Білім
7 мин оқу 100

Қазақ тілін қалай оқытып жүрміз?

<p style="text-align: left;">Қазір оқушылар жазғы демалыста. Бірақ мұғалімдер мен педагогика саласының ға&shy;лым&shy;дарына жаңа оқу жылындағы өзгерістер маза бермесі анық. Соның бірі &ndash; <br />күн тәртібінен түспей келе жатқан оқулықтардағы олқылықтар мәселесі. Өт&shy;кенде Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева мектеп оқулықтарын тал&shy;дау нәтижесінде 700-ден аса ескерту мен қате анықталғандығын айтып өткен еді. Өткір тұрған түйт&shy;кілдің айналасында оқулықтардың мазмұнына қатысты да сын көп. Қоғам&shy;да қызу талқыланғаны &ndash; қазақ тілінің оқытылуы, оқулықтың мазмұны, әдіс&shy;темесі.</p>

Қазақ тілін қалай оқытып жүрміз?

Оқыту мәселесінің олқылығы

Бұл тақырып неге өзекті? Бұған жауапты өмір­дің өзінен іздеп көрелік. Өткенде жұ­мыс барысымен әлдебір балабақшаға кіріп, кіре­берістегі қызметкерге аман-саулықтан соң, үйреншікті әдетпен қазақша сұрақ қойсақ, түк түсінбеген күйі аянышты кейіппен жымиды. Сөйтті де сұқ саусағын көтерер-көтермес көрсете қалып, ішке жүгіріп кетті. Бір тәрбиешіні сүйреп келіпті. Ол алдындағы балаларды тастап, қазақша түсінбейтін қызметкерге аудармашы қызметін атқаруға келіп тұр. «Сәлеметсіз бе? Маған айта беріңіз. Бұл кісі қазақша онша түсінбейтін еді», деп қояды тағы. Балаларды қараусыз қалдырмауын айтып, ресепшн қызметкерімен өзі түсі­не­тін тілде әрі қарай сөйлесіп кет­тік. Осында туған, өскен, мектеп бітірген, уни­верситет тауысқан. Бірақ сонша жылда мем­лекеттік тілді толық мең­ге­ре алмаған. Шын мәнінде, көбіне таныс жағдай. Ширек ғасыр тұрған өз Отаны­ның тілін білмеу – өкінішті-ақ.

Осыған қоса өзге тілді отандастарымыз ғана емес, айналамыздағы қазақтілді адам­дардың әлеуметтік желілерге, түрлі па­рақ­шаларға, sms хаттарға жазған мәтін­де­­рінде өріп жүрген қателерді көреміз. Бұған қарап бұл дүниенің екінші қыры барын байқаймыз. Күрделірек жайт. 11 жыл мек­тепте, одан тағы кемі 2 жыл жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылады. 13 жыл бойы оқы­тылған тілді тым болмаса ауыз­екі тілде сөйлесе алатындай деңгейде үйрене ал­мау деген оқыту мәселесінің олқы­лы­ғын көрсетеді. 

Ғылыми жүйе жоқ

Өткен жылдың соңында бір топ депутат Үкімет басшысы Олжас Бектеновке дәл осы қа­зақ тілін оқыту мәселесіне байланысты сауал жолдаған еді. Депутаттар Р.Рүстемов, Н.Байқадамов, А.Нухұлы, А.Есбай, Қ.Тасте­­кеев бірлесе әзірлеген сол сауалда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Қазақ мек­тебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды», деген сөзі әлі де өзекті екені, қазір қолданылып жүрген бағ­дар­ламада баланың ойлау, сөйлеу қабі­лет­­терін дамыту дұрыс ескерілмегені көте­рілген.

Сондай-ақ депутаттар сауалында: «Грам­матикалық заңдылықтарды терең­дете оқытпайды, баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ. Қазақ тілі оқу­лықтарында да белгілі ғылыми жүйе жоқ. Мысалы, 5-сыныптың оқушысы өзінің жас ерекшелігіне қарай тіл мәде­ниетін, әдеби тіл нормасын сақтап, ауызша сөйлей алуы, ойын қағазға жаза білуі керек. Демек, мектепте тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» секілді салалары оқушылардың жас ерек­ше­лігі мен олар­дың жеке тұлға ретінде қа­лыптасу пси­хо­логия­сын ескере отырып, жеңіл­ден күр­деліге қарай, жүйесін бұзбай оқытылуы керек», делінген.

Мәжілісмендер мәлімдегендей, қазақ мектебінде қазақ тілін оқытуға қажетті сағат саны жеткілікті екеніне қарамастан, оқу­шыға лингвистикалық білімді жас ерек­­шелігімен спиралдық әдіс арқылы оқы­ту жүзеге аспай тұр. Осының салдарынан оқушы­да коммуникативтік дағды дұ­рыс қалыптаспайды, грамматикалық білім толық берілмейді. Бұлай оқытудағы кем­шілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды. Қазақ тілі мен әдебиетін ең көп оқытатын орта – мектеп. Алайда оның білім стандарты қа­жетті деңгейде жасалмай, соның негі­зін­де бағдарламасы да кемшін әзірленген. Қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған бағ­дарламаның кемшілігін жөндеп, қазақ тілі пәнін оқытудың мақсат-міндетін қайта өзек­тендіру аса маңызды. Сондай-ақ қазақ тілі пәнін орта мектепте оқыту мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесіне кіретінін, оның мемлекеттік тіл саясатын іске асыру­дың басты негізі екенін қаперде ұстау қажет. 

Мемлекеттік тіл және Тұжырымдама

Жоғарыдағы депутаттардың сауалына Үкімет басшысы О.Бектеновтің атынан берілген жауапта үлгілік оқу бағ­­дар­­­ламалары сауаттылықты, сыни ойлау­ды, шығармашылық, зерттеу дағ­­дыларын дамытуға бағытталғаны, оқу­­шы­лардың жас ерекшеліктеріне сай ұсы­нылған тақырыптар «Ғарышты иге­ру», «Экотуризм», «Қызыл кітап», «Энер­­гия ре­сурс­­тары», «Театр», «Заң» секіл­ді та­қы­рып­тар олардың сөздік қорын байытып, ойды еркін жеткізуіне, бола­шақ ма­ман­дықты дұрыс таңдауына көмек­те­се­тіні жазылған.

«Грамматика 5 норманы қамтиды – орфографиялық, орфоэпиялық, лек­сикалық, грамматикалық, пунк­туациялық. Бағдарлама қазақ тілін мең­ге­руде шиыр­шық қағидатын, коммуни­ка­тивтік ба­ғыт­тылықты, жас ерекшелігіне сай тіл­дік білімді, функционалдық сауат­ты­лықты, пәнаралық сабақтастықты қам­та­масыз етеді. Оқулықтардың құры­лы­мы да оқушылардың жас ерекшелігі мен тілдік деңгейін ескеріп, тіл туралы білімді қарапайымнан күрделіге қарай сатылы ұсынуға негізделіп, тілді жүйе­лі түрде меңгертуді көздейді. Кейінгі жыл­дары елімізде қазақ тілін оқыту тәжіри­бесі жаңарып, әдістемелік тұрғыда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Ең алдымен, қазақ тілін деңгейлеп оқыту тәжірибесі (A1, A2, B1, B2, C1) қолданысқа енді. Бұл жүйе оқушылардың тілдік қабі­ле­ті­не қарай білім беруге мүмкіндік береді», делінген жауап хатта.

Үкімет басшысы жауап бергендей, орта білім мазмұнын жетілдіру мақ­са­тында Оқу-ағарту министрлігімен стан­дарт­қа, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдар­ламаларына қазақ тілін оқытуды күшей­туге бағытталған талаптар мен норма­лар енгізілді. Олардың ішінде «Тіл және әде­биет» білім саласының мазмұны, оқудан күті­летін нәтижелері, тілге ерте жастан бой­лау, өзге тілде оқытатын сыныптарда кез келген оқу пәндерін қазақ тілінде оқыту қарас­тырылды.

«Сонымен қатар білім стандарт­та­рында, бағдарламалар мен Қазақс­тан Республикасында тіл саясатын дамы­тудың 2023–2029 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасында (бұдан әрі – Тұжы­рымдама) қазақ тілін үйретудің ғылы­ми және практикалық қағидаттары қам­тыл­ған. Тұжырымдамада барлық білім ұйы­­­мында қазақ тілін үйретудің ортақ, ғылыми-әдістемелік жүйесін қа­лып­тастыру, оны цифрландыру, контент үлесін арттыру, тілдік жоспарлау, барлық салада қолданылуын қамтамасыз ету, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға оқыту әдіс­терін жетілдіру, мамандар даярлау, т.б. қарастырылған. Сондай-ақ тұжы­рым­да­маны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспа­рында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, оның мәртебесін одан әрі арттыруға бағытталған 70 іс-шара бар. Тілдің қоғамдық қатынастардың бар­лық саласында қолданылуына байланысты іс-шаралар орталық мемлекеттік және жергі­лікті атқарушы органдармен, сондай-ақ ұлттық компаниялармен бір­ле­сіп іске асыры­лып жатыр. Жалпы, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту білім стандарттары, бағдарламалар мен Тұжырым­да­маның аясында жүргізіледі» делінген. 

Бағдарламаның сапасы қандай?

Депутат­тардың «Қазақ тілі оқулық­та­рын­­да да белгілі ғылыми жүйе жоқ» деп сына­ғанын жоғарыда жаздық. Осыған орай біз ғалымның пікірін тыңдап көрдік. Дәл осы тақырыпқа тереңдеп жүрген педа­­гогика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Шынар Қапантайқызы: «2017 жылдан бері қазақ тілі сабақ­тарында көліктер, ағаштар, ғарыш, су, қор­шаған орта, энергия, т.б. тура­лы ақпарат­тық мәтіндер мазмұны ғана оқытылып келеді», дейді.

Ғалымның ойынша, сауатсыздықтың ең басты себебінің бірі – қолданыстағы Жаңар­тыл­ған бағдарламада оқу мақ­­­сат­­тарының қате берілуі. Мектеп мұға­лімдерінің «оқушы қате сөйлеп тұрса да, жазған эссе­сін­де қате тұнып тұрса да назар аудармаймыз, айтатын ойы болса жеткілікті» деген нұсқау бойынша жұмыс істеп келе жатқаны осының салдары болып отыр. Оқушы 11 жыл уақытын, энергиясын жұмсағандықтан, өміріне пайдалы білім алуға тиіс. Ата-ана мен оқушының қазақ тілін оқудан күтетін нәтижесі – тіл байлығын арттыру, сөз өнерін меңгеру, тілді сауатты қолданудың нәтижесінде өз өмірін жақсарту мүмкіндігіне қол жеткізу. Ондай мүмкіндікке оқушы мәтін тілінде кездесетін әрбір тілдік бірліктің мағынасы мен құрылымын қызығушылықпен зерттеп, танып, біртіндеп өз сөздік қорына енгізіп отыру арқылы қол жеткізе алады.

«Қазақ тілі пәнінің білім мазмұнын тіл жүйесі бойынша құру қажеттігін ға­лым­дар да, мұғалімдер де дабыл қағып айтып жатыр. Математикада формулалар, тарих сабағында оқиғалар мен да­талар оқылатыны сияқты қазақ тілі саба­ғында тіл заңдылықтары оқытылуы қажет. Бірақ олар ережені түсінбей, жаттау түрінде емес, әрбір тілдік бірлікті ұлт дүниетанымының рухани коды ретінде танытып, оқушының тілдік санасына әсер ету жолымен оқыты­луы керек. Оқушының тілдік санасы­ның оянуы сөз өнері шеберлерінің үздік үлгі­лерін көрсететін, қазақ тілінің әсем­дігін сезіндіруге қызмет ететін мәтін­дер­дің тілін тану арқылы жүзеге асады. Біз бірнеше ғалым мен әдіскер-мұғалім А.Байтұрсынұлы ұстанымдарына сүйеніп, тіл жүйесі туралы білімді толық қамтитын бағдарлама ұсындық. Ол бағдарламамыз екі рет сараптамадан өтіп, оң қорытынды алды, бірнеше мектепте апробациядан өтті, қоғамдық талқылауда да жоға­ры баға­ға ие болды. Алайда қазір сол бағ­дар­ламамыз тоқтатылып, оның орнына са­рап­тауда жарамсыз деп танылған бұрынғы Жаңар­­­тылған бағдарламаның сәл өзгер­тіл­ген нұсқасы қайта ұсынылып отыр», дейді профессор Ш.Қапантайқызы. 

Оқу тәжірибесін күшейту қажет

Шын мәнінде, қандай реформа болсын, оның бағын ашатын – маман. Сол себепті Астана қаласындағы Абай атындағы №87 мектеп-гим­назиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Данияр Ихсанның пікіріне құлақ түрдік. Оның ойынша, мәселе мұғалімдердің кәсіби деңгейінде емес, көбіне пәнді оқы­ту­дың жалпы бағдар­ламалық-әдіс­те­мелік жүйесіне байла­нысты болса керек. Кейінгі жылда­ры коммуникативтік дағдыларды да­мы­туға басымдық беріліп, кей жағдай­да грам­ма­­тикалық білімнің жүйелі берілуі мен тілдік нормаларды терең меңгерту (төр­тін­ші оқу мақсаты) екінші қатарға ысырылып қалады.

«Мен – әрине, сарапшы емес, мұға­лім­мін. Оқу мақсаттары мен бағалау жүйе­сіне, оқулықтардың сапасына қатысты мәсе­ле­лерді жиі байқаймыз. Дегенмен, қазіргі білім жүйесінде мұғалімнің шығар­­­­ма­шылық еркіндігі де маңызды рөл атқаратынын ұмытпаған жөн. Сондық­­тан «Қазақ тілін» оқытудың тиімділігін арттыруға оқу бағдарламасын жетілдірумен қатар, мұғалімдердің озық тәжірибесін кеңі­нен таратып, оқу тәжіри­бесін күшейту қажет. Меніңше, ұзақ жыл қазақ тілін оқыса да, еркін мең­гере алмау­дың басты себебі басқа мәселеде сияқты. Сон­дықтан мәселені тек білім бағдар­ламасынан немесе оқыту әдісте­ме­сінен көру дұрыс емес. Әрине, оқу бағ­дарламасы мен әдістеменің де ықпа­лы бар», дейді мұғалім.

Д.Ихсанның ойынша, сауатсыз жазу, қарапайым орфографиялық ережелерді білмеу – бөлек мәселе. Бұл көбіне кітап оқу мәдениетінің төмендігі, әлеуметтік желідегі бейресми жазу дағдысының басым болуы, жазу тәжірибесінің жоқтығына тікелей байланысты. 

Бөлісу: