Мұрақ тұнған ұлттық мұра
<p style="text-align: left;">Алматыдағы Ұлттық орта­лық музейде «Дәуірлер үні: қазақ бас киімдері» деп аталған айрықша көр­ме ашылды. Музей қоры­нан жа­сақталған қырық­тан астам экспо­нат­тың қата­рында көп­шілік назары­на сирек ұсы­нылатын күләпара, дал­бағай, аққалпақ секілді құнды мұралар бар.</p>

Көрме қонақтары ұлттық киім мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын сәукеле, кимешек, тақия, бөрік, тымақ, қалпақ секілді сан алуан бас киімдердің шығу тарихымен, қолданылу ерекшелігімен танысты. Тағылым ордасының бас ғылыми қызметкері Ғалия Теміртон бас киім ұлттың жадын, халықтың болмысын, әлеуметтік құрылымы мен дүниетанымын бойына жинаған мәдени код екенін айтады.
«Көрменің негізгі мұраты – қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ерекше орын алған дәстүрлі бас киімдердің мәдени және тарихи маңызын айшықтау. Қазақ дүниетанымында бас киімнің орны ерекше. «Басыңдағы бағың кетпесін» деп ырымдаған халқымыз бас киімді қасиетті санаған. Оны жерге тастамаған, аяқасты етпеген, біреуге жөнсіз бермеген. Себебі бас киім адамның қадір-қасиеті мен абыройының белгісі деп қабылданған», дейді ғалым.
Көрме экспозициясында бірқатар жәдігердің тарихы баяндалды. Олардың қатарында XIX ғасырдың басына жататын, сұлтан Баймұхамед Айшуақовқа тиесілі аса құнды мұрақ бар. Қызғылт күлгін және жасыл барқытпен тысталған, төрт сайдан құралған бұл конус пішінді, биік шошақ төбелі бас киім зертаспамен көмкеріліп, зер жіппен көгеріс өрнегі арқылы кестеленген. Мұндай мұрақ қазақ қоғамындағы әлеуметтік мәртебені білдіретін әрі салтанатты рәсімдерде киілген ерекше бас киімдердің бірі дейді мамандар.
Сол секілді Батыс Қазақстан өңіріне тиесілі XIX–XX ғасырлар тоғысындағы сәукеле де көрермен назарын аударды. Қызыл барқытпен тысталған бұл сәукеле ақық, маржан, оқа, үкі, құндыз терісімен әсем безендірілген. Жәдігер 1924 жылы сол кездегі Орал губерниясы Ілек уезі Қарашығанақ аймағынан музей қорына қабылданған. Сондай-ақ көрмеге XX ғасырдың ортасына тән шошақ төбелі далбай тымақ қойылды. Сұр шибарқытпен тысталған, қой терісімен көмкерілген бұл бас киім ұл балаларға арналған қысқы тымақтың өңірлік ерекшелігін танытады. Жәдігер 1987 жылы Ұлттық орталық музейінің этнографиялық экспедициясы барысында Түрікменстанның Красноводск облысы Қошоба ауылынан қор жинағына
қабылданған.

Ұлттық бас киімдердің әрқайсысы белгілі бір жас ерекшелігін, әлеуметтік мәртебені, тіпті адамның шыққан ортасын білдірген. Ертеде қазіргі құжаттың қызметін атқарған бас киімге қарап-ақ адамның қай өңірден екенін, қоғамдағы орнын, жас мөлшерін немесе отбасылық жағдайын анықтайтын болған.
– Жалпы, адам баласының киім үлгілерінің ішіндегі ең киелісі де, ардақтысы да – бас киім. Ерте кезеңдерде ол тек қорғаныш қызметін атқарып қана қоймай, адамның қоғамдағы орнын айқындайтын белгі болған. Бүгінде өзімізді құжат арқылы танытсақ, бұрын бас киім арқылы адамның шыққан тегі, әлеуметтік дәрежесі мен тұрғылықты ортасы белгілі болған, – дейді бас киім шебері Тілек Сұлтан.
Оның айтуынша, отырықшы халықтарда бас киім үлгілері көбіне өңірлік ерекшеліктерге байланысты қалыптасса, көшпелі қазақ қоғамында ру-тайпалық сипат басым болған. Мәселен, ер адамдардың тымағына немесе әйелдердің кимешегіне қарап, оның қай рудан немесе қай ортадан шыққанын ажыратуға мүмкіндік туған.
Көрме қазақ шеберлерінің нәзік талғамы мен қолөнердегі жоғары мәдениетін де айқын көрсетеді. Кесте, зергерлік әшекей, аң терісі, бағалы маталар арқылы жасалған бұйымдар ұлттық өнердің байлығын паш етеді. Әсіресе сәукеленің салтанаты мен кимешектің мағыналық мазмұны қазақ әйелінің қоғамдағы орнын, отбасы мен ұрпақ сабақтастығын бейнелейді.
Экспозицияда халық тұрмысында кеңінен қолданылған өзге де бұйымдар таныстырылып, олардың дәстүрлі ортадағы қызметі жан-жақты түсіндірілді. Көрме шілде айының соңына дейін жалғасады.
АЛМАТЫ