Жансарай
5 мин оқу 130

Еңбекпен өрілген өмір

<p style="text-align: left;">Қос палаталы Парламент тарих қойнауына кетіп бара жатқан кезең осы заң шығару органының ақпараттық қызметіне саналы ғұмырын арнаған әріптесіміздің жеке өміріндегі өзгеріспен тұспа-тұс келіп отыр. Сенат Аппаратында отыз жылдан астам еңбек еткен мемлекеттік қызмет ардагері, Баспасөз қызметінің бас консультанты Серік Қаражан зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шықты.</p>

Еңбекпен өрілген өмір

Парламенттің қызметі, де­путат­тардың жанкешті жұмысы, заң жо­баларының қаралуы мен тал­қылануы, жан-жақты сараланудан кейін заңдар мен кодекстердің қабылдануы – бәрі де оның көз алдынан өтті. Сенат құрылғаннан бергі уақытта Баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еліміздің жоғары өкілді заң шығару органы мен қоғам арасына байланыс орнатты. Мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына, қоғам­дық және экономикалық қаты­настарды реттеуге, өзге де сала­лар­дағы көптеген заң­ның маңы­зы туралы жедел ақпаратпен жұрт­шылықты хабардар етіп отырды.

– Менің Сенатқа келуімнің өзі қызық, – дейді ол бізбен әңгімесінде. – 1982–1984 жылдарда Ленинград, қазіргі Санкт-Петербор қаласында әскери борышымды өтедім. Саяси және жауынгерлік жаттығулардан үздік шықсаң, қалаға қыдыруға уақыт беріледі. Сондай үздік шыққан бір күні қаланы аралап, бірқатар тарихи жерді көруге мүмкіндік алғаным бар. Бірінші Петр ескерткіші тұрған алаңға барғанда жолшыбай кездескен бір апайдан бұл жердің қалай аталатынын сұрадым. Ол бұның Декабристер алаңы екенін, алайда бұрын Сенат алаңы деп аталғанын айтты. «Сенат алаңы болғанымен, біз өзіміз Сенаттың қайда екенін білмейміз», деді ол.

Кейіпкеріміз әскери борышын аман-есен атқарып, бір жылдан соң елге оралғанда Қызылқоға аудандық «Ком­мунизм туы» газетінде журналист болып еңбек жолын бастады. Редактор, ақын Жолдығали Бақытов ағасының қарамағында журналистік өмірге шыңдалды, редакцияның ыстық-суығынан өтіп, қаламы төселді. Келесі жылы әсем Алматыдағы С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің журналистика факуль­тетіне оқуға түсіп, студент атанды.

Одан кейін­гі журналистік еңбек жолында «Ал­маты ақшамы» қалалық газетін­де тілші, республика Жоғарғы Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінде парламент шолушысы, Парламент бөлімінің меңгерушісі болып, қажырлы қызмет етеді.

– «Халық кеңесі» газеті сабырлы, салиқалы саясат ұстанды. Бас редактор Сарбас Ақтаев ағамыз газетке тәуелсіздік тұсындағы отаншылдықтың өршіл рухына дәлме-дәл келетін материалдарды таңдап жариялауға басымдық берді. Бұрын айтылмай келген батырлар мен ұлт-азаттық күрестің ардагерлері, Халық қаһармандары оқырманмен қауышты, халықпен қайта табысты. Газет тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтіруге атсалысты, туған халқымыздың тарих қойнауында ұмыт қалып кеткен тау тұлғаларының атын айғақтады, – дейді кейіпкеріміз.

Жоғарғы Кеңес  сессиялары мен тұрақты комиссиялардың отырыстары, депутаттардың орынды ұсыныстары мен оқшау ойлары да газет бетінде жарық көріп жатты. Республиканың түкпір-түкпірінен, шалғай аудандардағы тұрғындардан хаттар келеді. Астана­дағы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің мақалалары бір төбе.

Дегенмен, қаржы тапшылығына байланысты газетке жабылу қаупі туды. Сондай көңілсіз күндердің бірінде Жоғарғы Кеңестің Баспасөз қызметінің жетекшісі, журналист, ақын Ербол Шаймерденов шақырып: «Серік, Жоғарғы Кеңестің Баспасөз қызметіне жұ­мыс­қа кел. Газеттің жағдайы бел­гілі. Мына жерде саған өсуге жол ашы­лады», дейді. Осылайша 1996 жылдың қаңтарында құжаттарын жинақтап, Жоғарғы Кеңестің ғимаратына жүрексіне кіргені әлі есінде. Мықтылар жүрген қызыл кілем – «кремлевка» төселген паркет дәлізбен жүріп өтеді. Ал, 23 қаңтарда Баспасөз қызметіне консультант болып қызметке алынады.

30 қаңтарда Парламент палата­ларының бірлескен отырысы, сосын Сенаттың жалпы отырысы болады. Еліміздің жоғары заң шығару органы – қос палаталы тұңғыш кәсіби Парламентінің тарихы осыдан басталады. Сол кездегі Конституция бо­йынша  Мәжілісте мақұлданған заңдар­ды Сенат қабылдап, Президентке қол қоюға жіберіледі. Сенаттың ерек­шелігі осы еді. Мәжілісте мақұл­дан­ған заңдарды қабылдамай, кері қай­таруға хақы бар. Екі палата­ның заң туралы және өзге­ріс­тер мен түзетулер туралы ұста­ным­­дары үйлесім таппай жатса, келісу комиссиясы құрылып, заң және оның әрбір бабы бойынша жұмыс істейді. Заң Президент қол қойғаннан кейін күшіне ене­ді. Баспасөз қызметі осы ерек­шеліктерді жұртшылыққа жет­кізіп, заңдар туралы, олардың маңы­зы мен мәні туралы хабардар етеді.

Сенаттың алғашқы төрағасы Өмірбек Байгелді мақаласында «Сенат – сапалы заңдар сүзгісі болады», деген болатын. Сенат депутаттары мен оның басшылығы мемлекетіміздің құқықтық іргетасын нығайту мен заң негізін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етті. С.Қаражан тұғырлы тұлға­лармен бір шаңырақ астында еңбек етіп, ел үшін маңызды шешімдер қабылданған сәттердің куәсі болғанын мақтан тұтады. Сенат Аппаратында еңбек еткен жылдары мемлекеттік тіл­дің елі­міздің ең жоғарғы заң шы­ғару органында бірте-бірте кеңі­нен қолданылуға көшкені де оның көз алдында. Палата оты­рыс­­тарының мемлекеттік тілде жүр­гізіле бастағаны, заң жобалары талқыланған кезде қазақ тілін­де айтылған ұсыныстардың заң­ға енгізілгені, бұқаралық ақпарат құ­ралдарына арналған ақпарат­тардың бұрынғыдай алдымен орысша емес, тікелей мемлекеттік тілде әзірленіп, жіберілген күндерді көргеніне қуанады. Бұл іске өзі де бір кісідей үлес қосты.

«Биыл 15 наурызда қабылданған жаңа Конституция бәрімізге жаңа міндет жүктейді, дейді Серік аға. – Біз дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатырмыз. Бүгінгі заманның даму қарқыны өте жылдам. Ыбырай атамыз айтпақшы, «Айшылық алыс жер­лерден, жылдам хабар алғызған» заман осы. Жаңа Ата заңымыз әлемдегі ең үздік тәжірибе мен талапқа сай болуды көздейді, әр азаматқа сенім артады, биік меже белгілейді. Өйткені заман басқа, адам басқа, демек заң да соған сәйкес жаңа болуы керек».

Өткен ғасырларда қазақ халқының тарихында сауын айтып, Құрылтай шақырып, игі жақсылар бас қосқан кездері болды. Ел тағдырына қатысты аса маңызды мәселелер талқыланып, ұйғарым жасалған, бітімге келген. Бүгінгі Құрылтай – сол бабалар жолына оралу, тарихи жадымызды жаңғыртып, сабақтастықты жалғау. Тарихи санасы оянғанда, ес біліп, етек-жеңін жинаған кезде адамзат баласы өзінің шынайы болмысын қайта табатыны сөзсіз.

«Бір мәселе анық. Ешкімнен ештеңе күтпеуіміз керек. Әлемнің алпауыт елдері секілді өзіміз бар­лық саланы қолға алуымыз­ қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономика­ны әр­тараптандыру мен елі­міз­ді жан-жақты дамыту саясатын жалғастыра беруге тиіспіз.», дейді ол.

Өзінің келелі ойларымен бөліскен Серік аға жастарды ізгілікке, еліміздің келешегі, Отанымыздың болашағы жолында аянбай еңбек етуге шақырды. «Адам жақсылыққа ұмтылуға тиіс және армандауды тоқтатпауы керек», деді ол әңгіме соңында.

Бөлісу:
Еңбекпен өрілген өмір · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар