Президент атынан марапаттады
<p style="text-align: left;">Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Алматы қаласында медиа саласы өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Президенттің атынан мемлекеттік наградаларды Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.</p>

Үкімет басшысының орынбасары сала өкілдерін құттықтап, 25 маусым күні Ақордада өткен марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, оларға ризашылығын білдіргенін атап өтті.
«Баршаңызға белгілі, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналис-терге мемлекеттік наградалар, БАҚ саласындағы сыйлықтар мен гранттар табыстады. Президент өз сөзінде ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, ел дамуы жолындағы маңызды қызметтері үшін ризашылығын білдірді. Ал бүгін біз Алматыда ел игілігі жолында табанды еңбек етіп жүрген ақпарат саласының майталмандарына құрмет көрсетіп отырмыз», деді Премьер-министрдің орынбасары.
Аида Балаева мемлекет сала қызметкерлеріне жүйелі түрде қолдау көрсетіп, олардың кәсіби дамуына және әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға қажетті жағдай жасап келе жатқанын айтты.
Президенттің қолдауымен кейінгі үш жылда Астана қаласында 200 журналист баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл бұл бастама еліміздің барлық өңірін қамтып, ақпарат саласының 66 қызметкеріне пәтер беріледі.
Сонымен қатар журналистиканың сапасын арттыруға және шығармашылық ізденісті ынталандыруға бағытталған «Үркер» ұлттық сыйлығы мен «Тұмар» телевизиялық сыйлығының да маңызы ерекше.
«Тұрғын үй бағдарламалары, мемлекеттік сыйлықтар мен гранттар, кәсіби байқаулар және басқа да қолдау шараларының барлығы масс-медиа қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін нығайтып, еліміздің ақпараттық кеңістігінің сапалы дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталып отыр. Мемлекет ақпарат саласын стратегиялық маңызы бар бағыт ретінде қарастырады. Сондықтан журналистерді қолдауға арналған мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», деді А.Балаева.
Салтанатты іс-шара барысында отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін медиа саласының қызметкерлеріне «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, сондай-ақ Президенттің Алғысы табысталды.