың жақын серігі, көтерілісті бастаушылар және олардың сыбайластары саналатын 23-іне қатысты үкім шығарады. Сот 23-тің 8-ін көтеріліске қатысқаны дәлелденбегені үшін қамаудан босатып, қалған 15-ін жоғары жаза кесуге ұйғарады. Алайда сот үкімін орындау 1917 жылғы 22 ақпанға қалдырады. Осы кезде Ресейде Ақпан төңкерісі басталып, Патша үкіметі құлайды. Елдегі саяси билікті өз қолына алған Уақытша үкімет бұрын қабылданған үкімдердің бәрінің күшін жойып, көтерілісшілерге рақымшылық жариялады. Соның арқасында 15 ­айыпталушы да қамаудан босатылып, бостандыққа шығады.

Бекболат Әшекеұлы ұлт-азаттық көте­рілісте жеңіске жете алмаса да, қазақ даласындағы отаршыл басқару жүйесінің іргесін шайқалуға үлес қосты. Оның есімі Патша өкіметіне қарсы шыққан батыр ретінде тарихта қалды. Кеңес уақытында Бекболат батырдың көтерілісі жайлы жиі насихатталды, көп жазылды. Жазушы Ғабит Мүсірепов: «...Жетісу қазақтарының патшаға қарсы 1916 жылғы қозғалысын Бекболат Әшекеев деген батыр азамат басқарыпты. Тарихқа оның қозғалысы «Үшқоныр көтерілісі» деген дүрбелеңмен кірген... Аңқаулық салдарынан опық жеп қолға түскенде, сабаз бірде-бір жолдасын ұстап бермепті, дарға асыларда да өрепкіген қалпынан  айнымай кетіпті. Нағыз хас батыр!» деп жазса, жыр алыбы Жамбыл Жабаев «Зілді бұйрық» өлеңінде: «Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып, Көксеген азаттықтың соғысында», – деп Бекболат бастаған батырлардың ерлігін жырға қосты. Сондай-ақ ақын Иса Дәукебаев (халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың бүркеншік есімі деген пікірлер бар) батырға арнап «Бекболат» поэмасын жазды. Әдебиеттанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаев: «Иса Дәукебаевтың «Бекболат» дастаны – 1916 жылғы көтеріліс туралы жырлардың, дастандардың ішіндегі ең маңыздысы және идеялық мазмұны жағынан ең құндысы», – деп баға берген болатын. Тіпті бір кездері «Бекболат» поэмасы бірнеше рет мектеп бағдарламасына да енді. Соның арқасында Бекболат бастаған көтеріліс елге кеңінен танымал болды.

Байқаймыз, кейінгі жылдары қазақ даласын дүр сілкіндірген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер мен сол қозға­лыстардың көшбасшылары туралы көп айтылмайтын болды. Әрине, уақыт өзгереді, қоғам жаңарады, идеологиялық ұстанымдар да түрленеді. Дегенмен қандай кезең болмасын, елдің азаттығы үшін күресіп, басын бәйгеге тіккен батырлардың ерлігі ешқашан тарихи құндылығын жоғалтпайды. Өйткені тарих – өткеннің ғана шежіресі емес, ұлттың жады мен рухын сақтайтын аманат. Сол себепті азаттық жолында құрбан болған бабалардың күрескерлік рухын кейінгі ұрпаққа кеңінен таныта беруіміз керек. Себебі халықтың рухын көтеретін – осындай ұлт батырларының ерлігі.

Бөлісу: