Инвестиция
3 мин оқу 30

Инвестиция терең өңдеуге бағытталды

<p style="text-align: left;">Үрімші қаласындағы &laquo;QazTrade&raquo; сауда саясатын дамыту орталығы өкілдігінде өткен кездесу Қазақстан экономикасына жаңа өндірістер тартуға арналған нақты бастамамен ерекшеленді. Тараптар көмір химиясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, ветеринария мен заманауи агротехнологияны енгізу бағытындағы бірлескен жобаларды талқылады.</p>

Инвестиция терең өңдеуге бағытталды

Келіс­сөздердің басты тақыры­бы­ның бірі – Қытайдың ірі өнеркәсіптік холдингі «China Pingmei Shenma Holding Group Co., Ltd.» компаниясының Қазақстанда құны 1,5 млрд АҚШ долларына дейін жететін заманауи көмір-химия кешенін салу жоспары болды. Жоба көмірді терең өңдеудің толық циклін қалыптастырып, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға негізделген. Компания басшылығы елімізді Орталық Азиядағы негізгі инвестициялық алаңдардың бірі ретінде қарастыратынын жеткізді.

Серік Жұманғарин бұл бас­тама елдің индустриялық саяса­тына толық сәйкес келетінін айтып, Үкімет жобаны жан-жақты қолдауға дайын екенін біл­дірді. «Біз көмір химиясы бағы­тындағы бас­та­маларды қолдаймыз. Жобаны сүйемелдеуге, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі мен Қазақ­стан­ның даму банкі арқылы қар­жылан­дыру тетіктерін қарастыруға әзірміз. Абай облысы да мұндай өндірісті орналастыруға дайын», деді вице-премьер.

Кездесу қорытындысында «China Pingmei Shenma Holding Group» пен «QazTrade» арасында көмір ресурстарын тиімді игеру мен көмір химиясын дамытуға арналған стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іскерлік кездесулердің тағы бір бағыты агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне арналды. Қытайдың «Xinjiang Zhongxinjian Animal Husbandry Co. Ltd.»  корпорациясымен ветеринария, мал шаруашылығы, өсімдік өсіру, биотехнология мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды.

Тараптар ветеринарлық препарат өндіру технологияларын енгізу, жоғары өнімді мал шаруашылығын дамыту, заманауи суару жүйелерін пайдалану әрі жоғары ақуызды жүгері өсіру бағытындағы ынтымақ­тастыққа басым­дық берді. Қытайлық ком­пания «Қорғас» арнайы эконо­микалық аймағында мал азығына арналған жүгері өсіріп, жылына 1 млн тонна жүгеріні терең өңдейтін индустриялық парк салу жобасын ұсынды. Компания өкілдері бұл бастамаға дайындық барысында «Азық-түлік корпорациясымен» жүргізілген жұмыс Қазақстан нарығының әлеуетін жан-жақты баға­лауға мүмкіндік бергенін жет­кізді.

Серік Жұманғарин өз кезегінде Абай облысын агроөнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларының негізгі өндірістік алаңы ретінде қарас­ты­ру­д­ы ұсынды. Вице-премьер жуыр­да Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы Қазақстанға қатысты соңғы ветеринарлық шектеуді алып тастағанын еске салып, бұл отандық ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға жаңа мүмкіндік ашқанын айтты.

Осыған байланысты Қазақстан тарапы Қытай стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін маман­дан­дырылған зертхана құруды, экспорттық талаптарды жетілдіру­ді әрі шекара маңындағы логисти­калық инфрақұрылымды дамы­туға негізделген кешенді ынты­мақ­тастық моделін ұсынды. «Біздің мақсат – тірі мал емес, жоғары қосылған құны бар дайын өнім экспортын ұлғайту. Сапаны халықаралық талапқа сай бақылау жүйесі мен заманауи логистиканы дамыту Қытай нарығына қайта өңделген өнім жеткізу көлемін едәуір арттырады», деді Серік Жұманғарин.

Келіссөздер соңында тараптар барлық инвестициялық бастаманы егжей-тегжей пысықтап, әр жобаға арналған жол карталарын әзірлеуге, сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың өзара сапарларын ұйымдастыруға уағдаласты.

Сарапшылардың пайымынша, Үрімшіде өткен бұл келіссөздер Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестіктің жаңа кезеңін айқындайды. Әңгіме енді тек шикізат саудасы төңірегінде емес, терең өңдеу өндірістерін іске қосу, жаңа технологияларды енгізу, экспорттық әлеуетті күшейту мен өңірлік өнеркәсіптік кооперацияны дамыту туралы болып отыр. Бұл бағыттағы жобалар ел экономикасының құрылымын әртараптандыруға әрі ұзақмерзімді инвестиция тартуға негіз болмақшы.

Бөлісу: